Жамбыл ауданындағы жұмыстар жан жадыратады
Жамбыл ауданындағы жұмыстар жан жадыратады
322
оқылды

Жамбыл облысы – қай кезде де өзінің өндірістік әлеуетімен танылған өл­ке. Аграрлық  өңірде  асы­раушы саланы алшаң бас­тырып, тұрғындардың тұр­­­­­мысын түзеуде ау­дан­дардың сіңіріп жатқан ең­бегі ұшан-теңіз. Әсіресе, ай­мақпен аттас Жамбыл ауданының жыл ішінде жеткен жетістігі орасан. Оны біз айтпасақ та бұқара көзбен көріп, тындырымды тірлікті бас бармақпен ба­ғалауда.

67,4 миллиард теңгеге 11 жоба жүзеге асады

 Ауданда 10 ай ішінде өнеркәсіп өнімдері 0,3 пайызға артып, 15,6 мил­лиард теңгені құраған. Не­гізгі капиталға салынған ин­вестиция 4,3 миллиард теңгеге өсіп, 25,3 мил­лиард теңгеге жеткен. Енді алдағы уақытта аудан 67,4 миллиард тең­геге 11 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, 1,5 мил­лиард теңгеге «Жамбыл Ет MS» ЖШС мал бордақылау алаңын салса, «Көк­жиек–2030» ЖШС дәл осындай сомаға сүт фермасының құрылысын жүргізеді екен. Ал «Алель Агро» ЖШС 2,5 миллиард теңгеге құс фабрикасының кірпішін қаламақ. Бұдан бөлек, Good Look ЖШС сүт тауарлы фермасының (2,5 млрд теңге), «Денвер-Т» ЖШС жылыжай кешенінің (2,5 млрд теңге), «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасының 4 корпусының (150-180 млн теңге), «КазФос» ЖШС натрид гек­саметофосфатын өндіретін желісін (2 млрд теңге), «Тараз» ӘКК және «Далаагро» ЖШС жылыжай кешенінің (15 млрд теңге), Shell ЖШС күн электростансасының (20 млрд теңге), «Тараз Мұнай Өнімдері» ЖШС сұйытылған газ шығаратын зауыт құрылысын (20 млрд теңге) және Super pharm ЖШС бірреттік медициналық шприцтер шыға­ратын 3 корпус құрылысын (1,2 млрд теңге) жандандырмақ. «Қарапайым заттар эконо­ми­касы» аясында 1,8 миллиард теңгеге 23 жоба қаржыландырылып, бұдан бөлек 105 миллион теңгеге 3 жоба қаралу үстінде.

7 елді мекенде 77 жылыжай жұмыс істеуде

Ауыл шаруашылығы саласына келсек, ауданда өндіріс орында­рының ұлғаюымен қатар дала ең­беккерлерінің табысы артқан. Есепті кезеңде өндірілген өнім көлемі 38,9 миллиард теңгені құрап, 5,7 мил­лиард теңгеге өсіп отыр. Бұдан бөлек, қысы-жазы көк­өніс өндіретін жылыжайдың да саны көбеюде. Атап айтсақ, биыл 7 елді мекенде 77 жылыжай жұмыс істеп, 3,3 гектарға қызанақ, 13,1 гектарға қияр және 0,5 гектарға өзге де дақылдар еккен. Нәти­жесінде, 1-2 айналымда 400 тонна қызанақ, 1 487 тонна қияр және 49,6 тонна басқа да дақылдар жи­налған. «Қазсушар» мекемесі жобасы шеңберінде «ПУИИД-2» (3,6 млрд теңге) және «Еуропалық даму бан­кі» (7,4 млрд теңге) ар­қылы 553 шақы­рымды құ­райтын 69 каналды қал­пына кел­тіру жұ­мыстары жүр­гізілуде. Аталған каналдар 14 556 гектар ал­қапты суландырмақ. Ғарыштық түсіріліммен иге­русіз жатқан 3 327 гектар жер мем­­лекет қорына алынып, 9 696 гек­­тар конкурс арқылы қайта айналымға қосылған. Сонымен қатар биыл 10 айда 287,9 мил­лион теңгеге 71 дана ауыл шаруа­шы­лығы техникасы сатып алын­ған.

Шаруалар пилоттық жобаның шарапатын көрді

«Жамбыл облысы тұрғын­да­рының тұрмыстық табысын жақ­сарту» пилоттық жобасының ша­ра­патын аудан шаруалары мо­лынан көріп жатыр. Жобаға таң­далған Бесағаш ауылдық округінде 5 бағыт бойынша 280 өтінімге 1,0 миллиард теңге бөлініп, толы­ғымен игерілген. Жекелей айтсақ, үй іргесіндегі жерді игеру бойынша 1 117 аула­ның 155 гектар жеріне 13,3 мил­лион тең­­геге  тұқым  және  мине­ралды тыңайт­қыш алуға несие бе­­рілген. Со­нымен қатар 16,8 мил­­лион теңгеге 2 жы­лыжайдың құрылысы жүрген. Екінші бағыт – мал шаруашы­лығын дамыту бойынша 276 аза­мат 860 миллион теңгеге 4 760 бас мал мен құс алған. Оның 268 басы сауын сиыр болса, 360 бас бұ­қашық, 1 443 бас қой, 1 289 бас жыл­қы және 1 400 бас күр­ке­тауық. Ауыл сыртындағы жерлерді тиім­ді пайдалану бағытына келсек, 1 335 гектар жерге (117 ша­руа­­шы­лық) мал азығын дайын­дау үшін тұқым және минералды тыңайт­қыштар 38,8 миллион тең­геге алын­ған. Төртінші бағыт бойынша «Іске Сәт» кооперативі құрылып, 100,1 мил­лион теңгеге 22 техника алып отыр. Бесінші бағыт шеңберінде 1,8  миллион теңгеге 1 кондитерлік цехтың жобасы ұсынылып, іске асырылған.

Контрабандалық мал ұстайтын орын салынбақ

Ауданда биыл мал басының өсу динамикасы байқалады. Атап айт­сақ, ірі қара 1 560 басқа (42,2 мың), қой мен ешкі 4,3 мың басқа (242,4 мың), жылқы 1,2 мың басқа (18,1 мың ) және үй құстары 7,5 мың басқа (432,3 мың) артқан. Нәтижесінде, есепті кезеңде 6,8 мың тонна ет өндіріліп, 80 тоннаға көбейген. Сондай-ақ сүт өндіру 37,2 мың тон­наға жеткен. Өндірілген жұмыртқа 2 191 мың данаға көбейіп, 56,9 мил­лионға жетті. Қазір ауданда 6 370 басқа арналған 13 мал бор­дақылау алаңы мен 13 сүт тауарлы фермасы жұмыс істеп тұр. Бұл тұста тағы бір айта ке­терлігі, Жасөркен елді ме­кенінен контра­бандалық малды ұстайтын орын­ның құрылысы 34,1 мил­лион теңгеге жүргізілмек. Осы­лайша, жер­гілікті билік қырғыз елінен ағы­латын заңсыз мал тасы­малының жолын кеспек.

Құрылыс қарқыны көз қуантады

Құрылыс саласында да тетігін тапқан тірліктер аз емес. Жыл басынан бері 8,9 миллиард тең­геге құрылыс жұмыстары жүр­гізіліп, өсім 3,5 миллиард теңгені құраған. Ауданда 937 адам тұрғын үй кезегінде тұрса, бұл мәселені шешу үшін «Жұмыспен қамту жол кар­тасы» бағдарламасы бойынша 76 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құры­лысы жүргізілуде. Осындай тағы 4 тұрғын үй құрылысының құ­жаттары дайындалып, 2,9 мил­лион теңгеге бюджетке өтінім берілген. Ал кезекте тұрған 10 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамту мақсатында 7 елді мекеннің ин­женерлік инфрақұрылымына құ­жаттар әзірленіп, 3,8 миллиард теңгеге өтінім жолданып отыр. Егер қолдау тапса, 1 882 отбасына жер берілетін болады. Жамбыл Аудан әкімі Сәкен Қаланұлы жолдар мәселесіне де жіті көңіл бөліп отыр. Атап айтсақ, биыл Өрнек-Тоғызтарау-Жаңаөткел жолы (94,4 млн теңгеге 6 ша­қырым) мен 12 ауылдың 28 ауыл­ішілік жолдары (206,4 млн тең­геге 22,9 шақырым) жөн­деу­ден өткен. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 12 ауылдың 63 ауылішілік көшелері мен 1 аудандық мәндегі автомобиль жолы (753,9 млн тең­геге 54 шақы­рым) жаңарған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­берінде 5 ауылдың 8 ауылішілік көшесіне (98,4 млн теңгеге 5,5 шақырым) тақтайдай тегіс асфальт төселген. Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 23-де орталық­тан­ды­­рылған ауызсу жүйесі жоқ де­генімізбен, бұл мәселе кезең-ке­зеңімен шешілмек. Мәселен, биыл Жамбыл ауылдық округіндегі 5 елді мекеннің ауызсу жүйесі аяқталса, Шоқай, Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Байтерек және Қаратау сынды 6 ауылға ауызсу құбырын тарту жұмыстары басталған. Атал­ған нысандағы жұ­мыстар аяқ­талғанда халықты ауыз­сумен қамту деңгейі 69 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, Бесағаш-Түрксіб ауылының құжаттары әзірленіп, 1,5 миллиард теңгеге бюджеттік өті­нім тапсырылған. Сонымен қатар Бек­төбе-Қызылшарық (996,7 млн теңге) және Қаракемер (441,8 млн тең­ге) ауыл­дарына да құжаттар дайын­далуда. Ал қалған Әулиекөл, Көл­қайнар, Ке­мел, Сеңгірбай, Жұма, Құмсуат және Жаңаөткел сынды 7 елді ме­кенді ауызсумен қамту жеңіл­детілген жол­мен ұйым­дас­тырылмақ. Ауданда бұған дейін 26 ауылға газ тартылып қойған болса, биыл тағы 13 ауыл көгілдір отынның қы­зығын көргелі отыр. 5 елді мекенге ауыліші­лік газ тарту жұ­мыстарына 725,2 миллион теңге бөлініп қойса, тағы 5 елді мекенге газ құбырын жүргізу үшін 35,6 миллион теңгеге тиісті құжаттар дайындалуда.

Әлеуметтің әлеуеті артуда

Әлеуметтің әлеуетін арттыру – бүгінгі күннің басты ұстанымы. Сондықтан тұрғындарға жергілікті билік тарапынан барынша көмек көрсетілді. Ауданда жыл ішінде мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 37 816 адамға 42 500 теңгеден төленген. Сондай-ақ 7 071 тұрғынның 212,1 миллион теңге көлеміндегі коммуналдық төлем­дері жабылған. Бұдан бөлек, 1 130 отбасына 393,9 миллион теңге атау­лы әлеуметтік көмек берілген. Есепті кезеңде 4 771 адам жұ­мыспен қамтылып, жұмыс­сыздық деңгейі 4,5 пайызды құраған. Аудандағы 38 білім беру меке­месінің 25-і типтік, 13-і ыңғай­ластырылған ғимаратқа ор­налас­­тырылған десек, биыл Жам­был ауылынан 100 орындық мек­тептің құрылысы жанданған. Одан бө­лек, Шоқай ауылынан 150 орын­дық және Айша бибі орта мек­тебіндегі үш ауысымды оқы­тудың алдын алу үшін 300 орын­дық мек­теп құры­­лысына тиісті құжат­тар әзірленуде. Биыл 10 орта мек­тепте жөндеу жұмыс­тары жүргізілсе, бар­лық білім беру мекемелеріне ішкі дәретхана, интернет желісі және бейнебақылау камерасы орна­тылған. 17 мектеп робо­то­техни­камен жа­рақтанған. Ауданда 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі қамту көрсеткіші 88,5 пайызды құраса, 3-6 жас аралы­ғындағы көрсеткіш 100 пайызды діттеп тұр. Денсаулық сақтау саласына келсек, 36 мекеменің 19-ы ыңғай­ластырылған немесе жапсарлас ғи­маратта орналастырылған. Соң­ғы 2 жылда 8 ауылда медицина ме­ке­мелері жаңа ғимаратқа кө­шірілген.

Елді мекен спортқа ерекше көңіл бөлуде

«Цифрлы Қазақстан» жобасы аудандағы мәдениет саласының жұмысын жан-жақты етуде. Бүгінгі таңда 18 кітапханада цифрлан­ды­рылған ақпараттық орталық елге қызмет етіп отыр. Ал Қаракемер ауылдық клубы­ның құрылысы (94,6 млн теңгеге 90 көрерменге)  басталған болса, Жал­пақтөбе және Өрнек ауыл­дарынан клуб салуға тиісті құ­жаттар дайын­далмақ (12 млн теңге).   ЖамбылБиыл Аса ауылынан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудан халқы көптен күткен спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны 514,1 миллион теңгені құрап, барлық заманауи стандартқа сай келіп отыр. Сондай-ақ елді мекенде 36 шағын футбол, 19 балалар ойын алаңы мен 15 жаттығу алаңшасы салынған. Жыл соңына дейін тағы осындай 6 нысанның құрылысы аяқталатын болса, 2 алаңға жасанды газон төселеді. Қосымша Айша бибі, Гро­диково, Пригородное, Жалпақтөбе, Шай­қорық ауылдарынан спорт ны­сандарын салу үшін 23 миллион теңгеге сметалық құжаттар жа­салуда.

Жыл ішінде 1 694 жас жұмысқа орналасқан

Жамбыл ауданында жастар мәселесі де жіті назарға алынып, жыл ішінде 1 694 жас жұмысқа орна­ластырылып отыр. Оның 543-і тұ­рақты жұмыс орнын тапса, 15 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жол­данған. 413 жас ақылы қо­ғамдық жұ­мысқа тартылған. 275 жас «Жастар тәжірибесі» бойынша екі қолға бір күрек тапса, 87 жас кәсіби оқуға жолдама алған. 28 жас шағын несиеге қол жеткізсе, 148 жас мемлекеттік грантқа ие болып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша 27 маманға кө­терме жәрдемақы беріліп, 19 маман тұрғын үй сатып алуға несие­лен­дірілген. Жәрдемақы көлемі 7,5 мил­лион теңгені құраса, бас­пана алуға 79,2 миллион теңге бөлінген.

Мемлекеттік бағдарламалар мінсіз орындалуда

Жалпы, Жамбыл ауданында жыл ішіндегі жетістіктен бөлек, алдағы 5 жылдыққа бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жоспары да көңіл қуантады. Мәселен, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға арналған» бағдар­ламасы аясында 246,3 мил­лион теңгеге 1 жоба іске асырылмақ. Аталған жоба Шоқай ауылын сумен қамтитын болады. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Өрнек-Тоғызтарау-Жаңа­өткел жолы 94,4 миллион теңгеге жөндеуден өтсе, «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» бағдар­ламасымен 5,5 миллиард теңгеге 96 жоба іске асырылуда. Жобалар 922 адамды жұмыспен қамтиды деп күтіліп отыр. 99 жобаның ішінде білім саласы, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, ауызсу, газ, жол мен көпір жөндеу, абаттандыру, жарық­тандыру мен канал құры­лысы да бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасына келсек, 11 нысанға 634,2 миллион теңге бөлініп, жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 адам жұмысқа орналастырылған. Жалпы, биыл жұмыспен қамту мекемесінде жұ­мыссыз ретінде тізімде тұрған аза­маттарды құрылысқа тарту ерек­ше қарқын алғанын айта кеткен жөн. Олардың күшімен есепті кезеңде мектеп, мәдениет үйі, әмбебап спорт кешенінің құрылысы мен 5 ауылдағы 8 ауылішілік кө­шелер жөн­делгені жағымды жаңа­лық. Мұндай баста­маға құры­лысқа жауапты мерді­герлердің қолдау біл­­діріп отырғаны қандай мақтауға да лайық. «Аумақтарды дамыту» бағдар­ламасына тоқталсақ, биыл ауданда 569,4 миллион теңгеге 1 жоба іске асырылмақ. Ол – Түрксіб ауы­лындағы 300 орындық мектеп құрылысы. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша, 10 айда барлығы 619,9 миллион тең­геге 46 жоба жүзеге асқан. «Еңбек» бағдарламасының елге тигізіп жатқан пайдасы орасан. Биыл бұл бағытта 1,6 миллиард теңгеге 2 723 адамды жұмыспен қам­ту жоспарланса, есепті кезеңде 3 073 адам еңбекке тартылып, жоспар 112,8 пайызға артығымен орын­далып отыр. Жекелей айтсақ, бағдарламанын бірінші бағыты аясында 43,4 мил­лион теңгеге 160 адамды кәсіптік оқытудан өткізу көзделсе, бүгінде 170 адам мерзімді оқу курсына жол­данған. Екінші бағыт – жаппай кәсіп­керлікті дамытуда 156 жұмыс­сыз азаматқа 627,6 миллион теңге несие және 1 025 адамға 569 миллион теңге көлемінде жаңа бизнес идея­ларды іске асыру гранты тағайын­далса, 10 айда 157 адамға 631,4 миллион теңге несие беріліп, 1 025 азаматқа 569 миллион теңгелік мем­лекеттік грант үлестірілген. Сондай-ақ «Бастау бизнес» шең­берінде 370 адамды оқыту жылдық жоспарға енгізілсе, мұнда да жоспар артығымен орын­далып, 373 адам оқудан өткен. «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасының үшінші бағыты, яғни жоғарыда атап өткеніміздей жұ­мыс­сыз ретінде тіркеуде тұр­ғандарды құрылысқа тарту жүйелі жалғасын тапқан. Жыл ішінде 363,1 миллион теңгеге 1 012 адамды жұ­мыспен қам­­ту жоспарланса, есепті кезеңде нақ­­ты 1 348 адам жұмыс істеп жатыр. Міне, Жамбыл облысы Жамбыл ауданында осындай жан жадыратар жұмыстар атқарылуда. Бұл, әрине бір ауданға бас болып отырған Сәкен Арубаевтай әкімнің іскерлігі екені даусыз. Елді мекеннің тізгінін ұста­ғанына жыл толып отырған жас әкім алдағы уақытта да тың идея­ларымен қуантады деп сенеміз. Ең бастысы, өлке ел мен облыс экономикасына өзіндік үлесін қосып, әлеуметтің әлеуетін арттыра берсе, нұр үстіне нұр болғаны...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы