Көкшетауда жаңадан бой көтерген Сарыарқа ықшамауданының бір топ тұрғындары «Nur Otan» партиясына шағымын айтып келді. Олар аулаларына тағы бір үйдің тұрғызылуына қарсылығын білдірді. «Мұнда онсыз да көлік қоятын жер жоқ. Балалар ойын алаңы да дұрыс жасақталмаған. Сондықтан құрылысқа қалай да жол бермейміз», – дейді тұрғындар.
Халықпен кездесуге қалалық партия филиалының төрағасы, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смаилов келді. Әкімге базынасын жеткізген тұрғындар 5 қабатты үй салуға жол бермейтінін айтты. Жанашыр азаматтар құрылыс жүргізілетін жерге балаларға уақытша футбол алаңын салып беріпті. Енді сол жерде тұрғын үй бой көтерілмек. Аталған 5 қабатты тұрғын үй жылдар бойы кезекте тұрған отбасыларға арнап салынбақшы. «Былай тартса арба сынады, былай тарса өгіз өледінің» кебін киген әкімдіктегілер құрылыс мәселесін тағы бір қарап, бұл мәселені тұрғындармен ақылдасып шешетінін айтып, көндірді. Мәселе «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бақылауында болмақ.Әбілмансұр ЖАСАН