«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, олардың талап-өтінішін тыңдады.
Жоба аясында жыл басынан бері түрлі бағыттағы 2 000-ға жуық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, республика аумағында жарияланған төтенше жағдай, карантин режимі мерзімінде коронавирус салдарынан зардап шеккен мұқтаж отбасыларға көмек көрсету мақсатында партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Birgemiz қоғамдық қоры құрылып, облыс көлемінде «Birgemiz-Жамбыл облысы» қоғамдық қоры арқылы жеті санатқа кіретін 38 916 мұқтаж азаматқа 50 000 теңге көлемінде бірреттік көмек көрсетілді. Оның ішінде І-ІІ-V кезеңдерде, яғни сәуір-мамыр, қазан айларында Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілгендер санаты бойынша 600-ден астам ардагерге 50 000 теңгеден бірреттік көмек көрсетілді. Басқосуда Тараз қалалық Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Дүкенбай Ермеков және өзге ардагерлер мен Ауған соғысына медициналық қызметкер сапында қатысқан аналар талап-тілектері, өтініш-шағымдарын жеткізді. Оның қатарында жергілікті биліктің құзырында қаралмайтын мәселелер республикалық жауапты ведомстволарға жеткізілетін болды. Ардагерлер көтерген мәселелер қатарында негізінен – емхана, ауруханаға қаралу, санаторийге орналасу және пәтер кезегі, қоғамдық көлікте жүру жеңілдігі сынды күн тәртібінде тұрған мәселелер айтылды. Жиын соңында Балабек Нарбаев партияның 2021 жылға дейін берген уәделері мен тапсырмалары, сайлауалды бағдарламадағы көрсеткіштер толығымен орындалатынын, жаңа сайлауалды бағдарлама дайындалып жатқанын алға тартып, ардагерлерді алдағы өтетін науқанға белсене қатысуға шақырды.А.ЖҰМАШ