«Nur Otan» партиясы Партиялық бақылау комитетінің 2020 жылғы 22 қазандағы №002-13 қаулысына сәйкес, облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының Жаңақорған ауданында көшпелі отырысы өтті.
Отырыста аймақ тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы туралы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламановтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бағдарламалар аясындағы жобалар уақытында жүзеге асырылуда. Алайда «Талап-Сырдария» тораптық су құбыры құрылысы жобасы аясында тұрғындарға мерзімінде су жеткізу қаупі туындап отыр. Нысанды аяқтау мерзімі Су ресурстары комитеті мен «Қазсушар» РМК арасындағы келісімшартқа сәйкес 2020 жылғы қараша айына жоспарланған. Осы жобамен Талап бас су өндіру кешені аумағында бір сызықта небәрі 350 метр қашықтықта 8 ұңғыма бұрғыланды. Ұңғымалардың бір-бірінен арақашықтығы 50 метрден аспайды. Соның салдарынан қазылған ұңғымалардан жобада қаралған сағатына 65 текше метр дебиттің орнына сағатына небәрі 35-40 текше метр су шығуда. Сондықтан осындай дебитпен алдағы уақытта 27 ауылға су жеткізе алмау қаупі бар, – деді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов. Зерделеу жұмыстары аясында барлық мәселені көзбен көрген партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жоба бойынша туындаған мәселені бақылауға алып, тиісті жұмыстарды қолға алады.А.ЖАСАН