«Nur Otan» – өркенді өзгерістер көшбасшысы
«Nur Otan» – өркенді өзгерістер көшбасшысы
239
оқылды

«Nur Otan» партиясы  Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қызмет етіп  келе жатқан бірден-бір саяси күш екенін тағы дәлелдеді. Оған Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен  өткен партияның кезектен тыс ХХ съезінде қабылданған бағдарлама айғақ болады. Жалпы, әлемдегі дамыған елдердің тарихына үңілсек, елді өркендетіп, өрлету жауапкершілігін нақты бір партияның өз мойнына алғанын және соны абыроймен атқарғанын байқаймыз. Осындай өркенді өзгерістерді жүргізудің, елді жаңғыртудың және жаңа дәуірге бастайтын ұлы бас­тамаларды табысты жүзеге асырудың тарихи миссиясын Қазақстанда «Nur Otan» атқарып келеді.

Тұңғыш Президент қашықтан ре­жимінде өткен мерейтойлық съездегі сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Ол тәуелсіздік жылдарындағы негізгі же­тістіктерге тоқталды. – 30 жыл ішінде Қазақстан ай­тарлықтай әлеуметтік және эко­но­микалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағыт­талған түбегейлі ре­формаларды жүзеге асырудың нәти­же­сінде қол жет­кіздік. Нарықтық ре­фор­малар, индус­трия­ландыру және шетелден кел­ген инвес­тиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ эко­номикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеу­меттік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді, – деді партия Төрағасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан­ның азаттық жылдарында этникалық әр­алуандылықты артықшылыққа ай­нал­дырып, өзінің ұлттық бірегей стан­дартын қалыптастырғанын еске салды. Осы үде­рістегі негізгі рөл Қазақстан халқы Ассам­блеясына жүктелгеніне ек­пін түсірді. – Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1 400 жаңа аурухана мен емхана, 1 800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфра­құрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында ЭЫДҰ елдерінің стандартын басшылыққа алып отырмыз, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті. Ол «Nur Otan» партиясының панде­мия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ пар­тияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқ­талды. – Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының көрінісін, кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз! – деді Елбасы. ХХ съезге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, делегаттар ал­дында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазіргі ахуалға қарамастан Қазақстан өзінің стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі.

Биліктің үш тармағы күш жұмылдырады

Парламенттік дода барысында елге насихатталып, одан кейінгі кезеңде қар­қынды іске асырылатын «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдарламасын жиналған қауымға Президент Қ.Тоқаев таныстыра кетті. – Партиямыздың ХХ съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өтіп отыр. Бұл – мем­лекетіміздің қоғамдық-саяси өмі­ріндегі айтулы оқиға. «Nur Otan» пар­тиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды! Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе, жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Партия халыққа ұдайы қолдау көрсетіп келеді, – деді Мемлекет басшысы. «Nur  Otan» белсенділері мен еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аяған жоқ. Осындай нақты жұмыс пен шынайы жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі. Қ.Тоқаевтың байламынша, қазіргі кезде бүкіл әлем жаһандық өзгерістер дәуіріне аяқ басуда. Халықаралық қа­тынастар бей­берекетсіздік-хаос құр­дымына тоқ­таусыз құлдилап барады. Адамдар арасындағы сенім дағдарысқа ұшырады. Соңғы жүз­жылдықтағы ең терең рецессия дүние­жүзілік эко­номиканы ондаған жылға кері шегеріп тастады. Экономистердің пікі­рінше, өсімнің бұрынғы қарқынын қалпына келтіру және орнықты даму үшін ғана орасан зор күш-жігер мен уақыт қажет. Салдарынан көптеген ел күйреудің аз-ақ алдында тұр. – Қазақстанды берік ететін жеткілікті қорымыз бар. Бірінші кезекте, бұл дер кезінде әзірленген дамудың нақты жос­парының арқасы. Ол қаржылық ре­сурс­тармен нығайтылған. Мил­лион­даған саналы, жауапты азамат­тары­мыздың қолдауы арқасында біз ішкі саяси тұ­рақтылықты сақтап, отандық бизнесті қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алдық. Мұнда жақынға көмек, қажыр-қайрат, жа­на­шырлық секілді хал­қымыздың дәстүрлі құндылықтары шешуші рөл атқарды. Пандемия кезеңінде аза­мат­та­рымыздың жаппай жанпида еңбегіне, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымақты іс-қимылына куә болдық, тәнті болдық. «Біз біргеміз!» ұраны қазақстандық пат­рио­тизмнің формуласына айналды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол билеуші партия мен оның бел­сенділері халықты топтастыруда баға жет­пес үлес қосқанын баса айтты. – Нақты істер партиясы – «Nur Otan» пәрменді қимылдарымен өзінің көш­басшылығын және Қазақстанның бо­лашағы үшін бүкіл жауапкершілікті әрі қарай да арқалауға дайын екенін паш етті. Дәл осындай күйзелісті шақтарда көшбасшы партияның, Үкіметтің және қоғамымыз алдынан бірегей мүмкіндіктер ашылары даусыз. Осынау тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуға тиіспіз. Бұл жерде биліктің барлық тармақтарының – Президенттің, Үкі­меттің және заң шығарушы биліктің күш жұмылдырғаны аса қажет. Сон­дықтан алдағы сайлау бүкіл қоғамымыз үшін ерекше маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Баршаға – лайықты өмір!

Қасым-Жомарт Тоқаев 5 инсти­туционалдық реформада және «100 нақ­ты қадам» ұлт жоспарында Елбасы тұжы­­рымдаған жүйелі жаңғыртуға соны серпін берілетінін мәлім етті. – Осы мақсатта біз партиямыздың 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын қабылдап отырмыз. Бұл – егжей-тегжейлі пысықталған, жіті есеп­телген, шынайы өмірмен біте қабысып жатқан құжат. Экономикадағы қиын­шылықтарға қарамастан «Nur Otan» Үкіметпен бірге осы бағдарламаны жүзеге асыруға алдағы бесжылдықта 21 триллион теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік өрлеуін және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін нақты шаралардың тиімді кешенінен тұрады. Партия халықтан келіп түскен ұсыныстар мен ескертпелерді ескерді. Демек, біздің партияның бағ­дарламасын бүкіл ел әзірледі десек артық айтқандық болмас! – деді ел Президенті. Көшбасшы партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сай­лауалды бағдарламасында негізгі төрт басымдық бар. Біріншісі – әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруы үшін тең мүмкіндік жасау. – Біз әлеуметтік-экономикалық сая­сатта нарық тәсілдерін басшылыққа ала­мыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды таратуды доғару қажет. Мем­лекет атаулы әлеуметтік көмекті, шын мә­нінде мұқтаж адамдарға беруі керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән береміз. Әлеуметтік саясатты жүр­гізгенде қиын­дыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшей­тіледі. Алдағы 5 жыл ішінде әлеуметтік тө­лем­дерді жыл сайын индекстеу үшін 3 трил­лион теңгеден астам қаражат бөлінеді, – деді Қ.Тоқаев. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте, «Nur Otan» мұны инфляция деңгейіне 2% қосып жүзеге асыруды ұсынып отыр. Мысалы, инфляция 6 пайыз болса, 8 пайыз қосылады. Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын І топ­тағы мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың бәріне қосымша әлеуметтік қолдау көр­сетіледі. Осыған орай, бе­рілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе мөлшеріне тең болады. Алдағы 5 жыл ішінде партия ерекше күтімді қажет ететін адамдарды арнаулы техникалық құрал­дармен жабдықтап шығуға ниетті. Сондай-ақ оларға толықтай оңалту-сауықтыру қыз­меттері ұсынылады. – Ең бастысы, әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру керек. Бұл ретте, біз нақты шаралар қабылдаймыз. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жетеді. Осындай жандардың кәсіби қызметпен айна­лысуымен бірге, білім алуына да жағдай жасау маңызды. 5 жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар мектепке дейінгі барлық мекемелер мен мектептерде бұл көр­сеткішті кезең-кезеңмен 70 пайызға дейін жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы. Nur Otan «Nur Otan» халықтың өзге де топ­тарына қолдау көрсетпек. Мысалы, пар­тиялық тізімдегі 20 пайыздық квота – жастар көшбасшыларын қолдаудың нақты тетігіне айналды. «Nur Otan»-ның қатарына білімді, қайсар және жігерлі жастар қосылды. Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, экономиканың барлық секторындағы рөлін күшейту – әлемдік үрдіс. Қазіргі уақытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдерден құралған. Бұл – әйелдер қауымы үшін мемлекет басқару ісіне атсалысуға жол ашатын нақты әлеу­меттік мүмкіндік. Партияның белсенді қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл маз­мұны жағынан мүлде жаңа құжат болмақ. Ко­дексте қоғам мен мемлекет ара­сын­дағы өзара келісім орнатудың тың тә­сілдері көрсетілетін болады.

Дені сау, ақылды ұлт – Мәңгілік ел ұстыны

Екінші басымдық – саламатты, ин­теллектуал ұлт қалыптастыру. Осы орай­да, жаһандық жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениетке және спортқа жұмсалар қаражат шығыны ұлғайтылады. Партия үшін бұл – адами капиталға, елі­міздің болашағына са­лынған стра­тегиялық инвестиция! Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 5%-ынан асырылатын болады. Қазақстан ғасыр үдерісінде туындауы мүмкін жаңа эпи­демияларға дайын болуы тиіс. Бұл ретте, Бірыңғай ұлттық жүйені құру аяқ­талады: ол цифрландырудан, теле­ме­дицинадан, био­логиялық қауіп­сіздік инфра­құры­лымынан құралмақ. Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларында 2 ғылыми-инновациялық көп­бейінді клиника тұрғызылады. Ай­мақтағы меди­цинаны дамыту үшін еліміздің барлық облысында дамыған елдер деңгейіндегі 20 заманауи меди­циналық орталық салып, іске қосады. Аудандық ауруханалар, пер­зентханалар, ауылдағы емдеу меке­мелерін қажетті барлық құрал-жаб­дықтармен жа­рақ­тандырады. Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе жо­ғарылайды. Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу. Бұл – Қазақстанның жаңа тари­хында бұрын-соңды болмаған же­тістікке айналмақ. Осыған байланысты саламатты өмір салтын ілгерілетуге және бұқаралық спорт­ты өркендетуге баса мән беріледі. Тек ша­ғын және орташа қалаларда ғана емес, сондай-ақ барлық тірек ауылдарда балалар мен жасөспірімдердің спорт клуб­тары ашылуы қажет екені мәлімделді. Сонымен бірге жаттықтырушы-оқыту­шылардың жалақысын арттырған жөн делінді. Әрбір ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу мәселесі пысықталады. – Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқа­сында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мек­тептердің мәселесін толық шешеміз. Бар­лық мектептер интернетпен, компьютермен және пәндік каби­нет­термен қамтылады. Ауыл мектеп­терінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан ор­талық­тарында, ауылдық жерлерде орна­ласқан 5 мыңнан астам мектеп жаң­ғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұ­ранысты арт­тырып, білім сапасын жақсарту мақ­сатында олардың жалақысы 2 есе кө­бейеді, – деді Қ.Тоқаев. Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу универ­ситеттері білім экономикасының негізін құ­рауы тиіс. Қазақстанда «Назарбаев универ­ситетінің» үлгісі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін бөлінетін гранттың саны 50 пайызға артады. Бұл – 75 мың жас азаматымыз жоғары білімді тегін алады деген сөз! Студенттерге материалдық қолдау көр­сету ісі жалғасын табады. Студент­тердің стипендиясы 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе өседі. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға артады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады. Бұл жоба жылына 5 мың адамды қамтитын болады. Бизнес саласындағы келешегі зор идеяларды жүзеге асыру үшін жас кә­сіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады. Жұмыс істеп жүрген жастарға жылына 3 мың жалдамалы пәтер беріледі. «Nur Otan» жастар ұйымдары мен Еріктілер қозғалысының жобаларын қаржыландыру көлемін 1,5 есе арттыруға ықпал етпек. Осындай қолдау шаралары оқымайтын және жұмыс істемейтін жас­тардың санын 2025 жылға қарай 100 мың адамға азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларға қосымша білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетті дамыту мәсе­лелері шешімін табады. 3 пен 6 жас ара­лығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылуы тиіс. Мұнда тұрғылықты жеріне қарамастан баланың бәріне бірдей көңіл бөлінеді. – Біз «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын белсенді түрде жүзеге асыра береміз. Бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа бол­мысын қалып­тастыруға арқау болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қол­данылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақ­тамасақ – елдігімізге сын! – деп нықтады Мемлекет басшысы. Кез келген шаруашылық қызметімен айналысқан жағдайда табиғатты сақтау және оны қорғау міндеті басты қағи­даттың біріне айналады. Жаңа Эколо­гиялық кодекс және «Жасыл өсім» тұ­жырымдамасы қабылданады. «Nur Otan» прагматизм құндылықтарын, үнемділік, қанағат­шылдық және ұстамдылық мә­дениетін орнықтырмақ.

Партия халыққа жақын бола түседі

Үшінші басымдық – экономика мен өңірлерді орнықты дамыту. Ел Президентінің пайымдауынша, әлемдік экономика барған сайын ұзақ депрессия тұңғиығына батуда. – Қазақстан да үлкен қысымға ке­зік­ті, соған қарамастан дағдарыс жаңа эко­номикалық модельді құру үшін жүйелі реформалар жүргізуге мүмкіндік береді. Жаһандық экономикалық ғылымның және саналы саясаткерлердің ойлары бір жерде тоқайласады: адамзат тарихында теңдесі жоқ қазіргі жаһандық дағдарыс жағдайында экономикалық процестерді басқарудағы мемлекеттің рөлі объективті түрде артуда. Немесе солай болуы тиіс. Үкіметтің басты міндеті – азаматтар өмірінің лайықты сапасын қамтамасыз ету. Біздің Үкімет осы іргелі мұратқа жетуге ұмтылады. Оның күш-жігері біріншіден, қатаң, бірақ теңгерімді макроэкономикалық саясат, екіншіден, жеке секторды қолдау, үшіншіден, азаматтар алдындағы әлеуметтік мін­деттемелерді орындау арқылы эконо­миканың өсіміне қол жеткізуге шоғыр­ла­натын болады, – деді Қазақстан Президенті. Мұндай стратегия бюджет шы­ғыс­тарын қатаң бақылауға алуды, қайта­рымы жоқ, тиімсіз жеңілдіктер мен субси­дияларды жоюды, төмен инф­ля­цияны сақтауды және теңгенің еркін айырбас бағамын сақтауды қарастырады. Алдағы 3 жыл ішінде инфляция 4%-ға дейін, тіпті одан да төменге азайтылады. Нәтижесінде, ипотека арзандайды. Белсенді индустрияландыру – өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,5 есе ұлғайтуға ықпал етеді. Деректерді сақтау және өңдеу саласына салынатын инвес­тиция 6 есе көбейеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­дірумен және өңдеумен шұғылданатын 7 ірі экожүйе түзіледі. Оған 350 мыңдай фермер мен үй шаруашылықтары тартылмақ. Бұл жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына және ауыл­дық­тардың тұрақты табыс табуына жол ашады. Жаңа суармалы жерлердің 600 мыңнан астам гектары игеріледі. 2025 жылға қарай ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімінің көлемі үштен бірге, ал экспорт ауқымы 2 есе артпақ. Кәсіпкерлікті қолдау аясында бәсе­келестікті дамытуға, заң үстемдігін ны­ғайтуға, сот жүйесін жаңғыртуға ерек­ше назар аударылады. Бұл базалық эле­менттерсіз тиімді нарықтық эконо­мика құру мүмкін емес. Қазақстан бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған әрі барынша дамыған елдер тобына кіруі тиіс. Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақ­сарту – көшбасшы партияның басты назарында болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес 3,5 мыңнан астам ауыл жаң­ғыртылады. Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтылады. 246 ірі елді мекенге газ тартылады. Мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрады. Олардың 350 мыңнан астамы – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары. 53 тазалау қондырғысын орнату және жаң­ғырту арқылы еліміздің барлық өңірін­дегі ағын суды тазартуға мүмкіндік туа­ды. Бұл – осы саладағы түйткілді мәсе­ленің ұтымды шешімі болмақ. Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жолдар, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады. Ауылдық жерлерге қажет маман­дар­ды, дәрігерлерді, мұғалімдерді тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орталықтарында және шағын қалаларда жылына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда, алдағы 5 жылда шамамен 1 миллион отбасы үшін 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Соның ішінде 300 мыңға жуық пәтерді әлеуметтік тұрғын үй ре­тінде жеңілдікпен пайдалануға болады. Nur Otan Шөл дала мәселесі, Семей ядролық полигоны, «Байқоңыр» космодромы төңірегіндегі экологиялық түйткілдерді шешу жұмыстары жалғасын табады. Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін сауықтыру жөнінде шаралар қабылданады. Төртінші басымдық – есеп беретін, халық үніне құлақ асатын мемлекет және жауапты азаматтар. Егер мемлекет пен қоғам өзара сенім және жауапкершілік негізінде өзара әрекеттеспесе, онда ел жүйелі әрі тұрақты дами алмайды. Күрделі заманда партия халыққа бұрын­ғыдан да жақын бола түспек. Оның бас­ты бағдары – халықтың қажеттіліктерін өтеп, проб­лемаларын шешу болмақ. Халық пен Парламентке есеп беретін Үкімет бұ­қараның дауысы­мен, пікірімен санаса жұмыс істейді. Осы орайда, партия мемлекеттік бас­қару жүйесін жаңғыртумен айналысады. Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес – басты басымдық. Бұл бағытта науқан­шылдыққа ұрынбайды, салмақты, бірізді жұмыс жүргізбек. Бұған қоса, партия Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжы­рым­дамасын белсенді ілгерілететін бо­лады. Ол ауыл әкімдерін сайлауды, «халық қа­тысатын» бюджетті, жергілікті билік органдарын азаматтық бақылауды қам­тиды.

Ел өмірін жақсартатын бағдарлама

Мемлекет басшысы Тәуел­сіз­ді­гіміздің 30 жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталып жатқанына, оның символдық мәні зор екеніне назар аударды. – Алдағы сайлау қоғамның біртұ­тастығын және береке-бірлігімізді бе­кемдей түседі деп сенемін. Бұл нау­қан­ның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен Мем­лекет бас­шысы ретінде мұны жіті қа­даға­лай­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев партияның негізгі 3 қағиданы әрдайым басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатынын атап өт­ті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұ­мылу, ортақ мұрат-мақсатқа адал­дық. – Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурс­тармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақ­саттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрқашан нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келе­мін, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткі­лікті екенін нықтады. – Партияның жаңа бағдарламасы орындалады! Бұл құжат елді одан әрі жаңғыртуға және барша қазақ­стан­дықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойда­ғыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйле­сімді ұйым­дастыру қажет. Кан­дидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлау­шыға жетуі керек, – деді ол. Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбектің канди­датурасын ұсынды. Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты Президент Қ.Тоқаевтың ай­наласына топтастыру және мемле­кетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете бе­ретінін мәлім етті. Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, праймериз жеңімпазы Берік Әбдіғалиұлы партия филиалдары әрбір аудан, қала, облыстың төл ерек­шелігін ескеретін 216 өңірлік арнайы бағдарлама қабылдап, ел алдында соны орындауға міндет алғанын жеткізді. «Ауылдың тұрғыны ретінде мені «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдар­ла­масындағы «Ауқатты ауылдар» бөлі­мінің болғаны қатты қуантады. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауызсу, жол, интернет пен ұялы телефон бай­ланысы мәселесін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағ­дарламада нақты қарастырылған. Дәл осындай шешімдер экономикамыздың басқа бағыттарына да арналған», – деді ол. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­лата­сының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлер бар үмітін тек жалғыз партиямен – «Nur Otan»-мен ғана байланыстыратынын айтты. «Елбасы жетекшілік ететін партия бизнес пен қоғам арасындағы бай­ланыс­тырушы көпірге айналды. Қа­зіргідей дағдарысты кезеңде бизнес өкілдеріне ең әуелі тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қажет. Оны біздің «Nur Otan» пар­тиясы ғана бере алады! Партияның бағ­дар­ламасында шағын несиелер көлемін ұл­ғайту, салықтар санын қысқарту, салық салуда цифрлы технологияларды енгізу сияқты көптеген ұсыныстар бар. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға, яғни ұлттық эко­номиканы күшейтуге мүмкіндік берері сөзсіз. Ел­басы бастаған реформалардың нә­тижесінде елімізде іскерліктің өр­кен­деуіне барлық жағдай жасалды. Біз нарықтық эко­но­микаға көштік, отандық кәсіп­керліктің тұтас буыны қалыптасты, жаңа өндіріс орындары ашылды», – деді ол. 2016 жылы «Nur Otan» партиясы мен «Атамекен» палатасы өзара ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойды. Ал биылғы жылы ҰКП орталық аппа­раты базасында бастауыш партия ұйымы құрылды. «Nur Otan» құрамына 30 мың­нан астам кәсіпкер кіреді. Сондықтан бизнестің проблемасын көшбасшы партия жақсы біледі және ұтымды ше­шуде. Белгілі спортшы-жеңіл атлет, волон­тер, праймериз жеңімпазы Ирина Эктованың айтуынша, жастар «Nur Otan»-ға жақ. «Елбасының саясаты – жақсылық пен бейбітшілік саясаты. Мұны біз пандемия кезінде көрдік. Достарыммен бірге Biz Birgemiz акциясына қатыстым. Волонтер болып, қаламыздағы жүздеген отбасына бардық. Азық-түлік жеткізіп, ыстық тамақ тасыдық. Осындай игі істер арқылы пар­тия адамдарға жақындай түсті. Бағдарлама жобасында спорт пен дене­шынықтыруға көп көңіл бөлінгені өте маңызды. Бұл – денсаулықтың негізі. «Nur Otan» келесі 5 жылда барлық жастар ел үшін қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқи ала­тындай етеді! ЖОО гранттары 50%-ға артады. Стартап жобалар жүйелі қолдауға ие болады. Бағдарламада бұдан басқа көптеген игіліктер қарастырылған. Жастар шетелге кетіп жатыр деген пікір бар. Менің ойымша, бұл жерде жаман ештеңе жоқ, өйткені көптеген адамдар оқуға, жұмыс істеуге, жаңа тәжірибе жинауға барады», – деді И.Эктова. Көпбалалы ана, волонтер Әлия Әбсеметова праймериздегі өз жеңісін – партия бағдарламасында айтылған «баршаға тең мүмкіндік берудің» кө­рінісіне балады. Көшбасшы партия аналардың көңілінен шығып келеді. «Бағдарламада отбасылардың әл-ау­қатына бірінші кезекте көңіл бөлінгені сүйсінтті. Әйелдердің өз әлеуетін жүзеге асыру – «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасының бір басымдығы! Мемлекет әйелдер үшін – көпбалалы аналар, жал­ғызбасты аналар, жетім балалар үшін көп қамқорлық жасауда. Бірақ енді осы жұмысты бір жерден жүргізетін кез жетті. Сарапшылар Отбасы істері және балалар мен әйелдер құқығын қорғау агенттігін құруды ұсы­нып, тал­қылауда. Осы идеяны қолдауы­мыз керек. Маған партиямыздың сай­лауалды бағ­дарламасы өте ұнайды. Ол баршаға түсінікті тілмен жазылған. Ке­лесі 5 жылға ба­сымдықтар нақты бел­гіленген, атқа­­­рылатын шаралар қол­мен қойылғандай көрсе­тіл­ген», – деді көп­балалы ана. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов  партияның биыл өткізген прай­меризі саяси өмірге айрықша серпін бергенін, бұл шараны тіпті айтысқа ұқсатқанын да атады. «Биыл тұңғыш рет өткен партияның алдын ала сайлауы – праймеризді мен айтысқа ұқсатамын. Ел аумағында өткен айтыс-дебат­тарды дүйім жұрт тамашалады. Пікір­таластар ашық және әділ өтті. Белгілі айтыскер ағаларымыз – арқаның сал-серісі Аманжол Әлтаев пен айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев саяси додада жүзден жүйрік шығып, жеңіп шықты. «Nur Otan» осылайша тыңнан түрен салып, көзі ашық, көкірегі ояу аза­маттарды қоғамдық істерге тартып, ел саясатына араласуға ұйыстырып жүр. Соңғы жарты жылда барлық аймақта партияның өңірлік бағдарламалары талқыланды, халық сүзгісінен өтті. Мен де Қызылорда қаласының және об­лыс­тың бағдарламасын дайындауға үн қостым. Бірде-бір партия дәл осындай ха­лықтық талқылаудан өткен, әр ауыл, әр аймақтың мәселесін шешуді көздеген 216 бағдарлама жасаған емес!», – деді Мұхтар Ниязов. Съезд қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді. Олардың ішінде 77 кандидат партия­ішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Партиялық тізімге Мәжілістің іс ба­­сындағы депутаттарының тек 20%-дан азы кіре алды. Кандидаттардың жалпы тізімінде мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8%. Сондай-ақ эко­номистер – 28%, заң­герлер – 20%, кә­сіпкерлер – 17%. Тізім­нің үштен бірі – әйелдер. Кандидат­тардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен са­лыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.

Айхан ШӘРІП