«Жемқорларға» жаза жеңілдемейді

«Жемқорларға» жаза жеңілдемейді

Жемқорлардың жағдайы қиындайтын болды. Себебі Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салатын заңға қол қойды. Көптен бері талқыланып келген тақырыптың нүктесі қойылғандай. Ендеше мұны жегенді желкесінен шығару деп есептей аламыз ба? Қылмыстың бұл түрі үшін мұндай өзгеріс қаншалықты әділетті деуге болады?

Сыбайлас жемқорлықпен қалай күресеміз?

Былтырмен салыстырғанда жем­қорлық әрекеттері үшін жауап­қа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Бұл деректі Қасым-Жомарт Кемелұлы келтірген еді. «Халықаралық са­­­рап­­­­­­­шылардың айтуы бойынша, мемлекеттер пан­­демияның сал­­­­­дарымен күреске мол қаражат жұм­­­­сап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағ­­дайда еш пайдасы жоқ және қа­жетсіз іс-шараларға қаражаттың шы­­­ғын­далуына қоғамның қалай қа­­райтынын көріп отырмыз. Сон­дықтан мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру өте маңыз­ды» деген еді. Осылай дей келе, Прези­дент жемқорлықпен күрестің басты бес бағытын да атаған. Оның ішінде нақтырақ айт­қанда: түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағ­дайларға сапалы талдау жасау, тұр­мыстық сыбайлас жемқор­­лық­пен күрес, мемлекеттік қыз­меттерді жедел цифрландыру, биз­несті қорғау және қоғамдық бақы­лауды күшейту бағыттары болған. Байқасақ, Мемлекет басшысы жемқорлықпен күреске ерекше көңіл бөліп отыр. Әрине, қоғамның қай саласына болсын кері әсер бе­ретін «жегіқұрттың» жойылғаны бә­ріне жақсы. Десек те, тамырымен түбегейлі қопару қиын боп тұр. Осы орайда, күні кеше тапсырылған ша­ра жайлы талдасақ. Тоқаев Twitter же­лісіндегі жеке парақшасына мына­дай жазба жариялады: «Жем­қорлықпен күрес мәселелері жө­ніндегі кеңесте сыбайлас жем­қор­лық бойынша сотталғандарды шарт­ты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым». Бұл дегеніміз – алдағы уақытта жеуін жеп алып, артынша уақытынан бұрын «тайраңдап» бостандыққа шығу деген болмайды деген сөз.

Халықаралық сарапшылар ұсынысына үн қатамыз ба?

Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы заңнама Стамбұл іс-қимыл жоспары шеңберінде жүргізіледі. Соған байланысты халықаралық сарапшылар бізге әлемдегі ең адал ел болу үшін не істеу керегіне қатысты түрлі ұсыныс айтады, тәжірибесін бөліседі. Әділдіктің ақ жолына түсу әзірге оңай болмай отыр. Ұсыныстың ішінде мем­ле­кеттік қызметкерлер, депутаттар, соттар мен олардың отбасы мүше­лерінің шетелдік банктерден есеп­шот ашуына, сол жақта қаржы ұс­тауына тыйым салатын жаңа шектеу қою да болған. Өткен жылдың қоры­­­тындысы бойынша, осыған ұқ­сас жалпы саны 39 ұсыныс ай­тылыпты. Бәрінің түп негізі сол – жемқорлықтың жолын бөгеу. Тақырыпқа оралсақ, бұл туралы алғашқы болып сөз қозғағандар ішінде Мәжіліс депутаттары, одан қала берді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төра­ғасы Алик Шпекбаев бар. Қолда­ғандар да, қарсы шыққандар да аз болмады. Тіпті, шартты түрде мер­зімінен бұрын босатуға тыйым сал­май, ауыр және аса ауыр жемқорлық фактісімен ұсталғандарға берілетін мерзімді көбейтіп, бірақ шартты түрде босатуды қалдырса қайтеді дегендей ұсыныс болды. Соңында не керек, біздің қоғамды жем­қорлық жайлағаны сонша, басқа амал қал­мағандай сезілді. Сөйтіп, шарт­ты түрде мерзімінен бұрын босатуға тү­бегейлі тыйым са­лы­натын болды. Посткеңестік елдердің ішінде кейбір қылмыскерлерді шартты түрде мерзімінен бұрын шығаруға тыйым салу туралы Ресей бірінші болып мәселе көтерген екен. Бірақ депутаттар әрі итеріп, бері жығып, ақыры қабылданбай қойған. Он­дағы себеп – кешірім тілеп, жазасын жеңілдетуге әркімнің-ақ бар таласы, Конституцияға қайшы келеді-мыс. Міне, одан кейін бізде де қызу талас жүріп, Тоқаев тоқ етерін айтты. Қол­да бар деректерге қарасақ, соң­ғы 3 жылда шартты түрде мерзімінен бұрын 111 жемқор қыл­мыскер босатылыпты. Былтыр – 30, 2018 жылы 47 адам бостандыққа шыққан. Бір қызығы, бұл тізімдегілердің дені аса ауыр қыл­мыс жасағандар екен. Бар болғаны 8 адам ғана «азғантай» жеген болса, қалғаны – «аузым бар» деп аямай асағандар.

Жаңа өзгеріс: әділдік пе, әділетсіздік пе?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Әкімшілік-құ­қықтық департамент директоры Айгүл Базарбаеваның айтуынша, халықтың көпшілігі шенеуніктерді қатал жазалау керек деген пікірде. «Біз бірнеше рет әлеуметтік өлшеу жасадық. Қазақстандықтардың шартты түрде мерзімінен бұрын бо­сатуға қатысты пікірін білгіміз кел­ді. Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік бюджет ақшасын жымқырып, бірнеше миллиондап жеген шенеуніктердің қатаң жаза­лануын, сот бекіткен мерзімді то­лық өтеуі керегін қолдайтынын жет­кізді», – дейді ол. Заңгер Абзал Құспан болса, шартты түрде мерзімінен босатуға тыйым салудың тек жемқорлық бойынша сотталғандарға қолда­нылуы әділетті емес деп отыр. «Өз басым бұл енгізіліп жатқан өз­ге­рістің мәнін түсінгім келеді. Неге бұл адам өлтіргендерге, әйел зор­лағандарға, кей жағдайда террорлық актілерге қатысқандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қол­данылады да, сыбайлас жем­қор­лық сипатында қылмыс жаса­ған­­дарды бөле-жара қолда­ныл­майды? Мы­­салы, терактілерге қатысқаны үшін белгілі бір жағдайда мерзімінен бұрын босатуға болады. Ол қылмыс, сөзсіз аса ауыр кате­­горияға жатады. Ал енді сыбайлас жемқорлыққа байланысты жеңіл, орта, ауыр және аса ауыр дәрежелер боп бөлінеді. Ғайыптан тайып шағынаудандағы мемлекеттік мекеме басшысы 30-40 мың теңгенің дүниесі үшін сотталып кетті делік. Оларды мерзімінен бұрын босатуға болмайды. Ал әлгі радикал топ өкілі болса, қылмысты ашуға көмектескені үшін бостан­дыққа шыға алады. Мұны қанша­лықты әділетті деуге болады? Бәл­кім, ауыр және аса ауыр категория сипатындағы сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарға қолда­нылмайды десе, дұрысырақ болар ма еді?», – дейді заңгер.

Шартты түрде босатылған кімдер?

Осы ретте бүгінге дейін осы се­беппен сотталып, бірақ шартты түр­де мерзімінен бұрын үйіне оралған шенеуніктерге шолу жасап шықсақ. Дәл 7 жыл бұрын жел­­­тоқсанда аусылға қарсы вакцина сатып алуға қатысты өткізілген мемлекеттік сатып алу байқау­ла­рында кәсіпкерлерге «қарасып», 100 мың доллар көлемінде пара ал­ғаны үшін Мүслім Өмірияев сотталған. Сол үшін 10 жыл мой­нына ілініп, мүлкі тәркіленуі керек деген шешім шыққан. 2016 жылы Өмірияевтің өтінішхаты бойынша жаза жұмсарған. Ақыры әлгі іс бойынша залал келмегенін, қажет мерзімді өтегенін, тәртіпті болғанын ескеріп, пробациялық бақылау бе­кітілген еді. Қостанай қаласы әкі­мінің екі бірдей орынбасары – Мақ­сұт Қалиев пен Фрунзик Аракелян 2015 жылы жазда ұсталған. Қолдағы өкілетін асыра пайда­ланды, 300 мың теңге пара алды делінген. Артынша қала әкімі Ах­метбек Ахметжанов та ұсталып, 13 жылға бас бостандығынан айы­рылған. Кейіннен сот жазаны жеңіл­детіп, Қалиевке – 3 жыл, Ара­келянға – 3,5 жыл, экс-әкімге 6 жыл берген. Әйтсе де, 2019 жылы-ақ Ахметжанов шартты түрде мерзі­мінен бұрын босатылды. «Қазақстан инжиниринг» ұлт­тық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылдың басында қамауға алын­ған. Сот отырыстары жабық режимде өткен. Алған парасының дәлелденген сомасы 1 млрд теңгеден сәл асады. Соған байланысты оған 10 жыл берілген. Бірақ араға бір жыл салып, сот бас бостандығынан айы­ру туралы шешімін қайтып алып, 2 млрд 139 млн теңге көле­мінде айып­пұлмен алмастырды. Сот бе­кіт­кен айыппұлды Сұлтанбеков түгелдей қай­тарған деседі. 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы LRT құ­рылысына қа­тысты іске бай­ланыс­ты оған халықаралық іздеу жария­ланған. Қазір қайда екеніне қатысты ақпарат жоқ. 2016 жылдың мамыры мен жел­тоқсаны аралығында Ұлттық эко­номика министрлігін басқарған Қуан­дық Бишімбаевтың ісі де көп­шіліктің есінде болар. «Бәй­терек» ұлттық басқарушы хол­­дингінде істеген кезінде бірнеше рет аса ірі көлемде пара алғаны белгілі болған. 2018 жылы ол 10 жылға сот­талып, өмір бойына мемқызметке жола­­­май­­­­тындай, қылмыстық жол­мен алынған мүлкін тәркілеу туралы ше­­­­­­­шім шықты. Былтыр қазанда шартты түрде босатылды. 2016 жы­лы EXPO-2017 ұлттық компа­ния­сында ақша жымқырғаны үшін Құрылыс департаментінің экс-басшысы 2 жылға сотталған. Кеу­десіне таққан «Құрметінен» де айы­рылған. Десек те, араға бір жыл салып тәуелсіздіктің ширек ғасыр­лық мерейтойына байланысты оған рақымшылық жасалған. Өкілетін асыра пайдаланып, 80 мың доллар көлемінде пара ал­ғаны үшін 2013 жылы Қаржы ми­нистрлігі Кедендік бақылау ко­ми­тетінің басшысы Серік Бай­ма­ғамбетов айып­ты деп танылған. Кейін Президент Жарлығымен мерзімі 10 жылдан 5 жылға қыс­қарған. Содан кейін өтінішхат жол­дап, өзі жатқан колония басшы­лығының көзіне түсе қоймаса да, шартты түрде босатылған. «Қаз­атом­промның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісін атап өтпеу мүмкін емес. Қазақстанның уран кен орындарының үлесін офшорға беріп, пара алды делінген. Сөйтіп, тигізген залал мөлшері 99,6 млрд теңге деп есептеп, 14 жылға бас бос­тандығынан айырған. Жәкішев кінәсін еш мойындамады. Үш рет шартты түрде босатуға өтінішхат жолдаған. Осылайша, Жәкішев 11 жылға жуық түрмеде отырғаннан кейін шартты жазамен бостандыққа биыл наурызда шықты. 2013 жылы 12 жылға сотталған Мүслім Оңдағанов та шартты түрде босатылғандар тізімінде бар. БҚО облыстық Спорт басқармасының экс-басшысы бюджет қаржысын оңды-солды шашты делінген еді. 7 жыл 3 ай түрмеде отырып шыққан еді. Желіде жарыса жазылғанымен, артынша қайта тергеуге алынады. 51,8 млн теңгені төледі деп сот орын­даушының жалған құжат көр­сеткені анықталды. Мұндай дерек аз емес. Десек те, заңға өзгеріс енген соң кейінгілердің жағдайы қиындай түсуі мүмкін. Әлде Болашақта бұл өзгерістің үстінен тағы да өзгеріс енер ме екен? Мұны уақыт көрсетер.

Жадыра АҚҚАЙЫР