Нұр-Сұлтан қаласында «Астана LRT» құрылысына қатысты бюджет қаржысын жымқыру бойынша сот отырысы жалғасуда. Әрине, еліміз үшін «ғасыр жобасы» аталған орасан құрылыстың бұлайша тұралап қалғаны өкінішті. Болмаса, жеңіл рельсті көлік құрамдары белгіленген бағдар бойынша зыр-зыр қатынап, аша бағаналар қаланың мақтан тұтар атрибутына айналар еді. Өйткені жобасы 8 жыл бұрын сызылып, құрылысы 5 жыл бұрын басталған бұл инфрақұрылым биыл жазда пайдалануға берілуі тиіс болатын. Амал жоқ, әзірге жол бойындағы жаңаша тасымалға тамсанып емес, сот залынан жемқорлыққа қынжылып хабар таратуға мәжбүрміз.
Бес сағат – бес миллиард
Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сот отырысы онлайн өтуде. 20 қазанда басталған соттың бірінші отырысы 29 қазанға белгіленген болатын. Оны судья Қажымұқан Мекемтас жүргізіп, айыпталушылар сотқа қашықтан қатысуда. Бүгінге дейін үш отырыс өтіп, бірінші күні айыпталушылар таныстырылып, процессуалдық прокурор Жангелді Есебаев айыптау актін 5 сағат оқыса, одан кейінгі отырыстарда куәлар жауап бере бастады. Бұған дейін бұл іске 11 адамның қатысы бар деп айтылғанымен, қазір 9 адамның аты аталып отыр. Олардың екеуі – Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан шетелде қашып жүргендіктен, оларға халықаралық іздеу жарияланған болса, сотта жауап беріп жатқан жетеудің біреуі ғана өз кінәсін толық мойындап отыр. Ол – Astana Innovations АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім. Ал қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов кінәсін мойындаған жоқ. Үш адам тағылып отырған айыптармен келіспейтінін білдірді. Олар – қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлері Улугбек Ачилов пен Дәурен Әбдіхамитов. Ал осы серіктестіктің басқа бұрынғы қызметкерлері Тимур Қасабаев пен Дулат Мусенов өздеріне тағылған айыпты ішінара ғана мойындап, прокурор қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырды деген тұста келіспейтінін жеткізді. Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 262-бабы «Ұйымдасқан топ құру және басшылық жасау» және 189-бабы «Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп кету және талан-таражға салу» бойынша айыпталып отыр. Айыптау актінен белгілі болғандай, мұндағы бар былықтың басында тұрған қашып жүрген екеу. Қанат Сұлтанбеков өзінің пайдакүнемдік ойын жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрған. Оған Талған Ардан мен Рашид Аманжоловты тартқан. Осылайша, олар жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының құрылысына кететін шығынды 24 миллиард теңгеге артық көрсетіп, бюджет ақшасын жымқырып, бюджетке 5 833 300 827 теңге залал келтірген. Прокурордың 5 миллиард теңгені жымқырудың әртүрлі схемасын түсіндіретін айыптау актісін оқуға 5 сағат жұмсағанына қарағанда, сот процесі таяу уақытта аяқтала қоймасы анық.Сотта белгілі болғандай...
Прокурордың айтуынша, «Астана LRT» жобасының түпкі идеясы қаланың барлық қоғамдық көліктерінің басын қосатын негізгі тұғырнамалық көлік жүйесі болуы тиіс еді. Оның жолаушылар тасымалының әуе және теміржол саласын жалғап, автобус бағдарларының торабында аялдамалар жасауы осыны айқындайды. Жеңіл рельсті көлік жобасын Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асыру қаншалықты мүмкін екенін түсіну үшін Германиядан, Канададан, Оңтүстік Кореядан компаниялар тартылып, бірнеше техникалық-экономикалық негіздемелері жасап шығарылған. Осылайша, 2011 жылы 26 сәуірде 100% мемлекеттің қатысуымен «Астана LRT» компаниясы құрылса, 2012 жылы Үкіметтің шешімімен осы ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңі басталады. «Құрылыс басталар шақта Қанат Сұлтанбеков бюджет қаржысын жымқыру мақсатымен жоспар жасап, онысын сәтті жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрады. Топ мүшелері бір-бірімен етене таныс болмаған, бірақ келесі адамның құзыреті неге жететінін білген, соған сәйкес әрекет етіп отырған. Оларды біріктірген бір нәрсе – қаржысы көп жобадан ақша жеу. Өзара сөз байласа отырып, жоғарыда көрсетілген тұлғалар айналымнан заңсыз ақша шығару және қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша қылмыстық схема құрған. Яғни, сметалық құжат жасау, техникалық бақылау, мемлекеттік сатып алу сынды жұмыстар кейбір жерде артығымен бағаланып отырған. Мәселен, нысанның құрылысын салуда нақты орындалмаған жұмыстардың бағасын қасақана көтеріп көрсеткен», – дейді процессуалдық прокурор Жангелді Есебаев. Ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі, әрі ұйымдастырушыларының бірі Талғат Ардан 2012 жылдың соңында бұл іске досы Дәурен Әбдіхамитовты тартады. Сұлтанбеков қылмыстық топ мүшелеріне әрқайсысының қызмет лауазымына, әлеуметтік жағдайына, іскерлік қарымына қарай жасайтын әрекетін бөліп беріп отырған. Топ мүшелері жасақталып болған соң Талғат Ардан мемлекеттік сатып алу кезінде жалған бәсекелестік туғызып, тендерді өздеріне қарасты мердігерлерге ұтқызып берген. Одан соң мердігерлер түрлі себептермен мемлекеттік сатып алу бағасын өсіріп көрсетіп, қосымша келісімшарт жасаған. Рашид Аманжолов мемлекеттік органның басшысы ретінде алдын ала кедергілерді анықтап, қылмысты жасауға жағдай туғызған. Сол үшін тиісті құжат әзірлеп, қол қойып отырған. Сол құжаттардың негізінде бюджеттен ақша бөлінген. Кейіннен ол өзінің қол қою құқығын Қанат Сұлтанбековпен бөліседі. 2014 жылдың соңында Қанат Сұлтанбеков қызметінен кеткен кезде де қылмыстық топтың әрекеті тоқтамай Талғат Арданның басқаруымен 2016 жылға дейін жалғасады. 2017 жылы шілде айында Арданның өкілеттілігі тоқтатылады. Сол кезде ғана қылмыстық топ тарап кетеді. Сақалды құрылысқа айналған жобаның иесі бүгінде атауын өзгертіп үлгерді. «Астана LRT» қазір CTS деп аталады. Оның басқарушы директоры Айтқазы Артықбаев сотқа куә ретінде қатысуда.Алғашқы куәлар – алғашқы детальдар
Сотта бірінші болып жауап берген куә Айна Ержанова компанияға жұмысқа 2012 жылдың көктемінде келіпті. Ол айыпталушылардың ақша жымқыруда қандай рөл атқарғанын айтып берді. Оның айтуынша, LRT жобасының қарқынды даму кезеңі 2011 жылы басталған. Осы кезде «Астана LRT» компаниясына 10 миллиард теңге көлемінде Жарғылық капиталы берілген. Бұл ақша ЖШС-нің екінші деңгейлі банктердің біріндегі есептік шотына түседі. Ол кезде бюджеттен бөлінген ақшаны банкке салуға рұқсат бар болатын. «2011 жылы мұнда сырттай істедім. Нақты жұмысқа келген кезім жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭО), қаржылық-экономикалық негіздемесі (ФЭО) жасалып, жұмыс қарқын алған кез еді. Осы екі құжаттың негізінде мемлекеттік сатып алу, консультанттар тарту, жобалық-сметалық құжаттамалар (ПСД) жасау бойынша конкурстар өткізіле бастады. Бірде Талғат Ардан кезекті бір жиыннан оралған соң «француздық және қазақстандық компаниялардан тұратын консорциум» құратын ойы бар екенін айтты. Ал оған дейін осы айтып отырған француздық Systra және «Нұр Трейд» компаниясымен консультация беру бойынша келісімшарт жасалды. Шетелдік инженерлік-консалтингтік компанияны Алан Годри басқаратын. Ал қазақстандықты Әділет деген жігіт еді. Фамилиясын ұмытып тұрмын», – дейді ол. Консорциум құрудағы мақсат – француз компаниясын мемлекеттік сатып алуға қатыстыру болыпты. Өйткені ол уақытта оған Қазақстанның резиденттері қатыса алған. Ал қазір айыпталушылар қатарында отырған Улугбек Ачилов «Нұр-Трейдтің» қаржылық директоры болған. Осындай консорциум жобалау бойынша да құрылған. Мұнда испаниялық Tipsa компаниясы мен қазақстандық «Энджи Пром» компаниясы біріктірілген. Одан бөлек, Талғат Ардан конкурстардың көпке жария болмай өткенін көздеген екен. «Талғат Ардан бұл жобаға өресі жетпейтін консультанттар мен жобалаушылардың келгенін қаламады. Сол себептен ол түрлі жолдарын іздеп, компаниядан тыс та ақыл-кеңес алып жүрді. Бірде ол «арнайы тәртіппен мемлекеттік сатып алуды өткізуге бола ма? Біліңдер!» деп маған және заңгер Анастасия Алиеваға тапсырма берді. Біз болатынын, мұндай тәсілдің электронды форматқа өтпегенін және өте тар аяда ғана қағаз жүзінде жүргізілетінін айттық», – дейді Айна Ержанова. Одан соң компания осы арнайы тәсілмен мемлекеттік сатып алу өткізуге рұқсат алып, қазір айыпталушылар қатарында отырған Рашид Аманжолов басқаратын қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сайтында ғана хабарландыру жарияланады. Оған қатысуға ұмтылған корейдің бе, қытайдың ба компаниясы құжаттары қате деп кейін қайтарылып, конкурстан Systra командасы ұтып шыққан. Келесі куә Айтқазы Артықбаев испаниялық компаниямен болған былықтарды айтып берді. Техникалық-экономикалық негіздемелер болған соң (ТЭО) жобалық-сметалық құжаттамалар (ПСД) жасауда да Қазақстаннан мұндай үлкен жоба жасауда тәжірибесі бар компания табылмай, тағы да шетелден іздеген. «Осылайша, бізді кураторымыз Сұлтанбеков мырза (қала әкімінің бұрынғы орынбасары) Испанияның компаниясымен таныстырды. Жобаны да солар жасайтын болды. Жұмыстың 30%-ын болғаннан кейін олар ақша төлеуді сұрады. Біз төрағаға (Талғат Ардан) кіріп, «жұмыс ауқымы толық орындалған жоқ, біз оны тек сарапшы компанияның қатысуымен ғана қабылдап алуымыз керек» екенін айттық. Оған ол бірден қарсы болды. «Жоқ, болмайды! Біз бұл компанияға BRT-ның да (Bus rapid transit – жүрдек автобус көлігі) жобалау құжаттарын жасатамыз. Олар қазір 2 миллиард 800 миллион теңгенің жұмысын жасады. Қазір-ақ қабылдап алатын болыңдар» деп айтты. Одан мен өз басым бірден бас тарттым. Олардың жұмыс ауқымының 30%-ын орындағанына сенбейтінімді айттым», – дейді ол. Сол кезде Талғат Ардан бүкіл техникалық бөлімді жинап алып, барлығы 20 адам, «құжаттарын жылдам тексеріп, жұмысты тездетіп қабылдаңдар» деп ұрысқан. Бұл әкімдіктің талабы, жоба әкімшіліктің тапсырмасы деген секілді мағынада сөздер айтқан. «Осыдан кейін барып барлық қызметкер қабылдау құжаттарына қол қоя бастады. Тек содан соң ғана мен қабылдадым. Оның өзінде де қызметкерлерде жұмыстың толық орындалғаны туралы сенім болған жоқ. Ал менің сарапшы компания жалдау туралы ұсынысымды ол қабылдамады. «Онда мен сендерге не үшін ақша төлеп отырмын? Сырттан көмекке жүгінетін болсақ, сендердің қажеттерің қанша?» деп айтты», – дейді Айтқазы Артықбаев. P.S. Әрине, мұнымен сот әлі аяқталған жоқ. Дегенмен алғашқы отырыстан-ақ мемлекет қаржысын жымқырғандардың қандай амал-айла жасағанын байқадық. Біз алдағы уақытта да осы сот процесі жайлы жазатын боламыз.Нұрлан ҚОСАЙ