Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының даму перспективасымен танысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ, Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорнының жұмысы туралы баяндады.
Техникалық газ өндірумен айналысатын «ЛиндеГаз Қазақстан» ЖШС-нің, күн электростанциясы бағытында қызмет ететін «ҚазСолар-50» ЖШС-нің, жылу өткізбейтін құбырлар өндіретін «Изоплюс» ЖШС-нің және шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура» ЖШС-нің жетекшілері Мемлекет басшысына өз зауыттарының жұмысы және өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жоспарлары жайында ақпарат берді. Сонымен қатар бүкіл әлемде қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, пандемия кезіндегі жұмыс жағдайы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қайырымдылық істері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазсолар-50» компаниясының өкілімен әңгіме барысында жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.
– Балама электр энергиясы бағытын қолдаймын. Жолдауда біртіндеп көміртек пайдалануды азайту саясатын жүргізу керек екенін айттым. Бұл бағыттың болашағы зор. Бүкіл әлем аталған бағытта дамып жатыр. Мен Германияға барғанымда осы тақырыпта неміс компанияларының жетекшілерімен сөйлестім. Жалпы олармен ынтымақтастыққа назар аудару керек деп санаймын. Күн электр энергиясы болашақта бірқатар проблеманы шеше алатын қуатты көзге айналады. Ол сонысымен тартымды, – деді Президент.
Содан кейін Президент канадалық заманауи технология бойынша өнім шығаратын «Steel Manufacturing» ЖШС-нің өндіріс аумағын аралап көрді. Зауыт жылына латуньнан жасалған 30 миллион бұйым шығарады.