«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті.
ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған жиынға аумақтық партия филиалдары жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағалары және кеңес мүшелері, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес отырысының күн тәртібіне екі мәселе ұсынылып, қаралды. Отырыс барысында «Облыс бойынша кәсіпкерлік және туризм саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайы» туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергенов есеп берді. Күн тәртібіндегі мәселені талқылау кезінде кеңес мүшесі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Теңізбаев мемлекеттік органдарда «Ашық Үкімет» қағидатының сақталмайтынын тілге тиек етіп, басқарманың сайтында мемлекеттік сатып алу, бөлінген бюджет қаражаты көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Кеңес төрағасы басқарма басшысына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жұмыс барысындағы ең негізгі мәселелердің бірі болуы керегін, кәсіпкерлер құқығының тең дәрежеде сақталуын қадағалау, мүдделік қызығушылыққа жол берілмеуі тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар кәсіп жасап, азаматтарды жұмыспен қамтып, мемлекет қазынасын толтыруға үлес қосып жүрген іскер азаматтардың кәсібі жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялап отыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы, №201 мектеп-лицейінің директоры Талғат Садықов сөз алып, ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар жайында баяндады. Кеңес отырысында 9 айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында 86 сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс тіркелгені айтылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,6 пайызға төмен әрі жалпы тіркелген қылмыстың 2,7 пайызын құрайтыны белгілі болды. Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев мұнымен босаңсуға болмайтынын, жағдайды бақылауда ұстап отыру керек екенін жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН