Күні кеше Тараз қаласындағы «Арай» алқабы мен «Шалғай Қарасу» аймағын байланыстырып тұрған көпір «құлауға шақ тұр» деген ақпар тарап, тұрғындар дүрліккен болатын. Әлеуметтік желіде желдей ескен видеода көпір үстінен пайда болған жарықшаның көлемі 10 сантиметрге дейін кеңейіп, мыңдаған жолаушыға қауіп төндіріп тұрғаны айтылған. Алайда бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек сала мамандарын аталған көпірге бастап барып, БАҚ өкілдеріне бар жағдайды бүге-шүгесіне дейін түсіндірді.
Негізі нысанның құрылысы кеңестік кезеңде басталған болатын. Алайда Одақ ыдырағаннан кейін қырылысы аяқсыз қалып, талай жыл құр қаңқасы тұрған. Міне, осы нысанға 2016 жылы республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлініп, 2018 жылы құрылысы жоспарға сай аяқталған. Бар гәп міне осы үзіліп барып жалғасқан құрылыста көрінеді.
- Кеңестік кезеңде көпірдің жартысы салынып қойғандықтан кейінгі құрылыс материалдарын мамандар осы жобаға сәйкестендіруге тырысты. Алайда ескі және жаңа материалдардың бір-біріне дәл келуі қиын. Содан барып олардың арасында кеңейту түйіні пайда болады. Көпірде мұндай алты кеңейту түйіні бар. Ол түйіндер көпірдің үстінен жүк көліктері өткен кезде бетондар бір-біріне жанасып бұзылмауы үшін арнайы кеңістік ретінде жасалады. Біз көпірді қабылдап алған алғашқы айда-ақ мұндай жарықшаны байқағанбыз. Алайда бұл құрылыста қалыпты құбылыс саналатындықтан оны қайта бітеп қойдық. Кешегі жарықша ауа райының күрт суынан пайда болып отыр. Оның да орнын қазір сұйықтықпен жауып, қалпына келтірдік.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жарықшаның көлемі 10 сантиметрге дейін кеңейді деген ақпарат айтылады. Бұл жалған. Себебі кеңейту түйінінің көлемі жоба бойынша 5 сантиметр. Сондықтан ол 10 сантиметрге кеңеюі мүмкін емес, - дейді «Данай» ЖШС-ның техникалық бақылаушысы Бекенәлі Серікбаев.
Құрылыс басталғаннан басы-қасында болып, нысанға техникалық баға берген маман Б.Серікбаев тіпті нысан 100 жылға төтеп беретіндігін айтады.
- 2016 жылдан құрылыс басында жүргендіктен барлық жұмыс жоспарға сай жасалғанын көрдім. «Арайстроймаркет» ЖШС құрылысты сапалы жүргізіп, ешқандай кемшілік болмады.
Ұзындығы 315, ені 28 метр болатын көпірде 6 кеңейту түйіні болса, балкалардың ұзындығы 21 метр. Монолиттік бөліктердің арасына арматура жүргізіліп, жоғары сұрыпты цементпен бетондалды. Сондықтан көпір қай қырынан келсең де өте төзімді. Ал жарықшалардың пайда болуы жоғарыда айтқанымдай көпір құрылысында орын алатын қалыпты құбылыс. Құрылыс саласында 40 жылдық өтілі бар маман ретінде айтарым, бұл көпір әлі 100 жылға шыдас береді. Сондықтан халықты дәлелсіз қауесеттерге сенбей көпірмен еш уайымсыз қатынауларына болатындығын айтқым келеді, - дейді техникалық бақылаушы.
Міне, осылайша маман жарықша тұрғындардың өміріне еш қауіп төндірмейтіндігін айтады. Бұны облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекпен бірге көпірге барған өзге мамандар да растап отыр. Демек, дүрлігуге еш негіз жоқ секілді. Себебі мамандар барлық жағдайды жіті түсіндіріп, көпір әлі 100 жылға төтеп беретіндігін алға тартуда. Ендеше бұқараны түрлі қауесеттерге сенбей, тек дәлелді дүниелерге құлақ асуға шақырамыз.