YouTube желісі жаһан медиасының басты тетіктерінің біріне айналғаны сөзсіз. Бұл видеоплатформада қазақ тіліндегі контенттер үздіксіз көбейіп жатыр. Тіпті, табыс табудың жолына айналып үлгерді. Дегенмен қазақша видеоконтент сұранысты ақтап жатыр ма? Көрерменге қай бағыттағы дүниелер ұсынылып жатыр, ал ең бастысы аудитория қалыптастыра алдық па?
Бір платформа – дүние
Осы күні телеарналардың өзі YouTube-қа тәуелді. Әрқайсы жеке парақшасын ашып, платформа арқылы көрермен жинауға көшкен. Бірақ көрерменге қызықты һәм сапалы дүние ұсына алған кез келген адам даңққа бөлене алады. 2019 жылы 2 млрд адам YouTube-ты тұрақты түрде, күнделікті үзбей пайдаланған екен. Ал YouTube Genesis Qazaqstan-ның болжамына сенсек, былтыр Қазақстанда айына 10 миллион адам видеоплатформаны шолып отырған, оның 70%-ы, яғни 7 миллионы апта сайын, 6 миллион адам күн сайын кірген. Орташа есеппен алғанда, әр қолданушы шамамен 40-60 минут уақытын күнделікті YouTube-қа арнайды екен. Мұндай үлкен трафиктің басты себебі бар, адамдар мәтінді оқығанға қарағанда визуализация арқылы, яғни бейне арқылы көруге ауысып, теледидардың орнына YouTube-ті қолдана бастаған. Мысалы, ел аумағында 2011-2019 жылдары теледидар қарайтындар саны 2 есе азайыпты. Демек, YouTube-тың дәурені жүріп тұр. Енді платформаның ішіне ойыссақ. Дәл жаңағы YouTube Genesis Qazaqstan мынадай мәліметті келтіреді. Жалпы, Қазақстандағы интернет қолданушылар YouTube-ке телебағдарламаларды, клиптерді көруге, ән тыңдауға көбірек кіреді екен. Қолданушылардың саны күн санап артып келе жатқанымен, отандық видеоконтент өте аз. Сондықтан жеке арнасын ашып, дамытқысы, пайда тапқысы келетін азаматтар үшін мүмкіндік туып тұр. Сұранысқа сай өнім болмағандықтан, YouTube көрермендері шетелдік, әсіресе ресейлік өнімдерді қарайды. Алайда Қазақстандағы YouTube көрермендерінің басым бөлігі қазақтілді қолданушылар. Негізі, YouTube көрерменінің 60%-дан астамы 2000 жылдардан кейін туған балалар болса, олардың 80%-нан астамы қазақ тілінде білім алған. Сондықтан қазақтілді контент өсе беретін сыңайлы. Бірақ мәселе мынада, қазақша контенттің қаралымы жоғары болу үшін Қазақстанмен шектелмей, өнімді ТМД елдері көретіндей етіп жасау қажет. Ал оның қиын дүние екені айтпаса да түсінікті. Орыстілді контент сапасы, деңгейі, мазмұны қазақтілдіге қарағанда жоғары екенін жасыра алмаймыз. Мәселен, бізде телеарналар ашқан парақшаның жазылушысы көп. Қазақстандық ең үздік бестікті қараңыз: Gakku, «Той думан», «Седьмой канал», «Еуразия 1», Qazaqstan TV. Жазушылар саны бар болғаны 1-2,5 млн арасы. Ресейде бір ғана сұхбат жанрындағы вДудь парақшасының 8,37 млн жазылушысы бар. Ал бізде осы сұхбат жанрын жүргізіп отырғандардың деңгейін салыстырып көрсек. Журналист Аман Тасығанның Aman Tasygan LIVE арнасына 305 мың адам тіркелген. Арасы жер мен көктей. вДудьтың кей сұхбаттары 20-30 млн қаралым жинаса, Аман Тасығанда бұл көрсеткіш 1,5-1,7 млн. 15-20 есе айырмашылық. Демек, орыс тіліндегі контенттердің сұранысқа ие болып тұрғаны айдан анық.Қаралымың көп болса, қалтаң қалың
Қазақстандық YouTube-те танымал болған видеоблогерлердің қатарында Pazl, Noni.kz, MikeMiller, AJIuKZ, «Суперкеліншек», «Шоу Ирины Кайратовны» арналары бар. Бұл тізім өте ұзақ және күн сайын көбейіп жатыр. Қорыта айтқанда, отандастарымыз қарайтын негізгі екі бағыт қана бар, танымдық және көңіл көтеру. Ал мұндағы блогерлер табыс тауып жатыр ма? Осыған тоқталсақ. Шыны керек, ең әуелі бір нәрсе анық, қазақша контент арқылы мол ақша табудың ауылы әлі жырақтау. Табыстың аз болуына басты себеп бар, ол – жарнама нарығының әлі дұрыс жолға қойылмауы. Отандық видеоблогерлер айына 5 миллион қаралым жинаса да, түсетін пайда 400-500 доллардан аспайды. Мұндай көрсеткішке Ресей, Канада, Аустралия сияқты елдерде 5-6 мың доллар төлейді. Алайда бірінші орынға ақшаны емес, сапаны қойса, жарнама берушілерді тарту оңайырақ болады. Дегенмен қазақша контент арқылы 5 млн қаралым жинау әлі мүмкін емес дүние сияқты болып көрінеді. – Мұнда пайда табу үшін келмеу керек. Блогерлердің жіберетін ең басты қатесі де – осы. Дәл осы мәселе бойынша жұмыс істеу қажет. Ақша бар болса, шыдам мен уақыт керек. Қазір жарнама біртіндеп Instagram-нан YouTube-ке ауысып жатыр. Бірақ ұзақ үрдіске созылып кетті. Мысалы, елдегі көптеген компания бюджетінің басым бөлігін телеарнаға немесе Instagram-ға бөледі. Себебі жұрттың көбі осы желілерге ағылған. Тек қаржының 5%-ын видеожарнамаға береді. Қарасаңыз, өте аз қаражат. Бір анығы, келешекте елдегі жалпы контенттің 80%-ы видеоконтентке ауысады, – дейді YouTube Genesis Qazaqstan контент-продюсері Ақбота Салғараева. Бір ұққанымыз, мысалы Ресейдің ғаламтор коммерциясы нарығы теледидардың коммерция нарығына жетіп қалған. Бәсекелестік таныта алады. Яғни, бүгінгі аудиторияға ғаламтордағы жарнама теледидарға қарағанда бірнеше есе өтімдірек. Сәйкесінше, бүкіл бренд қаражатын ғаламторға бағыттайды. Ал Қазақстан оған енді ғана беттеп келе жатыр. Түйіндей келе айтарымыз, YouTube-та қазақтілді оқырманның көбейіп жатқаны. Бірақ олар қандай контент көреді, бұл – басқа мәселе. Көбіміз орыс тіліндегі контентке белгілі бір деңгейде «мұқтаж» екеніміз жасырын емес. Ал оны жойып, жаңа үдеріс бастау үшін қазақ тіліндегі сапалы видеолардың көбеюі тиіс. Бұл мәселенің ар жағында мемлекеттік тілдің мүддесі жатқанын ұмытпасақ керек.Мадияр ТӨЛЕУ