Адам баласының өмірінде тағдырдың ойнар рөлі ерек. Кейбір кездері тағдыр тоғыстырған жайттар мен оқиғалар адамға ерешке әсер қалдырады. Әсіресе, аузы дуалы ақсақалдардың, ақ жаулықты аналардың, жұртқа төрелік айтқан ел ағаларының батасын алғандардың болашағы баянды бола түсетіні бар. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесіп, ықыласына бөленген жамбылдықтар жайлы сөз етпекпіз.
Ұлт көшбасшысының сенімін ақтаған Наризат
1997 жылдың қаңтар айы. Жарас қария қызметтегі қызына «Ертең қалаға Президент келеді. Осыған орай, қала жолдарында кедергілер болады» деп жұмысқа басқа бағытпен бару керегін айтып отырды. Мұны кенеттен теледидардан көз алмай отырған 3 жасар Наризаттың құлағы шалып қалды. Бұрын-соңды тек көгілдір экраннан көріп жүрген Президентті өз көзімен көргісі келген бүлдіршіннің бар ойы орталық алаңға баруға ауды. Кешкі асқа отырған отбасы мүшелерінің алдына келіп, арманын айтқан оған барлығы «Саған не жоқ, бала емеспісің?» деп қалжындап күлді. Дегенмен бала көңілді қимаған атасы мен әжесі «ертең апарамыз» деп жұбату айтты. Жастығына жантайып, ананы-мынаны қиялдаған Наризаттың ойлағаны – Елбасының қолын алып, оған өзінің есімін естірту. Арайланған таң да атты. Ұйқысынан оянып, далаға бір көз жүгірткен қыздың жапалақтап жауған ақ қар көңілін су сепкендей басты. Өйткені санасында «ешкім мені енді апармайды» деген ой ұялады. Таңертеңгілік әдеттегі уақытымен әркім өз жұмысына қарай беттеп бара жатты. Көзі жәутеңдеген қыздың бар сенімі – атасы мен әжесінде. Сүйікті немерелерінің «Мені Президент апармайсыңдар ма?» деп жанарына тұнған жасты көрген атасы әжесі Алмагүлге ертіп баруын тапсырады. Содан әжесімен қолына шоқ гүлін алып жыр, алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші маңына беттеді. Орталық маңы ығы-жығы, халық көп жиналған. Ата рухына тағзым ету шарасы өтіп жатқан орталықтағы жұрт қатарына келіп қосылды. Бір кезде Елбасының кортежі кішкентай қыздың көзіне ілікті. Алайда онда өту мүмкін емес. Көңілі күпті болған оның ойындағысы орындалуы үшін еш кедергіге де қарайлар емес. Бір кезде ескерткішке гүл қойып, халыққа бет алған Елбасына әжесінің қолында тұрған қыз лезде сытылып шығып, қалың тұрған жұртты қақ жарып жүгірді. Өзіне қарай қолын созып аяңдаған бүлдіршінді Президент көтеріп алып, қапсыра құшақтай алды. Сүт пісірім уақытта онымен тілдескен Мемлекет басшысы оның бетінен сүйіп, есімін сұрап, кіммен келгенін біліскен. Одан кейін Елбасы қолындағы қызды әжесіне табыстап, ақ батасын берді. Осы кездесуден кейін небәрі 3 жасар балғынның өмірі түбегейлі өзгереді. Жаңа заманның жасампазы Наризат Әділқызы қазір – 25 жаста. Жиырма бес жыл уақыт өтсе де, сол сәттің ұмытылмас шаққа айналып, жылы жүздесу жүрегінде сақталып қалған. 2000 жылы Тараз қаласындағы №22 орта мектептің табалдырығын аттаған Наризат бірінші сыныптан зерек болады. Математикалық есептерді шемішкедей шаққан оның қабілетіне ұстаздар таңғалып, олимпиадаларға қатыстыра бастайды. Төртінші сыныпты аяқтаған тұстың өзінде бірнеше жарыстарда жеңімпаз атанған ол өсе келе ғылыми жобаларға бет бұрады. Ал 11-сыныпты «Алтын белгіге» тәмамдаған жастың қолында оқу гранты тұрған еді. – 11-сынып оқып жүрген кезде Қазақ Ұлттық университетінің өкілі ретінде Мұхтарбай Үтелбаев есімді профессор келіп, жамбылдық оқушылар арасында математика пәнінен олимпиадалық жарыс өткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге үш білім гранты берілетін болып, осы байқауда мен жүзден жүйрік шықтым. Нәтижесінде Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінде тегін білім алуға қол жеткіздім. Осы кездің өзінде менің ойымда Елбасының айтқан сөзі мен батасы, «үлкен азамат бол» деген тілегі тұрған еді және бұл сөз әркез мені алға ұмтылуға рухтандырып тұрды. Нәтижесінде университеттің «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығын үздік дипломға аяқтап, магистратураны да жоғары деңгейде бітіріп шықтым. Енді докторлық диссертация қорғауды жоспарлап отырмын, – дейді білімге құштар Наризат. Бұдан бөлек, жалынды жас өз мамандығы бойынша білімін шет мемлекетте шыңдап, ұстаздық жолға түсіп, шәкірт тәрбиелеп, туған еліне еңбегін сіңіруді армандайды. Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы сыйға тартқан күнтізбені төсқалтасында сақтап, өзінің өмірлік бағдаршамы етуде.Ақ батамен нұрланған Айым
Ал 2010 жылы өңірге іссапармен келген Елбасының жанынан табылып, жол серігі болған Айым Жақанованың бұл күн есінде ерекше сақталған. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиеленіп жатқан 5 жасар қызды облыс басшылығы көптің ішінен таңдап алып, Елбасына гид болу бақытына ие қылады. Мемлекет басшысын балғын Айым «Отан» атты өлеңімен қарсы алып, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Қазыбек би көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолы мен балалар алаңының қайта қалыпқа келіп жатқан жұмыстарды бала тілімен баян етеді. Қатарластары атынан балаларға жасап жатқан жақсылығы үшін алғысын айтады. Айымға батасын берген Президент те оған оқуда озат болып, ата-ана үмітін ақтар абыройлы перзент болуына тілектестік білдіреді. Ұлт көшбасшысының ақ батасымен нұрланған Айым бүгінде қаладағы №5 мектеп гимназияның тоғызыншы сыныбында тәлім алуда. Оқуда озат. Кішкентайынан би үйірмелеріне қатысып, өнерден де өз орнын тауып жүр. Кейіпкеріміздің әкесі Қайрат Жақановтың айтуынша, қызының Елбасымен жүздесуі олардың жанұясындағы ең бақытты сәт болыпты. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесіп, қолын алған сәттен қызымыздың өн бойында ерекше қабілеттер пайда бола бастады. Мектепке барған сәттен-ақ ол болашағынан үлкен үміт күттірді. Өздігінен би билеп, сабағында да алғыр болып, бізді толайым табыстарымен қуантуда. Елбасымен бірге жүретінін естігенде қуанышымызда шек болмады. Ол үшін көп дайындалып, қызымыз Президенттің алдында бұлбұлша сайрап, көпті таңғалдырды. Біз сол кездегі кездесуді жақсылыққа жорып, сол кісі секілді елі сүйген, елін сүйген азаматша болып өссін деп тіледік, – дейді әке жүрек. Ал Айымның өзі болашақта журналист болуды армандайды. Қазірдің өзінде қатарластарынан озық ойлап, зеректік танытып жүрген балғынның келешегі кемелді болуына біз де тілектестік білдірдік. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» дейдi ұлы Абай. Иә, қос кейіпкеріміздің де өмірі Елбасымен кездесуден кейін түбегейлі өзгергені шын мәнінде таңғалдырады. Әрі Назират та, Айым да Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығып, ақ батасын ақтағаны сөзсіз сүйсіндіреді. «Үлкен азамат бол» деген Ұлт көшбасшысының бір ғана жылы сөзі мен тілегі қос аруымызды қанаттандырған. Биікке самғатқан. Ендеше жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз баянды болсын дейміз елдің ертеңі саналған жастарымызға.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы