Сыр елінің ауыл шаруашылығы мен индустрия-инновация саласындағы жұмыстары алға баспай тұр. Жыл сайын кейінге шегеріліп келеді. Неге?
Қызылорданың күріштен кейінгі брендіне айналады деп сендірген шыны зауыты, сол жағалаудағы жаңа қала құрылысы ауыз толтырып айтатындай жаңалық еді. Он жыл бұрын армандаған «сақалды зауыт» әлі пайдалануға берілген жоқ. Зауыт құрылысының басталғанына қанша уақыт өтті. Бірінші жұмысты қолға алған компания жұмыс істеуден бас тартты. Одан соң екінші компанияға өтті. Бүгінде құрылыс жұмыстары баяу жүруде. Шыны зауыты, бұдан соң театр ғимаратын, неке сарайын саламыз деген бастаманың барлығы аяқсыз қалды. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешені жоспарланған болатын, сондай-ақ Қызылорда облысының төрт су шаруашылығы жобасын іске асыру көзделген еді. «Қара өзек», «Күміскеткен», «Қызылорда су торабы». «Көкарал бөгетін сақтау» және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру үшін су қоймаларын салу керек. Су қоймалары су жинап, сақтауға мүмкіндік береді. «Әйтек» су торабын жөндеу де өзекті. Су торабын су шайып, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бұл жерлерге бекіту жұмыстары жүргізілді. Түпкілікті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасына су ресурстары комитетінен 48 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жеделдету шаралары қабылданған еді. Экс-әкім Қ.Досмайылұлы 2020 жылы уәде берген еді. Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау жобасының екінші кезеңінің үш компоненті Қызылорда су торабын қайта жаңарту бойынша жұмыстар биыл басталуы керек болатын. Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы аз уақыт болса да, перспективалық жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Дегенмен түйіні шешілмеген мәселелер әлі бар. Бүгінде жұмыс істеп тұрған гидротехникалық Қызылорда су торабы өткен ғасырдың 50-жылдары салған және апатты жағдайда тұрғаны туралы жиі айтылуда. Су торабы бұзылған жағдайда шамамен 400 мыңнан астам халық қоныстанған үш аудан мен Қызылорда қаласы аумағында 250 мың гектар шабындық пен жайылымы 110 мың гектар суармалы жерді сумен жабдықтау жүйесі қоса бұзылады. Қызылорда облысында 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған байланысты Қызылорда су торабына реконструкциялау жұмыстары жүргізілуі қажет. Әйтсе де 1964 жылы салынған «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің жабдықтары да әбден тозған. Бұл Қызылорда қаласында 700-ге жуық көпқабатты тұрғын үйдің жылумен жабдықталмай қалуына тікелей әсер етеді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алдағы уақытта осы жұмыстарды жүргізуге перспективалық жобаларды барынша тездетпек. Бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмысқа облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың көңілі толар емес. Себебі жұмыстың бәрі жүйесіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған өндірістік кәсіпорындардың кейбіреуінде қара құлып тұр. 2018-2019 жылдары салынуы керек неке сарайы да кейінге қалдырылды. Үкімет басшысы А.Мамин табысты жобаларды іске қосу жөнінде Қызылорда облысы артта қалғанын атап айтқан болатын. Жыл басынан бері де, алғашқы тоқсан бойынша да көрсеткіш төмен болды.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы