Мәулен Өтеғұлов: Қордағы жинаққа қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ
Мәулен Өтеғұлов: Қордағы жинаққа қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ
363
оқылды

Зейнетақымен қамсыздандыру – әрқайсымызды толғандыратын өзекті мәсе­лелердің бірі. Сұрақты төтесінен қояйықшы. Қарттық кезеңді қалай берекелі, мерекелі етуге болады? Міне, бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мәулен Өтеғұловпен әңгімелескен едік.

– Мәулен Амангелдіұлы, соңғы кезде Қордың шығындары туралы алып-қашпа әңгімелер қаулап кет­ті. Осы ретте Қордың орын алған жағ­дай­ға қатысты ұстанымын білгіміз келеді.  

– Қысқаша, нақты жауап бе­рейін. Қордың қызметіне деген қы­зығушылықты зейнетақы жүйесіне қа­зақстандықтардың назарын ау­дарудың тамаша мүмкіндігі деп ба­ғалауға болады. Қоғамды елең ет­кізген ақпараттар, Қор туралы ой-пікірлер отандастарымыздың қар­жылық сауаттылығының артып ке­ле жатқандығын білдіреді. Біз­дің алға қойған мақсатымыз да осы ғой – халықтың қаржылық сауат­ын арттыру және олардың ара­сында зейнетақы жоспарлау мә­дениетін қалыптастыру. Қазақ­стан­дықтар талқылап жатқан сол 277 млн теңге – ақпарат беру-тү­сін­діру жұмыстарына арналған шы­ғындар болатын.

– Сіз жарнамаға арналған шы­ғын­ды меңзеп тұрсыз ба? Бұл ақша көп адамды қайран қалдырғаны рас.

– Тағы да қайталап айтуы­ма тура келеді. Бұл шын мә­н­і­­­­сінде жарнамаға емес, ха­­лық арасында ақпарат бе­ру-тү­­­сіндіру жұмыстарына ар­­­нал­­ған шы­ғындар!Қор бұл жұ­мыстарды алғашқы құрыл­ған жылдан бері белсенді түр­де жүзеге асырып келеді. Шы­нын айту керек, көптеген отан­­­дастарымыздың қазіргі жи­нақ­таушы зейнетақы жүйесі туралы білімі өте таяз. Ал Қор оның жоғары болғанын қалайды. Қазір жағдай бұл тұрғыда баяу болса да жақсарып келеді. Бұ­ған дейін салымшының көп­шілігі өздерінің зейнетақы жи­нақтарына аса қызығушылық та­ныта қоймайтын. Бар ма, жоқ па – оған бас қатырмайтын. Ал міндетті зейнетақы жар­на­ла­рын тіпті қосымша салық ре­тін­де қабылдайтын. 2000-шы жыл­дардың басында жинақ ақ­шаларының қай қорда жат­қан­дығын мүлдем білмейтін салым­шылар да болған.

Соңғы уақытта қазақ­стан­дықтар өздерінің жинақтарына қызығушылық танытып, жи­нақ­тарының қайда жатқанын, кө­лемі қанша болғанын сұрап ­жатыр. БЖЗҚ қызметіне деген қызығушылықтың артуы бір жа­ғы осыған байланысты деп ой­­­лаймын. Екі жағдай бір-бірі­мен қабысып жатыр. Демек, Қор­дың ақпарат беру-түсіндіру жұ­мыс­тарына жұмсап жатқан қаражаты бе­керге кетіп жатқан жоқ, тиімді шығындалып, үдесінен шығып жатыр.

Жалпы, ақпараттық жұмыстар туралы айтар болсақ, Қордың бел­сенді жұмыстарының арқа­сын­да бүгінде әрбір қазақстандық азамат үйінен шықпай-ақ өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін біле алады. Бұдан басқа Қор қызметінің қаржылық нәти­же­лері, инвестициялық портфель, жыл­дық есептілік пен мемлекеттік са­тып алулар туралы барлық қа­жет­ті ақпарат Қор сайтында ор­наластырылған.

– Салымшылардың көпшілігі неге өздерінің жинақ ақшаларын мерзімінен бұрын алғылары келеді?

– Мәселе мынада. Отандас­та­рымыздың көпшілігінің бас­пана сатып алуға немесе білім алу­ға жағдайы жоқ. Сондықтан өз­дерінің зейнетақы жинақтары есе­бінен баспана сатып алуға немесе бі­лім алуға болады деп санайды.

Қазіргі уақытта арнайы құ­рыл­ған жұмыс тобы Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарға жұмсау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Енді осы жұ­мыс тобының жұмыс нәтижесін күту керек.

Бүгінде зейнетақы шоттарында жатқан жинақ ақшалардың орташа мөлшері – 1 миллион теңгеден сәл-ақ асады. Салымшылардың 50 пайыздан астамының міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудара отырып, жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне белсенді қа­ты­су өтілі 5 жылға жетпейді. Ал са­лымшылардың 75 пайыз­дан ас­тамының жүйеге қ­а­тысу өті­лі 10 жылдан аз. Жинақтау­шы зей­нетақы жүйесі іске қосыл­ған­нан бері міндетті зейнетақы жар­наларын тұрақты аударып келген са­лымшылардың зейнетақы жи­­нақтарының орташа сомасы ер­лер­де – 5,1 млн теңге, әйелдерде –
3,9 млн теңге.   

Шыны керек, қазір салым­шы­лардың тек шектеулі бөлігінің ға­на жинақтары жеткілікті дең­гейден жоғары. Мұндай жағ­дай әртүрлі объективтік жә­не субъективтік се­бептерге бай­­­ланысты орын алып отыр. Сон­дықтан Қордың стра­тегиялық мін­деттерінің бірі – халықтың қар­жылық сауатын арт­тыру және олардың арасында зей­­­нетақыны жинақтау мәде­ние­­­тін қалыптастыру. Сол үшін са­лым­шыларға айтарым, зей­не­тақы жинақтарын қалып­тас­ты­рып, қарттық шаққа деген жауап­кершілікті сезіну керек.

Өкінішке қарай, біздің елде көп­теген арам ниетті жұмыс беру­шілер жалақыны конвертпен не­месе әртүрлі сұрқай тәсілдермен бе­реді. Сөйтіп, бухгалтерлік есеп­тілік­те тек ең төменгі төлемдерді ға­на көрсетеді. Ал бұдан тек жұ­мыс берушілер ғана ұтады, ал мемлекет пен қарапайым жұ­мыс­шылар – яғни, болашақ зей­неткерлер ұтылады. Дамыған ел­дерде бұл мүмкін емес. Ол жақ­та жұмыскерлер әдетте еңбек қа­тынастарын заңдастыруды талап етеді және қажет болса тиісті ор­ган­дарға хабарлайды. Одан кейін мұндай жұмыс берушілерге үл­кен көлемде айыппұлдар са­лынады. Бұдан басқа дамыған ел­дерде жұмысқа орналасатын адам­дар зейнет жасында лайықты өмір сүруі үшін жұмысқа тұру барысында бірінші кезекте зейнетақы жоспарының қандай болатындығын, жалақыдан Қорға қанша пайыз аудару керектігін сұрайды. Ол зейнетақы жарнасын жас кезден, яғни алғашқы жалақы алған күннен бастап аудару ке­рек­тігін жақсы біледі.

– «Зейнетақы жарналарын Қор­ға жиі және қомақты мөлшерде ау­дарсаңыз, зейнет жасында қам­сыз өмір сүресіз», – деп жұмыс іс­­т­ей­­тін азаматтарды бұған сендіру қиын, әрине. Өйткені олар бүгінгі зейнеткерлердің мардымсыз зей­н­е­тақы алатынын көріп, біліп жүр ғой.

– Бүгінгі зейнеткерлердің қол­­­ға алатын жиынтық зейне­та­қы­сының басым бөлігі мем­ле­кеттік бюджеттен төленетін ортақ зей­нетақыдан және кішкентай ға­на бөлігі өздері жинаған зейнетақы жинақтары есебінен құралған. Өйткені олар қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысып үлгермеген. Бұл жүйеден лайықты төлемдер алу үшін жи­нақ­таушы зейнетақы жүйесі бір ұрпақтың толық еңбек ету кезеңіне тең уақыт жұмыс істеп тұруы керек. Бұл 40 жыл уақытты алатын кезең. Ал біздің жинақтаушы жүйеге 20 жыл енді толды. Яғни, жарты жолды енді ғана жүріп өтті деген сөз. Бұл жер­де еліміздің ортақ жүйеден жи­нақтаушы жүйеге өту тарихына тоқ­тамай кете алмаймыз.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде зей­нетақымен қамсыздандырудың нақ­ты екі моделі қолданылады. Олар: ортақ және жинақтаушы жүйе.

Сонау Кеңес Одағында құрыл­ған зей­нетақы жүйесі ортақ сипатқа ие болатын. Ортақ зейнетақы жүйе­сінде қазіргі жұмыс істеуші аза­­мат­тардың салықтарынан қа­зіргі зей­неткерлерге зейнетақы тө­леніп оты­рады. Мұндай жүйе мем­лекеттің мен­шікті қаражаты жет­кілікті болған кез­де, яғни ша­мамен бес жұмыс іс­теуші аза­матқа бір зейнеткерден кел­ген жағ­дайда ғана өте табысты бо­лады. Мысалы, 1979 жылы Кеңес Одағында бір зейнеткерге ша­ма­мен 8 жұмыскерден келген. Ал 1998 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 жұ­мыскерге дейін қысқарды. Бұл елдегі демографиялық жағ­дай­ға, яғни адамдардың өмір сү­ру ұзақтығының артуына байла­ныс­ты орын алды. Яғни, жыл өт­кен сайын зейнеткерлердің саны ар­тып, жұмыс істеуші азамат­тар­­д­ың саны азая берді. Сол уақыт­та­ғы әлемдік экономикалық дағ­да­рыстарды ескеретін болса, бұл мәселе тіпті ушыға түсті. Бұған тағы жұмыссыздық мәселесін қо­сыңыз. Сол себепті тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында елімізде зей­нетақымен қамсыздандыру ең өзекті қоғамдық мәселеге ай­нал­ды. Бұған қарап ел үкіметінің неге ортақ жүйеден жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне көшу туралы ше­шім қа­был­дағанын жақсы тү­сінуге болады. Бюджеттік дағдарыс барысында тұйықтан шығар басқа жол болған да жоқ.

Осылайша, 1998 жыл екі жүйе­ні бө­ліп тұратын өзіндік бір ме­жеге ай­налды. Әрине, әрбір ре­форма адам тағдырына әсер ететін болғандықтан, «міне, енді біз бүгіннен бастап, бар­лығын басқаша жасайтын бо­ла­мыз» деп кесіп-пішіп айтуға бол­майды. Осы себепті елімізде күр­делі, көп деңгейлі және көп құрам­дауыш­тан тұратын зейнетақы жүйе­сін құруға тура келді. Онда қа­зір­гі зейнеткерлердің де болашақ зей­­неткерлердің де мүдделері ес­керілуі тиіс болды.

– Кеңес Одағы ыдырап, көп адам өздерінің жинақ ақшасынан ай­рылып қалған соң, олардың зей­не­тақы жүйесіне сенімсіздікпен қа­рай­тындықтарын түсінуге болады.

– Халықтың жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне деген сенімін арт­­тыру өте маңызды мәселе. БЖЗҚ оны өз күшімен жалғыз өзі шеше алмайды. Бұл жерде жал­пымемлекеттік жүйелік жұ­мыс қажет. Еңбек нарығын заң­дастырып, оны өркениетті ету мә­селесін шешкен жөн. Сонда адам­дар еңбек қатынастарын заң­дастырып, көлеңкелі схемалардан шы­ғып, салық төлеп, зейнетақы жар­наларын Қорға толық кө­лем­де аудара ала­ды. Яғни, адам­дар зейнетақы жар­на­ларын аудар­маса, болашақта тек мар­дымсыз зейнетақыны қанағат тұ­туына тура келетіндігін түсінуі үшін кең кө­лемді ақпараттық жұ­мыс­тар жүр­гізілуі тиіс. Бір сөзбен айт­қан­да көлеңкелі экономикаға ойы­­сатын адам мемлекеттің барлық қор­ла­рынан: әлеуметтік сақтандыру, ме­дициналық сақтандыру және зей­нетқы қорынан шеттетіліп қалады.

– Осы жерде инвестициялық та­­­­­бысқа толығырақ тоқталайықшы. Бү­гінде зейнетақы активтерін бас­қару саясаты көп сынға ұшырап жа­тыр. Отандастарымыз оны тиімсіз деп санайды. Әсіресе Әзірбайжан Ха­­лықаралық Банкінің бағалы қа­ғаз­дарына қатысты жағдай се­нім­ге қаяу түсіргендей болды. БЖЗҚ зейнетақы активтері нақ­ты қалай басқарылатындығы ту­ралы әңгімелеп берсеңіз. Зей­­­не­тақы жинақтарын инвес­ти­ция­лау туралы шешім қалай қабыл­да­нады?

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының зейнетақы ак­­­тивтерін ҚР Ұлттық Банкі се­німгерлікпен басқарады. Бұл үшін Қор мен Ұлттық Банк ара­сында сенімгерлік басқару ту­ралы шарт жасалған. Соған сәй­кес зейнетақы активтерін ин­вестициялаумен бүгінде Ұлт­тық Банк айналысады. Бұл ретте Қордың Инвестициялық дек­ларациясының талаптары басшылыққа алынады.

Зейнетақы активтерін бас­қару тиімділігін арттыру, инвес­ти­циялау бағыттары мен қаржы құ­ралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды әзірлеу қы­зметі Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген.

Тағы бір кеңес бар, ол – Бі­рың­ғай жинақтаушы зейне­та­­қы қорының зейнетақы ак­тив­терін басқару жөніндегі кеңес. Бұл кеңес – Ұлттық Банк­тің консультативтік-кеңес­ші ор­га­ны. Ол зейнетақы ак­тив­те­рін ин­вестициялауға қатысты ұсы­ныс­тарды қарау және әзірлеумен ай­налысады.

Сатып алуға рұқсат етілген қар­жы құралдарының тізімін жыл сайын ҚР Үкіметі бекітеді. БЖЗҚ өз кезегінде зейнетақы жүйе­сінің бірыңғай операторы бо­лып қала береді.

Инвестициялық табысқа қа­тыс­ты айтар болсақ, 2018 жылы са­лымшылар мен алушылардың шот­тарына үлестірілген таза ин­вес­тициялық табыс 917,1 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте БЖЗҚ зей­нетақы активтерінің та­быстылығы 11,27 пайыз бол­са, осы кезеңде инфляция дең­­­гейі 5,3 пайызды көр­сетті. Яғ­ни, бір жыл ішінде зей­нетақы ак­тивтері бойынша нақты, таза табыс­ 5,97 пайызды құрады.

Жалпы, жинақтаушы зейне­та­қы жүйесі іске қосылғаннан бері нақты жинақталған табыс, яғни инфляция деңгейінен артуы оң сипатқа ие және ол шамамен
40 пайызды құрайды.

Енді Әзірбайжан Халық­ара­лық Банкінің бағалы қағаз­да­ры туралы айта кетейін. 2014 жылдың қазанында Қа­зақ­­стан Республикасының Ұлт­тық Банкі БЖЗҚ зейнетақы ак­­­тивтерін 250 млн АҚШ дол­лары көлемінде Әзірбайжан Ха­­­­лықаралық Банкінің (ӘХБ) об­лигацияларына инвести­ция­лады. Табыс валютада жылына 8,25 пайызды құрады. Бұл жоғары табыс мәміле жасал­ған сәтте өте тартымды бол­ған еді. Оның үстіне Әзірбай­жан Халықаралық Банкі Әзірбай­жан­ның ең ірі банкі. Ал оның басты акционері – Әзірбайжан Қаржы министрлігі.

2016-2017 жылдары мұнайдың әлем­дік бағасының түсуіне бай­ла­нысты дағдарыс басталған кез­де, Әзірбайжан Халықаралық Бан­кінің банкротқа ұшырау қау­пі төнді. Кейінірек Банктің БЖЗҚ алдындағы борышы қайта құрылымдалып, облигациялары Әзірбайжан Үкіметінің мемле­кет­тік бағалы қағаздарына алмас­тырылды. Борыштың атаулы құны сақталып, өтеу мерзімі 2032 жылға дейін ұзартылды. Яғни, Әзірбайжан Республикасының Үкіметі Әзірбайжан Халық­ара­лық Банкінің БЖЗҚ алдындағы борышын өз мойнына алды. Алай­да борыш бойынша табыс азайтылып, жылына валю­­тада 3,5 пайызды құрады.

ҚР Ұлттық Банкі қолайлы на­рық жағдаятын ескере оты­рып, 2019 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында Әзір­­­байжан Республикасы Үкіметінің мем­ле­кеттік бағалы қағаздарының бү­кіл көлемін сатуды жүзеге асыр­ды. Яғни, зейнетақы жинақтары жоғалып, талан-таражға ұшыра­ған жоқ. Ақша толығымен қайта­рыл­­ды. Ал бүкіл сақтау кезеңі бойын­­ша орташа табыс валютада ша­ма­мен 4 пайызды құрады.   

Осылайша, Әзірбайжан Халық­аралық Банкіне қатысты жағдай салымшылар үшін ой­дағыдай және табыспен аяқталды.

– Енді Сізге соңғы кезде ең көп көтерілген сұрақты қояйын. Қор өзіне ақшаны қай қаржы кө­­зі­­нен алып жұмсайды? Кей­бір отандастарымыз Қор салым­шы­лар­дың жинақтарына қол салып, мил­лиондаған теңгені жалақыға, қым­бат кеңселік тауарларға жұмсап жа­тыр деп санайды. Шынымен со­лай ма?     

– Әрине, олай емес. БЖЗҚ шы­ғындары комиссиялық сыйа­қы­ның екі түрі есебінен өтеледі. Бірі – зейнетақы жинақтарын ин­вес­тициялаудан түскен инвес­ти­циялық табыстан алынатын ко­мис­сия, екіншісі – зейнетақы жи­нақтарының жалпы сомасынан алы­натын комиссия.

«Қазақстан Республикасында зей­нетақымен қамсыздандыру ту­ралы» заңның 53-бабына сәй­кес БЖЗҚ үшін комиссиялық сыйа­қысының шекті шамасы: ин­вестициялық табыстың 7,5 пайы­зынан және зейнетақы актив­те­рінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленген.

Сыйақының БЖЗҚ үшін жыл сайынғы нақты шамасы Ұлт­тық Банк Басқармасының ше­ші­мімен бекітіледі. 2019 жылы Қор­дың комиссиялық сыйақысы ин­вестициялық табыстың 5,0 пайы­зын және зейнетақы активте­рі­нің айына 0,015 пайызын құрады.

Атап өту керек, аталған көр­сет­кіштер 2014 жылдан бері бір­неше рет кезең-кезеңмен қыс­қар­тыл­ды, сөйтіп 2019 жылға қарай ин­­вестициялық табыстың шекті ша­­ма­сынан 33 пайызға (2014 жылы – 7,5%), ал зейнетақы активтерінің шекті шамасынан 40 пайызға (2014 жылы – 0,025%) қысқарды. Ұлттық Банк комиссиялық сыйа­қының көлемін одан ары азайтуды тағы да қарастырып жатыр. Яғни, БЖЗҚ өз шығындарын меншікті қа­ражаты есебінен жабады. Мен­шікті қаражаттың көлемі әрине, зей­нетақы жинақтарының шама­сына тәуелді.  

БЖЗҚ зейнетақы активтері мен меншікті қаражаттың есебін өз алдына бөлек жүргізеді. Сон­дық­тан да «салымшылардың қал­­­­тасына түсу» тіпті мүмкін емес. Ал Қордың шығындарын жа­­буға бағытталған «жүздеген мил­лион теңге» туралы айтар бол­сақ, бұл ақпарат та шындыққа жа­нас­пайды.

2018 жылғы қаржы есептілігіне сәй­кес Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының жалпы әкім­ші­лік шығындары – 4,3 млрд тең­гені құрады және ол өтем­пұл­ға қатысты шығындардан бас­тап, пошталық қызметтерге дейін­гі шығындардың барлығын қам­тыды. Қаржы есептілігін тәуелсіз ау­дитор – Deloitte компаниясы куәландырған.

Қызметкерлер құрамына жұм­­­­­сал­ған шығындар – 7,9 млрд тең­гені құрады. Бұл шығындар заң­намада көрсетілген барлық тө­лемді: жалақыны, жұмыс нәти­жесі бойынша сыйлықақыны, сақ­тандыру төлемдерін, заңнамада көзделген экологиялық және өте­­мақылық төлемдерді, жәрде­ма­қыларды, міндетті зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты және міндетті әлеуметтік аударымдарды қам­тиды. Мысалы, соңғысы шама­мен 700 млн теңгені құрады.

Көп адам өкінішке қарай, зей­нетақы қорының – 10,6 миллион шот­ты басқаратын толыққанды қар­жылық институт екендігін тү­сіне бермейді. Яғни, Қордың клиент­тік базасы Қазақстанның кез келген екінші деңгейдегі банкі­нің клиенттік базасынан үлкен.  

– Қор басшылығы мен қызмет­кер­лерінің жоғары жалақысы да сын­ға ұшырады. Бұл туралы не а­йтар едіңіз?

Қор қызметкерлері жа­ла­­­қы­сының көлемі олардың лауа­зы­мы, біліктілігі, қызметтік міндеті жә­не жауапкершілігіне сәйкес та­ғайындалады. БЖЗҚ-да орташа жа­лақы көлемі Қазақстан бойынша ор­таша жалақы көлемінен жоғары емес. Жұмысшыларға жұмыс нә­­­­ти­ж­есі бойынша төленетін сый­лы­­қақыны ескеретін болсақ, Қор­­дағы жалақы деңгейі қаржы са­­ласындағы орташа атаулы жа­ла­қыға жақындатылған, бірақ одан 25 пайызға төмен.

БЖЗҚ басшылығының жа­ла­қысын орташа статистикалық қа­зақстандықтардың жалақысымен салыстыру дұрыс емес. Өйткені БЖЗҚ қаржылық ұйым болған соң, Қордың басқарушы менеджерлері мен қызметкерлерінің жалақы­сын квазимемлекеттік ұйым­дар­­­­дағы жалақымен салыс­ты­рып қараған жөн. Бұл жерде оқыр­мандардың назарын мына жәйтке аударғым келеді. Қор басшылығы тұрғындарға қызмет көрсету бойын­ша өңірлік операциялық кең­селерді басқарады. Ал кеңсе­лер­дің саны аз емес. Қордың 18 өңірлік филиалында барлығы 215 кеңсе жұмыс істейді. Өткен жы­лы олардың саны 230 болатын. Күн сайын Қор қызметкерлері зей­нетақы қызметтері бойынша 13 мың­дай операцияны орындайды.

Қызметкерлердің көбісінің ғы­лыми атақтары бар және халық­ара­лық сертификаттарға ие (CFA, кә­сіпқой бухгалтерлер, ішкі ауди­тор­лар және т. б.).

Олардың ірі қаржылық және тіп­ті халықаралық ұйымдарда жұ­мыс істеп, БЖЗҚ-дағы жала­қы­дан жоғары жалақы алуға мүм­кін­діктері бар. Алайда олар Қорда жұ­мыс істегенді артық санайды.

– Мүмкін БЖЗҚ-ны мұнша­лық­ты сынау әділетті емес те шы­ғар. Бірақ қалай болғанда да бұған көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Салымшылармен тығыз байланыс орнатып, өзара түсіністікке қол жеткізу және олардың сеніміне ие болу үшін не істеп жатырсыздар?

– Қор салымшылар мен алу­­шы­ларға көрсетілетін қыз­мет­тер­дің сапасын арттыру жолында қыруар жұмыстар атқарып келеді. Бұл шаралар бір қарағанға көзге көрінбеуі мүмкін. Демек, Қор өзіне тиесілі жұмыстарды ойдағыдай ат­қарып келеді деген сөз.   

Біз жылдан жылға да­мып, бар­лық бизнес-үдеріс­ті оң­тай­ландырып, автомат­тан­ды­­рып жатырмыз. Заңнамаға өз­геріс­тер енгізу бойынша әртүрлі ұсы­ныстар әзірленеді. Соның ар­қа­сында бүгінде зейнетақы шо­тын ашып, шарт жасасу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Жұмыс істейтін ұйымыңыздың есепшісі алғашқы зейнетақы жарнаңызды Қорға аударған мезетте, жеке зей­нетақы шотыңыз автоматты түрде ашылады.

Ал зейнетақы төлемдерін алу үшін Халыққа қызмет көрсету ор­талығына келіп, бір терезе қа­ғидаты бойынша бірыңғай өті­ніш берсеңіз болғаны, өзіңізге тие­сілі зейнетақы төлемдері ай сайын өті­ніште көрсеткен банк шо­тыңыз­ға бір мезетте түсіп отырады.  

Өкінішке қарай, кейбір қазақ­стан­дықтар мәселенің байыбына бармай, уәж ретінде қарапайым ма­тематикалық операциялардың нә­тижесін келтіріп, реніштерін біл­діріп жатады. Бүгінде әлеу­мет­тік желілерде жүріп жатқан пі­кірталастарды зерделей оты­­­рып, Қазақстанның жинақ­тау­­шы зей­нетақы жүйесіне қатысу­шы­лары­на мынадай сұрақ қойғым келеді: қалай ойлайсыздар, жы­­­лына 1 200 теңге көп пе, аз ба? Егер Қордың әкімшілік шы­ғын­да­рын (12,2 млрд теңге) барлық зей­нетақы шотының санына (10,6 млн) бөлетін болсақ, осы сома шы­ғады екен. Егер банктердің ала­тын жылдық комиссиясымен са­лыс­тыратын болсақ, бір зейнетақы шо­­тына қызмет көрсетуге кететін ақ­шаның тіпті де көп еместігіне ай­қын көз жеткізуге болады.

 

Сұхбаттасқан
Ботакөз КӨПБАЕВА