«Nur Otan» партиясы өткізген праймериз жеңімпаздарының бірі Қосшыдағы жарық мәселесін жеке бақылауына алды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, жақында Қосшыдағы «Алтын орда» және «Диаманд» тұрғын үй кешендерінде жарықтың сөніп, тарифтің көтерілуіне байланысты халық ауылдағы Республика көшесін жауып, наразылық білдірген болатын. Ондағы халық аталған тұрғын үй кешендерінде жарықты киловатына 26,7 теңгеден төлеп жатқанына наразы. Осының салдарынан бір үйдің өзінде жарық тарифінің айлық төлемі 10 мың теңгеден асып кеткен. Одан бөлек жарықтың жиі сөніп қалуы да азаматтардың әбден мазасын кетірген. Себебі аталмыш тұрғын үйлердегі жылу батереясы да токқа қосылған. Көбінің балалары қашықтан оқып жатыр. Бұл мәселені реттеу үшін «Nur Otan» партиясы өткізген аймақтық праймериздің жеңімпазы Павел Безвербный Целиноград ауданының партиялық комиссиясымен бірге отырыс өткізген. Отырыстың қорытындысы бойынша мәселені қадағалай алмағаны үшін Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Қанат Ағзамұлы «сөгіс» түріндегі партиялық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар аудандық әкімдікке аталмыш тұрғын үйлердің әр тұрғынымен «АРЕК» ЖШС арасындағы келісімшартты жасау жұмысын осы жылдың 25 қарашасына дейін реттеуге кеңес беріліп отыр. Аталмыш мәселе партияның облыстық филиалының бақылауына алынды.Әбілмансұр ЖАСАН