Алаяқтар жаңа тәсіл тапты
Алаяқтар жаңа тәсіл тапты
241
оқылды

Дағдарыс пен пандемия сал­дарынан алаяқтық белең алып барады. Мысалы, Пав­ло­дар облысы аумағында жыл ба­сынан бері алаяқтық бойын­ша 1 543 қыл­мыстық іс қоз­ғалған, оның 1 003-і ин­тернет пен әлеу­меттік желіні пай­да­лану арқылы жа­салған. Бұл туралы Ішкі істер ми­­нистрлігі хабарлады.

«Соңғы кезде алаяқтық деректері жиілеп кетті, олардың санаты әртүрлі. Алаяқтар күн сайын жаңа схема ойлап табады, ал одан азаматтар зардап ше­геді», – дейді Павлодар облысы По­лиция де­партаментінің Крими­налдық по­лиция басқар­масының бастығы Балғабай Қапаров. Тәртіп сақшыларының ай­туынша, соңғы кездері өңірде күшік сатумен айналысатын алаяқтар кө­бейген. Мысалы, бір қыз «Шпиц» тұқымды қымбат күшікті сату туралы жарнамаға жолығып, сатушыға телефон арқылы хабарласады. Иттің сипаттамасы мен дағдыларын тал­қылағаннан кейін жәбірленуші алаяқтың есепшотына аванс ау­дарған. Ақша есеп­шотына түскен соң алаяқ байланысты бірден үзіпті. – Қазір алаяқтар оңай ақша табудың жолына түсіп кетті. Кең та­ралған алаяқтықтың бір түрі – ке­лісімшартқа отырып, артынан мін­деттемелерін орын­дамау. Азаматтар пластик терезелер, темір есіктер, домофондар және басқа да заттарды орнатуға келісімшарт жасасады. Алайда олар алаяққа жем болады, – дейді Балғабай Сағындықұлы. Оның айтуынша, алдаудың тағы бір түрі – біреуге оның жақын туы­сының қиын жағдайға тап болғаны туралы хабарлама жіберіп, одан бөгде біреудің есеп­шотына ақша аударуға мәжбүрлеу тәсілі әлі күнге танымал. Жәбірленуші тарап «қиын жағдайға тап болған» туысына қоңырау шалып тексермейді, алаяқтардың құрбанына айналады. Сондай-ақ азаматтар ин­тернет дүкендердегі жеңілдіктер мен акциялар туралы хабарламаға сеніп, алдын ала төлем жасайды. Бірақ уәде етілген теледидар, тоңазыт­қыштарына қол жеткізе алмайды. Полицейлер интернетте әлденеге тапсырыс бермес бұрын сайтты мұқият зерттеуге, ол дүкеннің қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жат­қанына, жұрттың пікіріне, ағымдағы шотының көрсетілгеніне назар аударуға кеңес береді. Банк кар­тасының кодын және бірреттік құпия сөзді ешкімге айтуға болмайды. Интернеттегі күмәнді тран­зак­ция­лардан бас тарту қажет. Өзіңіздің қырағылығыңыз ғана алаяқтар қар­мағына ілікпеуге мүмкіндік бере­тінін есте сақтаңыз.

Елдос СЕНБАЙ