Қазақстан өлім жазасынан түпкілікті бас тартуға кірісті. Мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге» ІІ факультативтік хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Оны Парламент қабылдап, Президент қол қойған соң, республика жазаның осы түрін қолданбайтын болады.
Жиында депутаттар әзірлеген, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бірқатар заң жобасы мақұлданды. Арасында «Астық туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Н.Нығматулиннің байламынша, заңнамаға осы түзетулер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған: ол елді астықпен кепілдендірілген түрде қамту үшін қажетті заңнамалық базаны түзеді. Мәжіліс төрағасы, әсіресе коронавирус пандемиясы таралған қазіргі заманда елдің өзін тамақ өнімдерімен қамтуға деген қабілеті ерекше мәнге ие болғанын нықтады. Ұн, нан және тоқаш өнімдері, макарон түрлері, ұннан жасалатын басқа да әлеуметтік маңызды тауарлардың тапшылығы халық тұрмысына да, әлеуметтік көңіл күйіне де теріс ықпал етуі мүмкін. Құжат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындай қалған, ТЖ жарияланған кезде елді азық-түліктік астықпен кепілді түрде жабдықтауға бағытталған. Қажет болса, экспорт шектеледі. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы осы нарықтағы оператор ретіндегі стратегиялық мәртебе иеленеді, үлкен рөлге қол жеткізеді. Бұдан бөлек, жиында депутаттар ветеринария мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша енді ветеринариялық паспортты электронды форматта беру бойынша мемқызмет көрсетіледі. Қызметтерді автоматтандыру қағаз құжаттарды дайындауға шығындалатын бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, адами факторды жояды, құжат беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді. Агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге бағытталған жобалар қатарында «Мақта саласын дамыту туралы» заңының күші жойылды деп тану және кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Саладағы проблемаларды заң жүзінде шешу мақсатында Парламент депутаттары жаңа заң жобасын әзірледі. Онда мақта қолхаттары ретке келтіріледі, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады.Айхан ШӘРІП