Бүгінгі әлем бұрынғылардың «жау жоқ деме, жар астында» дейтіні расқа айналғанын айғақтап тұр. Мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін сын-қатердің сипаты да өзгеріп келеді. Бір ғана COVID-19 пандемиясының өзі талай мемлекетті әбігерге салғанын көрдік. Ал заманауи ұрыс техникасы мен соғыс жүргізу тәсілдері, соңғы технология әскердің де мойнына артылар жүктің ауырлап бара жатқанын көрсетіп отыр. Әсіресе, Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін армияның етек-жеңін жинау қажет екені байқалып қалды.
Цифрлы технология армияға да жетті
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісіне қатысты. Жиында Президент Қорғаныс министрлігінің басшылығын жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да күрт өзгеріп жатқан әлемдегі ахуалды жіті бақылап отыруға шақыра отырып, қазіргі қауіпсіздік архитектурасы дағдарысқа ұшырағанын айтты. Сөйтіп, іс жүзінде қауіпсіздікке қатысты бұрыннан қалыптасқан тұжырымдардың өзгеріп кеткенін тілге тиек етті. Әрі Қ. Тоқаев осыған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтау үшін Қарулы Күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет екенін айтты. Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилерге армиядағы моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру, әскерилерді әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғау, армияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек екенін атап өтті. Сонымен бірге армияны ең озық цифрлы технологиялармен және құралдармен жабдықтаудың маңызды екенін ескертті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің заманауи сын-қатерге төтеп беру қабілетін арттыру турасында нақты тапсырмалар жүктеді. Ал Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев Қарулы Күштерді дамытудың қорытындылары, сондай-ақ министрліктің стратегиялық бағыты жөнінде есеп берді. Әрине, сырт көзге бұл жиын жыл аяқталар тұста кез келген министрлік ұйымдастыратын кезекті есеп беру жиналысынан аумайтыны анық. Алайда Президенттің алқа мәжілісінде айтқан ойларынан Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған бірқатар месседжді байқауға болады. Біздің пайымдауымызша, мемлекет соңғы жылдары армияның цифрландырылуына айрықша көңіл бөле бастаған. Тіпті, Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада да концептуалды өзгерістер бар. Мемлекет кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғыстың алдын алу ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Әуеқорғанысын күшейту, әскер түрлері мен тектерінің радиооэлектронды күрес элементтерін дамыту, әскердің жедел әрекет ету әлеуетін көтеру мақсатында әскери-транспорттық авиация паркін арттыру бағыттарына басымдық беруде. Мәселен, тек 2020 жылдың өзінде армия үшін 370-тен астам жаңа техника сатып алынған. 200-ден астамына күрделі жөндеу жасалыпты. Министр Н.Ермекбаевтың баяндамасына қарағанда, армия қазір заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс және ұшқышсыз ұшу құрылғыларына ерекше назар аударып отырса керек. Әскери дрондар дәуірі басталған кезде мұндай қадамға бару құптарлық іс екені анық. Сөйте тұра, ұшқышсыз ұшу құралдарына қарсы күрес те өзекті болып отыр. Бірақ сарапшылардың арасында Қазақстанның қорғаныс әлеуетіне күмән келтіретіндер де бар.Рейтинг деген бар
Әдетте жаһандағы елдердің қорғаныс қабілетін түрлі орталықтар зерттеп, зерделеп өздерінше рейтинг жасап жататыны бар. Әрине, ондай рейтингтің барлығы елдің қорғаныс қабілеті мен әскери әлеуетінің қаншалықты екенін дөп басып көрсете алмайды. Дегенмен біраз сыр ақтарады. Мәселен, GlobalFirePower дейтін рейтингте Қазақстан биыл 63-орынға тұрақтады. Соңғы жылдары 53-56-орындар арасында тұратын Қазақстанның неге бұлай «кері кеткенін» түсіну қиын. Бәлкім, қаруланып, армиясын күшейтіп жатқан елдер қатар өсті ме, әлде біздің бірқатар дерегіміз қолжетімсіз болды ма, қайдам, әйтеуір рейтингте кері сырғыған жайымыз бар. Алайда тек осынау рейтингтің өзі 50 фактор ескеріле отырып жасалатынын ұмытпау керек. Онда теңізге шығатын жолдан бастап халық саны, алтын-валюта қоры, сыртқы қарызы тәрізді түрлі шарт қарастырылған. Алайда ашық деректер негізінде жасалатын рейтингте қателер де бар. Мәселен, зерттеудің есебінде Қазақстан армиясында өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы жоқ деп көрсетілген. Ал іс жүзінде бар. Тіпті, олардың саны 300-ден асады. «Нона-С», «Акация», «Тюльпан» «Гвоздика», «Айбат» және «Семсер» тәрізді артқондырғылар сөзімізге нақты дәлел. Сол сияқты қорғаныс бюджеті 4 млрд доллар деп берілген. Бірақ Қазақстанның қорғаныс бюджеті мұнша сомаға жете қоймайды. Әрине, ішкі тәртіп, құқық саласы, шекара қызметі мен ұлттық қауіпсіздік бағытындағы қаржының барлығын қосқанда бюджет көлемі аталған деңгейге жетуі мүмкін. Бірақ 4 млрд доллар тек Қарулы Күштерге бөлінеді деп бағалау қате. Сондықтан GlobalFirePower рейтингінде көрсеткішіміздің төмендеп кетуін мәліметтер аздығымен байланыстырған дұрыс. Әрі елдің нақты қорғаныс қабілетінің деңгейі қандай да бір есеп-қисаппен бағалана қоймайды. Мәселен, Таулы Қарабақта соғыс басталардан бұрын Армения әскерінің мүмкіндігін ешкім тым төмен бағалаған жоқ. Оларда 480 танк болды. Өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, «Град», «Смерч» тәрізді реактивті атыс қарулары, «Точка У», «Эльбрус» қатарлы тактикалық зымырандар бар еді. Атышулы С-300 зениттік зымыран кешендерінің де жеткілікті болғаны айтылатын. Алайда 40 күннен астам уақытқа созылған ұрыс кезінде жағдайдың мүлдем басқаша екені белгілі болды. Танктерге қатысты түбегейлі өзгермесе, олардың «қозғалатын темір табыт» болуға ғана жарайтынын көрдік.Таулы Қарабақ жанжалынан не түйдік?
Негізі, Таулы Қарабақтағы ұрыстар қорғанысқа қатысты тұжырымдарды өзгерткендей көрінді. Оқиғаны бақылап отырған азаматтар мен сарапшылар ендігі ұрыста ұшқышсыз ұшатын құрылғылар шешуші рөл атқаратынын айтумен болды. Қазақстан армиясына да мұндай құрал қажет екенін алға тартушылардың қарасы көп еді. Бірақ заманауи ұрыс тағдыры тек бір ғана техниканың немесе фактордың әсерімен шешілмейтініне назар аударған жөн. Таулы Қарабақта атышулы Bayraktar TB2, Horon, SkyStriker дрондары ғана емес, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, десанттық-барлау, десанттық-штурм жасақтары да айрықша рөл атқарғанын ескеру керек. Техника мен өзгеше үлгідегі әскери даярлық үйлесті. Бірақ мұндай үлгіні біз де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Мәселен, Қорғаныс министрлігі арнайы операциялар күштерін дамытуға ерекше көңіл бөле бастаған. Бұл дегеніңіз – Әзербайжан пайдаланған десанттық-барлау және десанттық-штурм топтарының баламасы деген сөз. Одан бөлек, дрондарға қарсы қорғанысқа да көңіл бөлу өзекті. Бәлкім, содан да болар биыл Қазақстан армиясы алғаш рет «Бук» зеннит-зымыран кешенін сатып алды. Одан бөлек, армия төмен ұшатын нысандарды анықтайтын «Роса» радиолокациялық стансалары мен Қазақстанда жасалған «Нұр» радиолокациялық қондырғыларын пайдалана бастады. Қозғалыстағы нысандарды барлайтын және батареялық күресті бақылайтын «Платформа» радиолокациялық стансасы да қару-жарақ құрамын толықтырған. Әрине, германиялық Rheinmetall тәрізді компаниялар жасайтын қаруларды алсақ артықтық етпес еді. Бірақ Қазақстанның әскери ынтымақтастық саласындағы және бірқатар одақтардағы серіктесінің қай мемлекет екені еске түссе, бәрібір қорғаныс қабілетіміздің көршіге байланысты екенін мойындауға мәжбүр боламыз. Дегенмен дүниенің түпкір-түпкірінде болып жатқан аймақтық қақтығыстар шабуыл және қорғанысқа қатысты тұжырымдар түбегейлі өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, әскери ІТ мамандарының айы оңынан туып келе жатқан тәрізді.Ғарыш та қорғанысқа қызмет етуі керек
Негізі, жұрт тамсана айтып жүрген әскери дрондар тым озық технология емес. Әзірге көптеген ел оны жердегі кешендерден радиосигналдар арқылы басқарып жүр. Ал мықты ІТ мамандар мен қуатты радиоэлектрондық күрес құралдарды аспандағы дрондарды «айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей» етіп «аулай» алады. Осыдан біраз жыл бұрын Иран мамандары АҚШ-тың сондай құрылғысын бір оқ шығармай қондырып алған. Бәлкім, содан шығар бауырлас Түркия әскери дрондарды жер серігі арқылы басқару ісін бастады. Әрі олар да жаһанның супердержавалары тәрізді ғарышта әскери мақсаттағы жер серігін ұстайды. Goktürk 2 жер серігі – әскерилердің еншісінде. Алайда заманауи ұрыс техникалары алдағы уақытта жасанды зейін арқылы басқарылуы мүмкін. Ондай зерттеулер АҚШ тәрізді елдерде жасалып жатыр. Мәселен, АҚШ бірер жыл бұрын жасанды зейін орнатылған Skybord деп аталатын әскери жүйені таныстырған. Онда жасанды зейін орнатылған әскери дрондар нысананы өзі іздеп табуға, олардан төнетін қауіпті есептеп, соған сәйкес әрекет етуге, қажет кезінде базаға қайтып, оқ-дәрісін толтырып алуға «машықтанады». Skybord тіпті тұтас әскери операциялар туралы жеке-дара шешім қабылдауға қабілетті. Яғни, оларды сарбаздар басқарып әуре болмайды. Мұның өзі еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін ІТ технологияға айрықша көңіл бөлу қажет екенін көрсетсе керек. Рас, әскерилер бізге құпиясын аша бермейтіні анық. Ашық деректерге қарағанда, қорғаныс саласын цифрландыру өзекті бола түскенін байқаймыз. Алайда моральдық тұрғыда ескірген техникалардан бас тарта қоймағанымыз да рас.Амангелді ҚҰРМЕТ