Қонақжайлық: дәстүрден – бизнеске...
Қонақжайлық: дәстүрден – бизнеске...
424
оқылды

Қазақстанның көрікті жерлерін аралайтын туристерге жағдай жасалмағаны туралы жиі айтылады. Мұндайда қонақүйлердің туристік нысандардан жырақта орналасқанын дәлелге келтіреді. Ал бұл мәселенің шешімі барынан шетел­діктерді айтпағанда, қазақстандық туристер  де бейхабар. Иә, бірер жылдан бері еліміздегі туристік нысандардың іргесіндегі ауылдарда қонақжай үйлер жұмыс істеп тұр.  Көлсай мен Қайыңдыға, Айғайқұм мен Шарын шатқалына барғысы келген шетелдіктер Алматыдағы қымбат қонақүйге соқпай, бірден елді мекендерді бетке алуына болады.

Бәлкім, бұл туралы ақпарат аз шығар, ендеше біле жүріңіз, біз бір апта бойы өзімізді турист сезініп, ауылдағы қонақжай үйлерде түнедік. Демалушылар талғамынан шығу үшін не істеу керек екенін зерделеп көрдік.  

Сертификаты бар үй – сенімді үй

«Қазақтуризм» ұлттық ком­­­паниясы мен Қазақстан ту­ризм қауымдастығының ұйым­дастыруымен өткен ақпараттық турда Алматы облысының Ке­ген ауданындағы 20-дан астам қонақжай үйді аралаудың сәті түсті. Қонақжай үй деген­і­міз – бір-екі бөлмесін қонақ үшін дайындап қоятын ауылдағы қара­пайым үй. Бұл үйлерде ту­рист үшін жатын бөлме мен жуынатын бөлме болса, сосын екі мезгіл тамағын берсе жетіп жатыр. Себебі туристер күні бойы табиғат аясында жүреді. Түнеуге ғана келеді. Жүрек жалғап алған соң   келесі ауылдағы туристік нысанға аттанып кете береді. Бұл – туризмнен табыс тауып отыр­­ған шет мемлекеттерде бұ­рын­нан қалыптасқан жүйе. қонақжай Қазақстан туризм қауым­дастығының жетекшісі Рашида Шайкенованың айтуынша, ауыл­дағы туризмді дамыту 2005 жылы қолға алынғанымен, нағыз жұмыс визалық жеңілдіктер енгізуді бастаған 2016 жылдан беріде ғана қар­қын алыпты. «Бүгіндері республика көле­мінде 200-ге жуық қонақжай үй бар. Бірақ бұл көрсеткіш өзгеріп отырады. Өйткені қонақжай үйлер 2 жылда 1 рет сертификаттаудан өте­ді. Себебі соңғы уақытта ту­ристер тарапынан жергілікті жер­лерде көрсетілетін қызмет сапа­сына шағым көбейген. Біздің ойымызша, сертификаттау – қызмет сапасын арттырудың қуатты құралының бірі. Шетел­діктер сапа  стандартына сай  үйлерді ғана таңдауға тырысады. Бұл өз кезегінде ауылдағы туризм­ді дамытуға, жаңа жұмыс орнын құруға  ықпал етеді. Ең бастысы,  ауыл жастарының қалаға қоныс аударуына  тосқауыл болады», – дейді Рашида Рашидқызы. қонақжай Оның дерегінше, еліміздегі қонақжай үйлердің барлығы бір­дей аттестатталмаған. Сондықтан  бұл бағытта белсенді жұмыс істеуге тура келмек.   Сертификаты бар  үй сенімді үй саналады. Сенімнен шыққан үйге қонақ  көп келеді, табысы да артады. Сондықтан сапа стандартын алуға қонақжай үй иелерінің өзі мүдделі екен.   Жалпы, ерікті түрде сертификаттаудан өткендерге Алтын, Күміс және Қола деңгейі беріледі. Ол деңгейді 2 жыл сайын растап немесе көтеріп отыру та­лап етіледі. Бұл қызмет сапасын тү­сіріп алмау үшін қажет.  

«Тақтайдай жол да, сапалы интернет те керек емес»

Әлгінде айтқанымыздай, жыл са­йын қонақжай үйлер саны кө­бейіп жатыр. 2018 жылы  140-қа жуық қонақжай ашылып, 370-ке жуық тұрғын жұмыспен қам­тылыпты. Қазіргі уақытта Ал­маты (Саты, Қарабұлақ, Қара­қастек, Лепсі, Қарабастау, Талғар), Қарағанды (Қарқаралы, Шабанбай би), Түркістан (Жабағылы, Ленгер), Шығыс Қазақстан (Черная уба, Риддер), Ақмола (Щучинск, Сарыбұлақ, Бурабай, Қорғалжын), Жам­был (Мерке, Мыңқазан) облыс­тарындағы біз атаған елді мекен­дер­де қонақжай үйлер ашылған. Қонақжай үй ашқандардың басым бөлігі несие алмаған,  кәсібіне жиған-терген қаржысын құйған.  Баға әр ауылда әрқалай: туристік нысанға жақындаған сайын қонақжай үйдегі орын бағасы қымбаттай түседі. Мыса­лы, Көлсай мен Қайыңдыны кө­руге келгендер тоқтайтын Саты ауылындағы қонақжай үйдегі бір орынның бағасы 8 000 теңгеден басталады. Ал Са­ты­ның іргесіндені Қарабұлақ ауылындағы қонақжайлардың бағасы 5 000-6 000 теңге ма­ңайында. Сондықтан үнемшіл ту­ристер осы ауылға тоқтайды. Саты ауылы 15-20 минуттық жер­де, әрі қарай Көлсай мен Қа­йыңды. Қалталы туристер   Көл­сайдың өз басындағы Kolsay Lakes Village қонақүй кешенінде демалып жатыр. Екі адамдық бөлменің бағасы 28 000 теңгеден басталады. Алты адам үшін бір түнге 120 000 теңге төлеуге де болады қонақжай Ал Алтынемел ұлттық табиғи паркіне келетін туристер үшін Басши ауылының қонақжай хал­қы қызмет етуге даяр.  Егер  жазда барсаңыз, ұлттық табиғи паркке тиесілі екіқабатты қонақжай үйге түсуге болады. Бір орын үшін 5000 теңге. Ұлттық табиғи парк­тің Шыған  қорығында да қонақжай үй бар, жамбасақы үшін 2500 теңге алады.  Қорықшы түнеткенімен, тамақ бермейді. Ас-суыңызды арқалап келмесеңіз аш қаласыз. Бұл үй 10 адамнан артық қабылдамайды. Шығандағы үйде демалғыңыз келсе, ұлттық табиғи паркке қоңырау соғып, алдын ала орын сайлап алыңыз. Себебі Айғайқұмға жақын қонақжай осы ғана.  Ал егер тамағын да бере­тін, жуынып-шайынуға да мүм­кіндік жасайтын жайлы орын із­десеңіз, Басши ауылындағы қо­нақжай үйлерге бас сұғыңыз. Бағасы бір орын үшін 6 000-8 500 теңге аралығында, 3 мезгіл тамақ ішесіз. Басши ауылында қонақүй де бар: «Айғайқұм»   қонақүйінде адам басына 6 000 теңгеден тө­лейсіз, 3 мезгіл тамақ үшін бөлек шығын шығарасыз, мысалы,  таңғы ас үшін 1 500 теңге, түстік пен кешкі ас үшін 2 000 мың тең­геден төлеу қажет. Қонақжай үйлердің бар­лы­ғында интернетке Wifi ар­қы­лы қосылады, бірақ бұл ин­тер­нет сапасы барлық үйде жақсы деген сөз емес. Са­пар ба­рысында интернетке қосыл­ғанымызбен, видеоны қойып, фото жүктеудің өзі   мұңға айнал­ғанын ескертеміз. Біз барған ауылдардың барлығында дерлік жол  жақсы, тақтайдай тегіс.  Алаға­бас ауылдық округіне қарас­ты Жіңішке  ауылының жолы ғана сын көтермейді екен. 400-ге жетер-жетпес адам тұра­тын ауылдағы жолдың нашар­лығына қарамастан, мұнда Гер­мания мен Польшадан келіп демалатындардың қарасы көп көрінеді. Бір қызығы, бұл ауыл­дағы қонақжай үй ұстай­тындар жол салуға, интернет же­лісін тартуға қарсы. «Өркениеттен шар­шаған ел демалуға келеді, егер интернет тартылса, жол жөн­делсе, олар  демалуға келмей қояды, бизнесіміз тоқырайды ғой», – дейді...

«Бізді «Көлсай» асырап отыр»

Біз табалдырығын аттаған қонақжай ауылдардың арасында Сатының бәсі басым ба дедік. Себебі осы ауылдың басым бө­лігі қонақжайлықты бизнеске айналдырған. «Бізді «Көлсай» мен «Қайыңды» асырап отыр», – дейді олар. Бұл сөздің жаны бар: қонақжайлығының арқасында кәсібін дөңгелетіп, тұрмысын түзеп алғанның бірі – Қарлығаш Құдабаева. «Сатының туризмін Сатының халқы көтерді. 10 отбасы бастады да, жастар іліп әкетті. Бұрын 4 төсек дайындасақ, бү­гін өр­кениетке  ыңғайланып, туристерге жақсы сервис ұсынсақ, соған сай табыс тапсақ, бала-шағаны жеткізсек деген ниетпен жұмыс істеп жатырмыз. Өзім де, отағасы да жоғары білім алған емеспіз. Көлсай болмағанда балаларды оқыта алар ма едім деп ойлаймын. Бізді Көлсай асырап отыр», – дейді ол. Осыдан 10 жыл бұрын қо­нақ­жайлықты кәсіп еткен Қар­лығаштың өмірі соңғы 5-6 жылда күрт өзгерді. Ресейден келген Валера есімді жігіт  Booking.com сайтына тіркеліп, жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіпті. Көлсай «Содан бері шетелдіктер өте көп келеді. Booking.com арқылы былтыр 3 айда 500-ге жуық адам келді.  Польша, Италия, АҚШ, Дания, Германия, Жапония, Қы­тай, Үндістан, Голландия, Португалиядан келеді. Қазақ­стан­дықтар да баршылық. Бірақ жергілікті туристер демалу мә­дениетінен жұрдай. Ақша тө­ледік, бәріне құқылымыз деп ойлай ма, қоқсытып жібереді. Ал шетелдіктер мына қоқысты қайда тастауға болады,  темекіні қай жерде тартқан дұрыс деп сұрайды. Қазақстандықтар үйдің ішін көк түтін қылады.  Бұл енді шетелдіктің бәрі керемет дегенім емес. Қытайдан келген бір қыз ағылшын тілін білмейсіз деп ренжіді. Қырсыққанда сол жылы ауылда интернет нашар болды. Ал мен шетелдіктермен гугл-аудармашы арқылы сөйлесемін ғой. Интернетті қасақана өшіріп тастадыңыз, қатты сөйлейсіз деп сөйлеп-сөйлеп  кетіп еді, Booking.com-ға мен туралы на­шар пікір жазып қойыпты. Оны көріп қалған Валера  хабарласып, сервисті қалай жақсарту керегін айтып, кеңесін аямады. Өзі бір мың болғыр бала екен», – дейді ағынан жарылып. Айтқандай, Даниядан кел­ген 4 жігіт Қарлығаш пен Ар­қабай Құдабаевтардың қызметіне ақысын ар­ты­ғымен төлеп қоймай, қонаққа шақырып кетіпті. Ұшақ билетін  алып жібереміз деген екен. Сол арада пандемия қабаттасты. Ал Қарлығаш бұл індет келмесе де, ешқайда жол жүруді ойлап отырған жоқ. Таң­мен таласа   бауырсағын илеп, тамағын пі­сіріп, туристердің кү­тімін жасау­дың қамымен шап­қылап жүр... Түйін:

Коронавирус пандемиясы ту­ризм саласына кері әсер етті де­генді айтып жүрміз. Ал біздің көргеніміз – ішкі ту­ризммен ай­налысатындардың  жұ­мысы толастамай тұр. Тіпті, қонақ­жай­лықты кәсіп еткендер бизнесін кеңейтуге кіріскен. Елдегі туризм­нің тамыры  бүлкілдеп-ақ жатыр...

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ