– 2017 жылы Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік сауалнама жасаған еді, сауалнама нәтижесі қоғамның билікке деген сенім деңгейін анық көрсеткен болатын. Сол кезде қоғамның Парламентке деген сенімі үшінші орында қалса, саяси партияларға деген сенімі индексте соңғы орынның бірін алған еді. Содан бері 3 жыл өтті. Меніңше, жағдай түбегейлі өзгерген тәрізді. Қоғамда Парламенттің жаңаруына деген сұраныс артып, саяси партиялардың нақты іс-әрекетіне, олар ұсынған сапалы бағдарламалар мен олардың орындалуына деген талап күшейді.
«Nur Otan» биліктегі партия ретінде 2021 жылы Парламентте басымдыққа ие боларына күмән жоқ. Сондықтан партия сапалы кандидаттар мен дамудың нақты бағдарламасын ұсынуы тиіс еді. Ал партия съезінде айтылған бағыттар өте өзекті екені көрініп тұр. Өз басым бірқатар пункттерді айрықша атаған болар едім. Мәселен, бағдарламада әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 триллион теңге бөлінетіні, 2025 жылға қарай шағын және орта бизнесті қолдау нәтижесінде 4 миллион қазақстандықты жұмыспен қамтып, ішкі жалпы өнімнің 35 пайызын өндіру, алдағы 3 жылда инфляция 4 пайыздық деңгейге дейін төмендетілетіні, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жиынтық өнімінің көлемі үштен біріндей мөлшерге, ал экспорт көлемі 2 есеге дейін ұлғаятыны, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмайтыны, дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе, педагогтердің, тренер-оқытушылар жалақысы 2 есе өсетіні, 2025 жылға қарай грант саны 50 пайызға ұлғайып, 75 мың жас азамат жоғары білімді тегін ала-тыны және басқа да мақсаттар айтылды. Сонымен қатар партиялық тізімге кірген кандидаттардың нағыз лайықты азаматтар екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтар босқа қарап отырмайды, олардың заң жобаларын әзірлеу мен ұсынуда тәжірибесі бар және олардың жұмыстары Парламентте нәтижесіз болмайды деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда, партия қоғамның талабын түсіне білді.А.СҰЛТАН