Қос азаматтық құрықталады
Қос азаматтық құрықталады
241
оқылды

Парламент қос азаматтыққа жол бермейтін заң жобасын құптады. Сенат спикері Мәу­лен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Жиында сенаторлар сондай-ақ «Қазақстанның мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік ше­кара – ұлттық қауіпсіздігіміз бен елдігіміздің кепілі. Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды дамыту және арнайы тех­никаларды қолдану арқылы шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады. – Заңда маңызды нормалар қарастырылды. Олар Президентіміздің шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асы­руға арналған. Әлемде түрлі сын-қатердің туын­дап жатқанын көріп отырмыз. Ендеше шекараны уа­қыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арттыруға, шекарамызды берік ете түсуге қызмет етеді, – деді Сенат төрағасы М.Әшімбаев. Парламент Қазақстан және Беларусь үкіметтері ара­сындағы «Көші-қон саласындағы ын­тымақ­тастық туралы келісімді» ратификациялады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 2019 жылы 25 қазанда Нұр-Сұлтанда қол қойылған ке­лісім екі елге азаматтар туралы өзара ақпарат ал­масуға, заңсыз көші-қонмен күресуге жол ашады. – Біріншіден, статистика мен ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Екіншіден, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға болады. Үшіншіден, екі ел үкіметі тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көр­сетеді. Төртіншіден, қос мемлекет азамат­тары­ның құқықтық мәртебесі анықталады. Бесіншіден, көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады, – деді ол. Беларусь Парламенті келісімді 2020 жылғы 18 мамырда бекітті. Бүгінде еліміз көші-қон бойынша 23 халықаралық келісімді бекітті. Тағы 9 келісім дайын­далуда. «Келісімдер арқасында біріншіден, қос аза­маттыққа жол берілмейді, екіншіден, ақпарат ал­масу жақсарды. Үшіншіден, адамдарды басқа елден қай­тару мәселесі шешіледі. Төртіншіден, шетелдік­тердің Қазақстанда болу мерзімі анықталады», – деді министр. 2019 жылы Қазақстанға 6 млн шетелдік келсе, со­ның 32 мыңға жуығы – Беларусь азаматтары. Оның 76-сы әкімшілік жазаға тартылған. Сонымен қатар жоғарғы палата депутаттары «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Сенат басшысы бұл құжаттың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің байланысын нығайтуға, көліктік инфрақұрылымды дамытуға және тауар айналымын арттыруға септігін тигізетініне екпін түсірді. – Қазақстандық флот ашық теңіздерге шығуы үшін осы келісім мен заңның стратегиялық маңызы бар. Бұл құжат алда Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Қара және Жерорта теңіздеріндегі порт­тарға дейін тасымалданатын жүк көлемін ұлғай­туға септеседі. Сол арқылы ел экономикасының өркен­деуіне ықпал етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Елдос СЕНБАЙ