Қытайда тәж вирусының өршуіне байланысты Қазақстан ҚХР-мен арадағы барлық шекара бекеттерін жапты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Қазіргі кезде шың елінде тұрғындарының саны тұтас Қазақстан халқынан да көп қалалар карантинге жабылуда. Оларда халықтың дүрбелеңге түсіп, тамаққа таласып, бүлініп жатқанын ақпарат құралдары таратуда", - деп жазды ол.
Қауіпті вирус Қытай аумағынан асып, әлемнің 13 елін шарпып үлгерді. Аталған дертті жұқтырғандар Гонконг, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, АҚШ, Сингапур, Вьетнамда тіркелген. Сонымен қатар, бүгін Аустралияда да тәж вирусын жұқтыру дерегі анықталғаны туралы ақпарат тарады.
"Енді қазақстандықтар әлеуметтік желілерде ҚХР-мен арадағы шекараны тас бекіту туралы талаптар қоюда. Осыған орай мынаны хабарлағым келеді: Қазақстан шығыс көршіден вирус елге енбеуі үшін "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын уақытша жапты. Сонымен бірге, шекарашыларымыз Қытаймен шектесетін мемлекеттік шекара бойындағы барлық өткізу бекеттерін – "Бақты", "Майқапшағай", "Достық–Алашанкоу", "Қалжат" пункттерін де жауып, қымтады", - деді Бақытбек Смағұл.
Мемлекет халқымызды қорғау үшін қажетті шараларды қолға алып отыр.