Үкімет жыл сайын мемлекеттің мүддесін шетелде қорғап жүрген адвокаттарға 13 миллиардтай теңге жұмсайды.
Әділет министрі Марат Бекетаев: «Қандай да бір әсер қалдырмас үшін айтайын. Әділет министрлігі ақшаны қалай болса солай, есепсіз шашпайды. Мен бірінші рет емес, бірнеше рет айтып өттім, тағы да қайталаймын: заңгерлерге берілетін арыз-талапқа сәйкес, біз оларға 10 пайызын төлейміз. Бізді де қарап, қадағалап отырған органдар бар», – дейді.
Министрдің сөзінше, Қазақстанға қатысты сот істеріне төленетін қаражат әртүрлі. Нақты сомаға қатысты министр ештеңе айтпады.
Бірақ 7 жылға созылған Стати ісі бойынша шенеунік ағынан жарылып, молдовалық олигархқа қарсы жасалған жұмысын тізіп берді. Бизнесмен еліміздегі газ өңдеу зауытының құрылысына 230 миллион доллар жұмсағанын мәлімдеп, офшорға 180 миллион доллар шығарған. Ал бастапқыда Стати Қазақстаннан 4 миллиард доллар талап еткен. Сонда олигарх елімізден осыншама соманы өндіргісі келсе, оның талабы бойынша адвокатқа төленген қаржы - 400 миллион доллар.
Ал шетелде Қазақстанның мүддесі қорғалған жалғыз Стати ісі ғана емес. Қазына қаржысын қалтаға басқан бай-бағландардың, Храпунов, Әблязовқа қатысты істер де бар.