Миллион жұмсалатын «мұзды өлке»
Миллион жұмсалатын «мұзды өлке»
394
оқылды

Жаңа жыл – көпшілік үшін айтулы мереке. Елімізде желтоқсан айы есік қақты дегенше шырша сәндеу, айналаны қызылды-жасылды әшекейге орау басталды дей беріңіз. Одан бөлек мұз қалашығын тұрғызу әуресі тағы бар. Елорда мен қысы суық өңірлер мұздан қала соғу үшін ақшасын сайлап, аумағын өлшеп отыр.

Елордадағы ертегі қалашық

Бірнеше жылдан бері Бота­никалық бақ төңірегіндегі ертегі әлемі балалардың көз қуанышына айналған. Сауда орталықтары ма­ңын­дағы сырғанақ та бала-шаға­ның көңілін аулауға таптырмайтын жер. Биыл да елорда әкімдігі мұн­дай құрылысқа миллиондаған қар­жы жұм­самақ. Әкімдік БАҚ-қа мұ­ның бәрі каран­тиндегі халықты сер­гіту, таза ауада отбасылық дема­лыс ұйымдастыру мақсатындағы шара екенін сан мәрте айтқан-ды. Сонымен Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімдігі дәстүрлі қалашықты салуға 80 млн теңге бөлді. Биыл ертегі қалашығын салу New level ЖШС-ға бұйырды. Олар келісімге сәйкес, 31 желтоқсанға дейін сырғанақтар мен мұзқалашық құрылысын аяқтауы керек. Еура­зия арнасының мәліметі бойынша, әкімдік бұл қаржыға «Алматы» ауданында 9 алаң, 7 мұз төбешік, 5 мұз айдынын салады. Сондай-ақ аудандағы 3 мектепке 3 мұз айдыны салынады. Атап айтсақ, «Қазақ елі» монументі, Триатлон паркі, «Ақ­бұлақ» өзенінің жағалауы, Оқу­шылар сарайы, Президент саябағы, «Жерұйық» паркі мен 3 тұрғын үй алабында төбешіктер мен алаңдар бой көтермек. Ал Newtimes-тің дерегінше,  «Байқоңыр» ауданы қарлы қала мен мұз айдындарын салуға 53 млн 571 мың теңге жұмсайды. Мұз-құрылыстың басы-қасында «Ар Ай» компаниясы жүреді.  Әрине, аталған компанияларға күн райы көмек­тесіп, құрылыс жұмыстары ойдағыдай өтуін тілей­міз. Өйткені 2015 жылы мұз қалашығын соғып жатқан тұста, күн жылынып, мамандарды әуре-сарсаңға салған-ды.

350 мың турист келеді

Нұр-Сұлтан қаласындағыдай жағдай Өске­менде де қайталанды. Бірақ елордалықтар  ауа райына қа­рамастан құрылысты аяқтап өткізг­енімен, шығыстағы қала үлгер­меді.  2018 жылы Өскеменде де мұздан жасалған мүсіндер еріп, қа­ланың коммуналды қызметі Жаңа жылға дейін қалпына келтіру жұ­мысын аяқтай алмады. Жауап­тылар мұны қар жетпей қал­ғанымен түсіндірген еді. Жоғарыда жазғанымыздай, қалашық тұрғызу – Жаңа жыл атфосферасын сыйлаудың жолы. Биыл Көкшетау шыршаға, мұз қалашық пен мерекелік отшашуға 38 млн 392 мың теңге бөлген. Одан бөлек, қала маңындағы Бурабай­дың қысқы демалыс өткізуге тап­тырмайтын орын екені бел­гілі. Әсі­ресе, «Лапландияны» көргісі келе­тіндер көп. Мұздан құйылған мү­сіндер, экстримді сырғанақтар көз жауын алады. Жалпы, мұз қала­шықтар мен сырғанаққа жұм­салған ақшаны қайтарып алуға бо­лады. Мәселен, Бурабайдағы қалашықтарды аралап, сырғанау бағасы  – 300 теңге мен 5 мыңның арасында. Өткен жылы қысқы мау­сымда Көкшенің кереметін көруге 350 мыңнан астам турист жиналған.

Әлемде талай қызық бар...

Мысалы, әлемде мұз қала­шы­ғын тұрғызу үшін компаниялардың арасында емес, мүсіншілердің арасында байқау өтеді. Сөзімізге Аляска мен Канададағы Квебек провинциясы дәлел бола алады. Аляскадағы Фэрбанкста қыста ауа температурасы -55 градусқа дейін суық. Ал Квебекте 400 см-ге дейін қар түседі. Сондықтан аталған қалаларда мұз қалашық тұрғызудан халықаралық фестивальдер өтеді. Мұз қалашықты тұрғызу мен сақтау мәселесіне келгенде, Қытай мысалына назар аударсақ. Харбин – Қытайдағы қарлы әрі ең суық қала. Әдеттегідей, желтоқсан айы­ның аяғы мен ақпанның басында туристер әлемнің түкпір-түкпірі­нен Харбинге қарай ағылады. Өйткені қалада дүниедегі ең үлкен Harbin Ice Festival мұз фестивалі өтеді. Оған 10 мыңнан астам мүсінші қатысып, мұз бен қардан таңғажайып заттар жасайды. Мәлімет бойынша, фестивальді 15 млн турист тамашалайды. Мұз қалашықтың биіктігі 50 метрге же­теді деседі. Мүсіншілердің дені атақ­ты ғимараттарды мұздан қай­талап жасауға тырысады. Мәселен, фильм мен ертегі сахна­ларын, Ни­аг­ара сарқырамасын және тағы бас­қаларын бейнелейді. Мысалы, 1990 жылдан бері қарай фести­вальге 1,9 млн мүсінші қатысып, 100 млрд доллардың келісіміне қол қойылған. 2020 жылы Харбиндегі мұз қалашығын 15 күнде салған. Бұған 220 текшеметр қар мен мұз кеткен. Қалашықтың жалпы аумағы – 600 мың шаршы шақырым. Одан бөлек, қалашыққа келген туристер дәстүрлі түрде суық суға түседі. Жыл сайын жұптар үйлену тойын қар қалашығында өткізу үшін ке­зекке тұрады. Бәрін тізіп келгенде, ұйым­дастырушылар кеткен шы­ғынның орнын толтырады. Жал­пы, әлемдегі мұз қалашықтары кө­бінесе фестиваль арқылы тұр­ғызылып, турис­терге алыстан «мен­мұндалап» тұрады.

Айбике ЖАНАСЫЛ