Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны қайта көбейіп, еселеніп жатыр. Жаз ортасында індетті ауыздықтай алмауға дәрі тапшылығының себеп болғанын жақсы білеміз. Талай сын айтылды, ақыры бар мінді «СҚ-Фармация» мойнына іліп, енді мұндай тапшылық болмайтынына өзімізді сендіргендей едік. Бірақ дерттің екінші толқыны «әне-міне келеді» деп жүргенде дәрі-дәрмек таппай қайта сенделер түріміз бар.
Тағы да дәрі тапшы
Осы жолы да «СҚ-Фармация» қоймасының бос қалған сөресі көп секілді. 26 қазанда «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, «Фармацевтика қызметін қолдау және дамыту қауымдастығы» филиалының мамандарымен бірлесіп, «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларын тексерген. Бар мәселе тексеріс қорытындысынан туындап отыр. Мониторинг тобы қоймада дәрі-дәрмектің 32 түрі барын анықтаған. Бірақ коронавирусқа қарсы күресетін 12 препарат қоймада жоқ болып шықты. Одан бөлек, тағы 5 түрлі дәрінің жеткізілу шарты болмаған. Осыған дейін індеттің екінші толқыны болатыны жайлы талай айтылды. Алайда «СҚ-Фармация» неге әзір болмай шықты? Бұл сауалдың жауабын білмекке мекеменің баспасөз хатшысы Айгерім Жүсіпбекқызына хабарласқан едік. Ол қазіргі уақытта дәрілердің шұғыл жеткізіліп жатқанын айтты.– 12 тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы күресетін 44 түрлі дәрінің тізімі бар хаттамасы шықты. Қазір 8,2 миллиард теңге тұратын дәрінің 44 түрін сатып алу процесі жүріп жатыр. Бұл бір айда 60 мың науқасты емдеуге көмектеседі. Қазір дәрінің 38 түрі жеткізілді. 20 қарашаға дейін түгел жеткізіп үлгереміз. Сосын бұл қор 2 айға жетеді. Қоймалардағы дәрі-дәрмек мөлшері үнемі бақылауда, қажеттілікке қарай таусылып бара жатқан препаттарды толықтырып отырамыз, – дейді ол.Сонымен, қарашаның соңына дейін дәрі жетіспеушілігі толығымен жойылмақшы екен. «СҚ-Фармация» мәліметіне көз жүгіртсек, жалпы дәрі-дәрмек қорының 35 пайызы – Алматыға, 30 пайызы – Нұр-Сұлтан қаласына, 15 пайызы Ақтөбе қаласына жөнелтілсе, қалған 20 пайызы Шымкент қаласына жол тартады. Жазда осы ұжымға қатысты дау туғанда шенділердің көбі қойманың түбін қаққандай болды. Сол кезде бәрі дәрі қорының жеткілікті екенін айтып қуантқандай еді. Бірақ кезекті рет кезіккен кемшілік даудан басы арылмаған «СҚ-Фармацияның» ескі күнін еске сала беретіндей.
Бір елге бір мекеменің қоймасы жете ме?
Жалпы, «СҚ-Фармация» бүкіл елдің дәрі-дәрмегін иемденіп, монополия орнатып тұрғандай көрінеді. 2017 жылы компания мемлекетке 1,3 млрд теңге айыппұл төлеген болатын. Сол кезде Ұлттық экономика министрлігі ұжымды өзге бақталастарының мүддесін шектейді деп айыптаған. 2009 жылы «Самұрық-Қазына» компаниясының жанынан құрылған «СҚ-Фармация» 4 жылдан кейін Денсаулық сақтау министрінің қол астына өтті. 11 жылдан астам басы дауда өткен компанияның төрағалығы алты рет ауысқан екен. Содан бері компанияның аз уақытта біраз «тарихи оқиғаларды» жасағанын аңғарамыз. 2017 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа «СҚ-Фармацияның» төрағасын ауыстыруды тапсырған болатын. Жаңа басшы ретінде тағайындалған Максим Касаткин жеті ай уақыт қызмет еткеннен кейін 1,8 млрд қаражатты жымқырды деген айыппен істі болған еді. Компания кесапатынан Денсаулық сақтау министрлігінің беделді қызметкерлері де зардап шеккен. Соның бірі – Лариса Пак. «10 миллион теңге көлемінде пара алды» деген айыппен 2 жыл тергеуде болып, кейін үйқамаққа жіберілді. Көрсетілген қысымға шыдамаған Лариса Пак жүрек талмасынан қайтыс болды. Жаз ортасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СҚ-Фармацияны» 2 жыл басқарған Берік Шәріпті орнынан босатуды тапсырған болатын. «Тергеуді бастаңдар» деген бұйрықтан кейін Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз жұмысына кірісіп кеткен. Көпшілік экс-басшы Берік Шәріптің орнына келген Ерхат Есқалиевті де сынға алған. Шамалауымызға, бұл азаматтың медицинаға түк қатысы жоқ. Дауы енді басылғандай болғанда «СҚ-Фармацияның» қоймасында дәрі жетіспей жатқаны ескі жараның бетін тырнайтындай. Одан бөлек, «СҚ-Фармация» компаниясы қызметкерлерінің жалақысы да қызу талқыға түскенін білеміз. 2018 жылы қызметкерлер айлығына 1 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 1,5 млрд теңге қарастырылған. Есепке шаққанда шамамен 150 қызметкер 850 000 теңге жалақы алған. Алайда компания өкілдері бұл айтылғандарды не растамады, не жалған екенін айтпады. Жабулы қазан күйінде қалып отыр. Қорыта айтар болсақ, жамандық шақырғанымыз емес, бірақ індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда дәрі-дәрмектен тапшылық көрмейміз деп айта аламыз ба? Соңғы 3 күнде дерт жұқтырғандар саны қалыпты жағдайдан асып, күніне 400-ден астам адам тіркелуде. Басы осылай басталса, соңы қалай жалғасары беймәлім. Ал «СҚ-Фармация» қоймасы неге сарқыла береді екен?Мадияр ТӨЛЕУ