Ақмола облысы Атбасар ауданында інісі ағасына пышақ жарақатын салды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мас күйінде ауруханаға түскен 41 жастағы ер адам кеудесінің оң жақ тұсынан пышақ жарақатын алған. Оның Атбасар аудандық ауруханасына түскені туралы полиция бөліміне ауруханадағы медицина қызметкерлерінің бірі хабарлаған.
«Туыстар немесе таныстар бірге спирттік ішімдік ішкенде заңға қайшы әрекет: соның ішінде денсаулыққа әртүрлі дәрежедегі зиян келтірумен аяқталатын жанжал туындайды. Полиция қызметкерлері ер адамға пышақ жарақатын салған туған інісі екенін анықтады. Жәбірленушінің айтуынша, ол анасы және інісімен бірге тұрады. Ер адам жұмыстан үйіне келгенде шешесі мен ағасы ішімдік ішіп отырған. Кешкі ас кезінде оларға жәбірленуші де қосылды. Сосын сөзге келіп қалып, інісі ағасына жұдырық ала ұмтылып, кеудесіне пышақ салған», - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдікәрімова.
Күдікті ер адам бұрын сотталмаған, ол өз әрекетін толықтай мойындады. Қылмысты айғақтайтын заттай дәлелдемелер алынды. Қазір күдіктіге қатысты 106-баптың 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.