Атырауда франкофондар клубы ашылды
Атырауда франкофондар клубы ашылды
136
оқылды
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде алғаш рет франкофондар клубы ашылды. Клуб мақсаты - Француз тілін меңгертіп, мәдениетімен танысу, сол арқылы таным көкжиегін кеңейту және  білімді жетілдіру. Клуб француз тілін меңгергендер мен үйренгісі келетін мақсатты топқа арналған. Клубтың ашылу салтанатына Дидье Канессе мырза - Францияның Қазақстандағы Төтенше және  Өкілетті елшісі, Алекси де Кромбрюгге -Қазақстандағы Белгия корольдігі Төтенше және Өкілетті елшісі, Алекс Бортолан-Франция елшілігінің  ынтымақтастық және мәдени іс-қимыл жөніндегі кеңесшісі мен өзге де  жоғары мәртебелі қонақтар және қаламыздағы клубқа тіркелген франкофондар, дөңгелек үстелдің қонақтары қатысты. Онлайн форматында өткен кездесу ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар  тәжірибе алмасу, студенттерді алмасу және  «Тоtal»  бағдарламасы аясында бірлесе жұмыс атқаруға ынталы екендігін білдірді.
"Интернационалдандыру - университеттің стратегиялық бастамаларының бірі және Франкофондар клубының ашылуы - осы мақсатқа бағытталған қадам. Клубтың ашылуына Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье КАНЕСА мен Бельгия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алекси де КРОМБРЮГХЕ де ПИКЕНДАЛЬ-дың қатысуы болашақта атқарылатын жұмыстарға серпін береді деген сенімдеміз", – дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.
Университет халықаралық байланысты нығайтуға маңыз беріп отыр. Өңірдегі шетелдік компаниялармен әріптестікті дамыту бағытында бірқатар шаралар бастау алды. Көп тіл білу - заман талабы. Оқу орнында қызметкерлер мен профессорлық-оқытушылар құрамына ағылшын тілінен тегін курс ұйымдастырылды. Қытай тілін үйрету курсы да жүріп жатыр. Ендігі кезекте испан тілі орталығы ашылады деген жоспар бар. Мұнайлы аймақта мұнай-газ саласы мамандарын дайындайтын, әрі білім алған студенттердің көп тіл меңгеріп, әлемдік деңгейде тәжірибеден өтуіне жағдай жасап отырған жоғары оқу орнындағы іргелі істер елімізде жан-жақты білікті мамандардың қатары көбеюіне ықпал етеді деген сенімдеміз.

Тұрсын  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Атырау облысы