Облыста 15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі
Облыста 15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі
186
оқылды

Nur Otan партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Сұлупан Шынтасова, Қайрат Сабыр және Евгений Лазарчук «Анвар» гипермаркетінің ұжымымен кездесіп, сауда орнына келген сайлаушыларға үгіт-насихат парақтарын таратты.

Кездесу барысында үміткер Қайрат Сабыр сауда желісі қызметкерлеріне алдағы уақытта облыста медицина саласында қандай іс-шаралар атқарылатынын айтып берді. Оның айтуынша алдағы бес жыл ішінде өңірде 15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, 2021-2022 жылдары Ақтөбеде медициналық орталық жанынан 100 орынға арналған балалар инфекциялық корпусы, 2022-2023 жылдары 200 орындық облыстық инфекциялық аурухана, 2022-2023 жылдары Темір аудандық ауруханасы, 2024-2025 жылдары Checkup және ПЭТ орталықтары, 2024-2025 жылдары облыстық қан орталығы салынып, 2025 жылға дейін 28 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді. – Қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың саны жыл санап көбейіп барады. Мәселен, электрондық база көрсеткішіне сүйенсек, облысымызда жылына 1300 адам осы дертпен ауырады. Оның ішінде жылына 8-12 бала онкологиялық аурумен тіркеледі. Бір қуантарлығы, бүгінгі күні өңірде бұл ауруды емдейтін профессор, жоғары санатты дәрігерлеріміз, сондай-ақ қажетті медициналық құрал-жабдықтарымыз жеткілікті. Ендігі бір мәселе – жыл басында науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі. Бүгінгі күні елімізде республика бойынша барлық облысқа дәрі-дәрмек жеткізетін «СК-Фармация» мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Өкінішке қарай әр жыл басында біз науқастарға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізе алмай жатамыз. Сондықтан қазір біз аталған мекемеге жыл соңына дейін бүкіл тендерлерді өткізіп, әр облысқа тиісті дәрілерді жеткізуді қамтамасыз ету туралы ұсыныс-тілектерімізді білдірдік, – деді Қ.Сабыр. Оның айтуынша алдағы уақытта жыл сайын қатерлі ісікті ерте анықтау үшін кемінде 20 мың адамға скрининг жүргізу, диспансерлік топтың 100 пайызын қамти отырып, дәрілік заттардың, балаларға арналған емдік тағамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық мекемелерге жыл сайын кемінде 20 құрал-жабдық сатып алу жоспарлануда. Ал Евгений Лазарчуктің айтуынша Nur Otan партиясының бастамасымен алдағы бес жылда облыстағы экологиялық мәселелерді жою бойынша бірнеше жоба қолға алынады. Мәселен өңірде жыл сайын 396 гектарға 1,3 миллион ағаш егіледі. 2025 жылға дейін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының шаң және газ ұстағыш жабдықтары жаңартылады. Сондай-ақ 2021 жылы Байғанин, Мәртөк, Қобда аудандарында, 2022-2025 жылдары Әйтеке би, Қарғалы, Темір, Ойыл, Ырғыз аудандарында 9 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Ал Қарғалы ауданында жылына 48 мВт өндіретін жел электр станциясының екінші кезеңі жүзеге асырылып, облыстың қалалары мен аудандарында қоқысты бөлек жинауға арналған 2 мың контейнер орнатылады. денсаулық Кездесу барысында үміткер Сұлупан Шынтасова «Анвар» гипермаркетінің қызметкерлеріне, сондай-ақ сауда орнына келген сайлаушыларға партияның бес жылдық бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, көпшілікті алдағы сайлауда Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды.

Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық Сайлау қорынан төленді