Праймериз қатысушысы Сайрамда ет комбинатын салмақ
Праймериз қатысушысы Сайрамда ет комбинатын салмақ
229
оқылды

Алдағы жылдары еліміздегі ет экспортын арттыруға Сайрам ау­данының қосар үлесі зор болмақ. Өйткені мұнда 2-3 жылда за­манауи үлгідегі әлемдік стандарттарға толық жауап беретін ең ірі ет комбинатын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Сайрам ауданында өткен «Nur Otan» партиясы Сайрам  аудандық филиалының ке­зек­тен тыс 43 конференциясында пікірсайысқа шыққан «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Сырым Ертаев мәлім етті.

– Сайрам ауданы елімізге ет өнім­дерін ең көп өндіретін өңір ре­тінде кеңінен танымал. Қазірдің өзін­де мал бордақылау алаңдары мен мал сою орындары аз емес. Бірақ бұл ет экспортын алға ілгерілетуге аздық етеді. Сондықтан Сайрам ауданынан заманауи әлемдік стандартқа сай ірі ет комбинатын салуға болады. Мұн­да бәрі комплексті түрде жүзеге асы­рылуы тиіс. Тіпті, бордақылауға қа­­жетті жемшөптің бәрі арнайы тек­­­серістен өтіп, өзімізде дайын­далуы керек. Сонда біз 200 келілік мал салмағын 500 келіге дейін семір­туге жағдай жасай аламыз, – деді кә­сіпкер. Тағы бір ұтымды ұсынысты үміт­кер Динара Асылқызы айтты. Ол Ел­­б­асының бастамасымен қолға алын­ған «Жасыл аудан» бағдарла­ма­сын қолдау қажет деп есептейді. Тіпті, мектеп пен балабақшаларға эко­лог мамандарды көптеп тартып, атал­ған мекемелерге арнайы дәріс өт­кізуді ұсынды. Ол өз ұсынысында қо­қыстар мен қалдық заттарды қай­та өңдеуді алдағы 10 жылда 50 пайыз­ға дейін жеткізуге болатынын тілге тиек етті. Жарыссөзде, бұдан бөлек ауыл­дарды газдандыру, ауызсумен қамту, балалар арасындағы семіздікті жою, жа­сөс­пірімдер арасындағы қылмыс­қа тосқауыл қою секілді бірқатар ұтым­ды ұсыныстар делегаттардың кең қолдауына ие болды. Конференцияда дебатқа қатыс­қан облыстық мәслихатқа үміт­кер­лерге дауыс берілді. Нәтижесінде, С.Ертаев – 46 дауыс, Ж.Мұсаханұлы – 35 дауыс, Д.Егамбердиева – 29 дауыс, Б.Төлендиев – 8 дауыс, Б.Ни­­­шанкулов – 28 дауыс, А.Айкан – 26 дауыс, Ш.Халмурадов – 24 дауыс, К.Есебаева – 24 дауыс, Б.Айт­құлов 22 дауыс жинады. 48 аза­­мат аудандық мәслихатқа сай­лауға қа­тысу үшін партиялық тізімге енгі­зілді. Бүгінгі таңда Сайрам аудандық мәслихатында 24 мандат бар. Сай­лаудан кейін бұл құрам кемінде 60-70 пайызға өзгереді. Әйел­дер мен жас­тар саны артады.

Әбілмансұр ЖАСАН