Постковидтік синдром: ауырғандар әлі қалыпқа келе алмай жүр
Постковидтік синдром: ауырғандар әлі қалыпқа келе алмай жүр
202
оқылды

Коронавирустан айыққан адамдардың шашы уыс-уыс болып түседі, тіпті алапес-ало­­пецияға ұшырайды. Кейбір сырқаттың иіс және дәм сезу қабілеті сол бойы қалпына кел­­­­меген. Әртүрлі галлюци­нация елестейтінді шығарған. Құс ұйқы болғандар көп. Тектен-тек кеудесі қысып ауы­ратыны жетерлік. КВИ арты диабетке әкеп соқтырған жағ­­дайлар да бар. Бұдан адамның жынданып кетуі ғажап емес. Отандық дәрігерлер COVID-19 індетіне шалдыққан жұртты неврологиялық кеселдер жай­лағанын айтып, дабыл қағуда.

Жұпар иісі аңқымас...

Алматылық журналист Әйгерім отбасымен бірге коронавируспен ауырыпты. Ол індеттен жазыл­ған­­­дарына 5 ай өтсе де, оның отба­сын­­дағы 3 адамның әлі күнге иіс пен дәм сезбейтінін айтады. «Енді олар өмір бойы иіс пен дәм сезуден қала ма?» деп қорқады әріптесіміз. Адам айна­ладағы жұпар иісті құшырлана жұта алмаса, алдағы жеңсік астың дәмін сезбесе, өмірден де мән кетеді. Отан­­дық дәрігерлер мен ғалымдар осын­дай кесапатқа кезіккен сыр­қаттарды мазалаған сұрақтарға нақ­ты жауап тапқан жоқ. Әзірге бұл бағытта ғы­­лыми-зерттеулер жүр­гізіліп жат­­қанына сілтейді. Әлемді ен жайлаған қауіпті ви­­рустың салдары жаман. Мичиган университетінің доценті Филип Вли­­­­­­сидес жетекшілік еткен АҚШ-тың медицина мамандары COVID-19 науқастарының төрттен бі­­­­рінде немесе шамамен 24%-ында ақыл-естің бұзылуы (делирия немесе помрачение сознания), қызу сан­­дырағы (горячечный бред) айық­қаннан кейін де сақталып қалғанын анықтады. Ал кейбірі алжасып кет­­­кен. MedRxiv жариялаған зерттеуде ақыл-санадағы бұзылушылық­тардан пациенттердің бір бөлігі бір­­­­­не­ше ай­дан бері зардап шегетіні айтылады: «КВИ сырқаттары арасын­­да дели­рия, ақыл-естің бұзы­луы – ең кең таралған симптом. Бақылаулар көр­­­сеткендей, олардың шамамен 24%-ын­­да де­лирия сауығып шық­қан­нан кейін де сақталып қала береді». SARS-CoV-2 коронавирусы ағзаға түскенде адам иіс сезу мүм­­­кіндігінен айырылады. Тамақ атаулы дәмсіз көрінеді. Сырқат­­­тардың бірі мойындағандай, «базбір сабын жеп отырған сияқтысың». Мұндай проб­­лемалар бүкіл COVID-19 нау­­­қас­­тарына тән. Содан адамның тәбеті құриды, ас ішуге зауқы соқпайды. Соның салдарынан қатты азады, организм қажетті дәрумендерден қағылады. Жақында ғалымдар бұл құбы­­лыс­тың ықтимал себебін айқындады: вирус миға ену және жүйке жүйесіне таралу үшін мұрынның шырышты қабығындағы иіс сезу рецепторларын «қақпа» есебінде пайдаланады: осы рецепторлар мұрынға келген иісті тікелей миға жеткізуге жауап беретіні мәлім. Енді сонымен бірге вирус та миға жол тартады. Ал британдық ғалымдар COVID-19 науқастардың бір бөлігі сөйлемнің, сөздің мағынасын түсі­­нуге қиналатынын анықтады. Оның үстіне, КВИ ми тамырларының жұ­мысын бұзады, оның жұмысында салмақты ақаулар туындайды, ол алжасуға және делирияға әкелуі ық­тимал.

Сырқаттар саңырау болып қалады

«Ұлттық кардиохирургия ғылы­ми орталығы» АҚ басқарма төра­ғасының міндетін атқарушы, меди­цина ғылымдарының докторы Ма­­хаббат Бекбосынованың түсін­діруінше, індет салдарларынан туындайтын кесел-құбылыстарды «постковидтік синдром» деп атайды. Аталған орталықта осындай син­дромы бар 70 адам емделуде. ДСМ-де бүкіл Қазақстанға қатысты ста­тистика жоқ. – Бұл – қазіргі кезде аса өзекті мәселе. Өйткені Қазақстанда күн өткен сайын коронавирус жұқтыр­­­­­­­­ғандар саны қайта өсуде. Жазылып шыққандары бізге әртүрлі шағым айтып жүгінеді. Тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Таяуда қабыл­­дауымызға жас әйел кірді, ол өзін не алаңдататынын түсіндіре алмай­­тынын хабарлады: «Мен КВИ-мен ауырдым, содан бері бұрынғы қа­лыпты, сапалы өмір салтына орала алар емеспін», – деді ол. Пациент­­­­тердің біразы өз ахуалын түсіндіре алмайды, демалса да кетпейтін бей­мәлім шаршау, өмірге енжарлық пай­да болған. Олар бұрынғыдай физикалық, ақыл-ой жүктемесін еркін еңсере алмайды. Коман­­да­­­мызда психотерапевт бар, ол осын­дай сырқаттармен жұмыс істеп, проб­­­­лемаларын анықтайды, – дейді Махаббат Сансызбайқызы. COVID-19 бастапқыда өкпе ауруы ретінде қабылданды. Шы­­нында бәрі басқаша. ҰКҒО басшы­сының мәліметінше, бүгінде КВИ – бүкіл организмді бүлдіретін көп жүйе­лі ауру (мультисистемное забо­левание) ретінде танылды. Ол жүйке жүйесіне де зақым келтіреді. «Бізге келген сырқаттар орталық жүйке жүйесіне, есте сақтау қабі­летінің төмендегеніне, басы ауыра­тынына, тіпті есту қабілетінің на­­шар­­­лағанына өте көп шағым­данады. Бірер күн бұрын өзім қабылдаған науқас КВИ-ге шалдыққанын, дерт­тің өткір фазасы артта қалғанына 3 ай өткенде кенет құлағы естімей қал­­­­ғанын жеткізді. Қазір бақы­лауымызда 4 пациент бар, оларда тосыннан қант диабеті пайда болған. Өйткені вирус адамның өт жол­дарына соққы жасайды. Жүрек-қан тамыр аурулары барлар коронавирус жұқтырса, артериалды гипертониясы қатерлі сипат алады, бұған дейін қабылдап келген дәрілік терапия ары қарай нәтиже бермейді. Қор­қы­ныш­тысы сол, кейде корона­ви­рус­пен ауыр­­­ған адамның бойынан «пост­ковидтік синдромның» барлық кө­­­рінісі табылады: жүйке жүйесі де, жүрегі де, бүйрегі де, бауыры да за­қым­­­­­данған», – дейді ол.

Бұл синдромды қалай емдейді?

Қазақстандық дәрігерлер пост­ковидтік синдромды емдеуде бір тәсілді ұстанады екен. Біріншіден, науқасқа симптоматикалық терапия қолданылады, яғни әрбір органына зақым келтірген әртүрлі кеселін жеке-жеке емдейді. Екіншіден, бар­лық сырқаттарға витаминдер кеше­­нін (әсіресе В, С), магний, мырыш және басқа да микро­элементтер сатып алып, ішуге кеңес береді. Далада суық түскелі тұмау, ЖРВИ тарау қаупі күшейді. Дәрумендер осындай вирустарға қарсы тиімді қорғаныш саналады. Әрі иммунитет көтереді. Үшіншіден, саламатты өмір сал­­тын ұстану маңызды. Мысалы, то­­лық­қанды ұйықтау, уақытылы тынығу, дұрыс тамақтану керек. – Жеңіл қорытылатын сіңімді тамақ ішу қажет. Пациенттер менен жиі сұрайды, өткенде «корона­­­ви­­­­рустан қойдың құйрық майы құт­­­қарады екен» деген қауесет тарады ғой деп. Қой майынан жасалған ыстық сорпаны аптасына бір рет ішуге бо­лады. Алайда біздің адамдар оны таңғы, түскі және кешкі асқа ішеді. Мұндай адамдар артынан бізге триг­лицеридтерімен, яғни қанында қал­қыған майлармен келеді. Бұлай асы­­­­­ра сілтеуге болмайды. Егер адам тыныстау гимнастикасымен, спорт­­пен айналысса, саламатты өмір сал­тын ұстанса, өкпе тез сауығады. Жар­­ты жылдан кейін адамның ауыр­­ғанынан із де қалмайды. Ал құйрық майы, зімбір, сарымсақ және басқа­сын мөлшерімен, аздап қана жеу керек. Олар үлкен мөлшерде ағзаға ауырт­­­палық түсіреді, – деді меди­цина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосынова. Ол иіс және дәм сезу қабілетінен айырылған азаматтарға профи­­­лак­тикалық клиникаларда тексеру­ден өтіп, иммундық жүйені түзетуді ұсынды. Бірақ коронавирустың бұл көрінісін емдейтін ортақ дәрі жоқ көрінеді. Зерттеулер аяқталмаған. Невролог-эпилептолог дәрігер, реа­билитолог, Медициналық оңал­туды реформалау жобалық офисінің басшысы Лейла Дайырбаева КВИ-дің түрлі неврологиялық бұзылуға әкеліп соқтыратынын растады. – Бүгінде дүниежүзінде COVID-19 індетінің неврологиялық сал­­­­­­дарына арналған көптеген зерттеу жүр­гізілуде. Неврологиялық көрініс­­­тер коронавирус сырқат­­тарының үштен бірінен табылып отыр. Бұл қатарға үнемі бас айналу, бас ауыру, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, он пайызында – сананың күңгірттенуі, алжасу және басқасы жатады. Маған қаралатын сырқаттар өз ахуалын: «басымды, миымды тұман басып тұрған сияқты» деп сипаттайды. Ойларын жеткізе алмай қиналады. КВИ инсультке, энцефалитке – ми­дың қабынуына соқтырады. Бұдан бөлек, адамдардың есту, дәм сезу және көру қабілеті нашарлайды. Ұй­қысыздыққа ұшырайды. Осындай симптомдары бар адамдар өзін маза­лаған дертке қарай бейінді дәрігер­­лерге көрінгені жөн. Көп күш түсір­­­мей, тынығуы, дұрыс тамақтануы қажет. Кем дегенде 8 сағат ұйықтауға тырысуы керек, – деді Лейла Орал­­ғазықызы. Сарапшы тағы бір жайтқа назар аударды: елде жылыту маусымы басталды. Ауылдағы ағайын пеш жағып жатыр. Осы кезеңде иіс сезу қабілетінен айырылған адамдар өзі­нің және отбасы мүшелерінің өмірін сақтау, баспанасын қауіпсіз ету үшін түтін мен көміртек қышқылына (угарный газ) қарсы датчиктер ор­натқаны абзал. Сарапшылардың байламынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы майданның келесі кезеңіне аяқ бас­ты. Бірақ мемлекет осы «соғыс» сал­­­ған жараларды және оның «санадағы ізін» қазірден бастап емдеуге, елді сауықтыруға белсене кіріскені жөн. P.S. Мамандардың әңгімесінен ұқ­қанымыз: «постковидтік син­­­­дром­­­ды» емдеу бағдарламасы жоқ, білікті дә­рігерлер өзара тәжірибе алмасу, жеке жобаларын қолға алу арқылы онымен өз бетінше күресуге тырысуда. Ден­­саулық сақтау министрлігі COVID-19 және пневмониямен ауырған па­­циенттерге медициналық сақтан­дыру (АМСҚ) есебінен оңалту қыз­меттерін көрсетпек ниетте. Медоңалту ереже­­сіне тиісті толықтырулар енгі­­зілді. Әйтсе де, қарапайым сырқат оны алу үшін «бюрократиялық тұ­зақтар» те­­­зінен сүрінбей өтуі шарт. Мысалы, «мультидисциплинарлы топ­­­­тың баға­­­­лауынан өтуі тиіс». Онсыз да санасы күңгірттеніп тұрған жанды осындай сынаққа салу – тек біздің ше­неу­нік­­­тердің қолынан келеді.

АйханАйхан ШӘРІП