Қызылордада «Nur Otan» қалалық филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өтті. Конференция жұмысына бастауыш ұйымдарынан ұсынылған 90 делегат қатысты.
Алқалы жиында қалалық мәслихатқа партиялық тізім бекітіліп, облыстық мәслихат пен Парламент Мәжілісіне партиялық тізімге пікірсайысқа қатысушы кандидаттар анықталды. Сондай-ақ облыстық партия филиалының кезектен тыс өтетін ХХVII конференциясына қатысушы делегаттар сайланды. Ең жоғары рейтингісі бар праймеризге қатысушылар қатарынан Қызылорда қалалық мәслихатына 34 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор, БАҚ өкілдері кірді. Сапалық, сандық құрамына келсек, тізімдегі әйелдердің үлесі 2,5 есе артып, 15,7 пайыздан 38,2 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 2 есе – 10,5-тен 20,5 пайызға дейін өсті. Үміткерлердің орташа жасы 6 жасқа – 53 жастан 47 жасқа дейін жасарды. Қызметтегі 19 депутаттың 6-ы ғана жаңа партиялық тізімге енді. Тізімде білім саласы өкілдерінің үлесі басым – 26,5 пайыз, ШОБ өкілдері – 17,6 пайыз және тағы басқалары. Конференция барысында облыстық мәслихат пен Мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін таныстырды, екінші раундта «сұрақ-жауап» түрінде пікірталас сессиясы өтті. 17 үміткердің ішінен партия мүшелері «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы қалалық квотаға сәйкес 10 кандидатты таңдады. Конференция барысында қалалық партия филиалының сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Филиал төрағасы, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өткендей, партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы праймериз аясында тұрғындардан түскен ұсыныстардың 82 пайызы ескеріліп және қаланы дамытудың негізгі 7 бағыты бойынша әзірленген. Еске сала кетейік, бұған дейін «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдардың конференция кестесін жариялаған болатын, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске арналған партиялық тізімге кандидаттар анықталады. Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 109 кандидат қатысты. Оның 30,2%-ы – әйелдер, 23,8%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 35,7%-ы ұсынылса, 64,3%-ы – өзін-өзі ұсынушылар.Әбілмансұр ЖАСАН