Тұрғын үй алабын тексерді
Тұрғын үй алабын тексерді
258
оқылды

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы пар­тиялық бақылау комиссиясы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатқан құрылыс нысандарына бақылау жүргізді.

Қазіргі таңда бұл тұрғын үй алабында 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Тағы бір көпқабатты тұрғын үй желтоқсан айына дейін пайдалануға беріл­мек. Ал №10 тұрғын үй маңына кө­гал­дандыру, абаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. 123 пәтерлі №9 тұрғын үйдің құры­лысын «Норис и К» ЖШС-і жүргіз­ген. Жоба құны – 1,6 миллиард теңге. Бұл туралы «Норис и К» ЖШС-нің учаске бас­шысы Абиболла Жұмағалиев айтты. – «Нұр Ақтөбе» шағынауданындағы №23 және №9 тұрғын үйлер уақытылы пай­далануға беріледі. Құрылыс материал­дары дер кезінде жеткізілді. Қазір әрлеу жұ­мысы жүріп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсырамыз, – дейді ол. Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі бас­шы­сының міндетін атқарушы Аслан Жарас­баевтың айтуынша, шағынауданда өт­кен жылы 1 352 адамға пәтер берілген. Биыл 6 көпқабатты тұрғын үйдің 5-і, 11 аз қабатты үйдің 8-і тапсырылады. Құры­лысы аяқталатын 13 үйде 1 632 пәтер ор­наласқан. Сонымен бірге 71 аз қам­тылған көпбалалы отбасына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша респуб­ликалық бюджет есебінен пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Қазір оған кон­курс жарияланған. «Комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан үйлердің сапасын қарады. Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе-1» тұрғын үй алабында 11 аз қабатты тұрғын үй, ал «Нұр Ақтөбе-4» тұр­ғын үй алабында көпқабатты 4 үй са­лынып жатыр. Жылдың соңына дейін бәрі­нің құрылысы аяқталып, 365 отба­сыға пәтер кілті тапсырылады деп жос­парлануда. – Үйлер екі жылға дейін кепілдікте болады. Егер пәтердің сапасына қатысты қандай да бір мәселе туындаса, олқылық кетсе, мердігер ұйымдар өз қаржысы есе­бінен жөндейді, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясының Ақтөбе қалалық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­басары Нұрлыбек Жүсіпов. Тұрғын үй алабына жүргізген бақылау жұмыстарынан соң комиссия мүшелері құрылыс сапасына оң бағасын берді.  Ә.ЖАСАН