Партия бағдарламасы – реформалардың заңды жалғасы
Партия бағдарламасы – реформалардың заңды жалғасы
323
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың төрағалығымен «Nur Otan» пар­тия­сының кезектен тыс ХХ съе­зі өтті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті мерейтойлық съезде сөй­леген сө­зінде «Nur Otan» пар­тиясы еліміздегі ең бас­ты саяси күш екенін айтты.

Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. – 30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетіс­тіктерге жетті. Бұған ең алдымен нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жү­зеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнім­ділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ экономикалық өсімді қамта­масыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этникалық әртүр­лілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалып­тастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі не­гіз­гі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген. – Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1 400 жаңа аурухана мен емхана, 1 800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стра­тегиясы аясында Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдерінің стан­дарттарын басшылыққа алып отырмыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы «Nur Otan» партиясының пан­де­мия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ пар­тияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды. – Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадр­лық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құ­рамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұр­тымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев партияның әр­дайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұста­натынын атап өтті. Бұл – жауап­кершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсат­тарға адалдық. – Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурс­тармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты. – Партияның жаңа бағдарламасы орын­­далады. Бұл құжат елді одан әрі жаң­­ғыртуға және барлық қазақ­стан­дық­тар­дың тұрмыс сапасын жақсартуға жол аша­ды. Сайлау науқанын ойдағыдай өт­кізу үшін партия республикалық және ай­мақтық штабтардың жұмысын үйле­сімді ұйым­дастыруы қажет. Канди­дат­тар, бел­­сенділер, сенімді өкілдер бар­лық ай­мақ­ты аралап, әр сайлаушыға жетуі керек, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Пре­­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды. Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, ха­лық­ты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемле­кеті­мізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете бе­ре­тінін айтты. Съезд қорытындысы бойынша «Өз­геріс­тер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағ­дар­ламасы қа­былданды. Сонымен қатар Пар­ламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін пар­тия­ның 126 мүшесінен тұратын пар­тиялық тізім бекітілді.