Жақында сенатор Айгүл Қапбарова мемлекет қолға алған шараға қарамастан, өңірлердегі көші-қон мәселесі толық шешілмегенін айтып, депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы солтүстік аймақтарға оңтүстік тұрғындарын көшіру жұмысы ақсап тұрғанына, қоныс аударғандарға қолайлы жағдай жасалмағанына қынжылды. Рас, қынжылатын жөні бар. Теріскейге қазақтарды қаптатып жіберсек, Никонов, Федоров, Жириновский сияқты орыс шовинистерінің аузына құм құйылар еді ғой...
Қазақстанда 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Бағдарлама шеңберінде тұрғылықты халқы сиреген, жұмыс күші тапшы cолтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан азаматтарды көшіру жұмыстары басталған. Үкіметтің мұндай ауқымды шаруаны қолға алуына оңтүстік және солтүстік облыстар арасындағы демографиялық теңсіздік әсер еткен. Себебі еліміздің солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында жан саны қатты кеміген болса, керісінше, оңтүстік пен батыста 3,5 млн адамға артқан. Ал бір ғана ШҚО-да 393 мың адамға бір-ақ төмендеген. 2018-2019 жылдары СҚО-дан 10 мыңға тарта адам көшіп кетіпті. Осы облыста 20 жылда 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойылып, сатылып жатыр. Фельдшерлік-акушерлік пункттердің есігіне қара құлып салынған. Кітапханалар мен мәдениет ошақтарын айтудың өзі орынсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасап, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарының бір бөлігін ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажет екенін анықтаған. Егер өңірлер арасындағы бұл мәселе дұрыс шешілмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі халықтың саны миллион адамға қысқарып, оңтүстік өңірде халық саны 5,2 млн адамға артады екен. Мемлекет осы олқылықтың орнын толтырып, демография мәселесін реттеуді көздейді. Бағдарлама іске қосылғалы 20 мыңнан астам адам солтүстікке қоныс аударыпты. Олар тұрғын үймен, жұмыспен қамтылады. Кәсіп ашамын дегендерге егін және мал шаруашылығымен айналысуға жер телімдерін, босап қалған ғимараттарды беру жағы да қарастырылған. Қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге (35 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде ақша төленеді, коммуналдық шығындар мен жалға алынған баспананың ақысын өтеуге бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Балалары балабақшаға, мектепке кезексіз қабылданады. Бизнес-жоспар ұсынғандар 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие, «Бизнес бастау» бойынша тегін курстардан өтуге жолдама алады. Алайда оңтүстікке кері қайтқандар де кездеседі. Мәселен, 2016 жылдан бері СҚО-ға еңбек күші артық өңірлерден 6,5 мың адам көшіп барса, оның 8 пайызы солтүстікті жерсінбей, қайтадан туған өлкесіне оралыпты. Кейбірі теріскейдің ауа райына үйрене алмаса, кейбірінің бағдарлама бойынша көрсетілетін көмекке көңілі толмаған. Осы орайда Айгүл Қапбарова қоныс аударғандарға арнап салынған баспананың сапасы сын көтермейтінін мәлімдеген. «Мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Кейбір үйлер, қоныс аударушылардың айтуынша, апатты жағдайда тұр», – дейді сенатор. Иә, «сырты бүтін, іші түтін» үйлердің қабырғасы қазірдің өзінде қақырай бастапты. Жемқорлық дейтін жегі құрт осы бағдарламаның да өзегіне түскені өкінішті. Қазан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев cолтүстікке көшіп барғандарды ынталандыру үшін жәрдемақы мөлшерін екі есе, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін өсіруді тапсырды. Дегенмен 70 АЕК-ті 204 190 теңге деп есептеп, оның орташа жалақы көлемінде ғана екенін ескерсек, әлеуметтік көмекті әлі де арттыру керегі айдан анық. Сондай-ақ Президент шетелден келген қазақтар солтүстікке қоныстанса, бірден үй беріледі деп сүйіншіледі. Негізі, қандастардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысына (21,2 пайыз), Алматы облысына (16,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13 пайыз), Жамбыл облысына (9,4 пайыз) ірге тебеді екен. Ақмола облысын таңдайтындар да баршылық. Бірақ жері кең, адамы аз СҚО, Қостанай облыстарынан ат-тонын ала қашуға бейіл. Таяқтың екінші ұшы солтүстік өңірдегі ұлттық үлес мәселесіне тіреледі. Үкімет бұл туралы үндемесе де, қар астындағы қарғын судай астыртын саясат жүргізіп отырғаны күмәнсіз. Неге десек, қазіргі таңда СҚО-да орыстар 49 пайыз болса, қазақтар 34 пайыз, Қостанай облысында орыстар 41 пайыз болса, қазақтар 40 пайыз екен. ШҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында да славянтектес халықтың қарасы мол – 25 пайыздан асады. «Бос жатқан жер жау шақырады» дейді қазақ. Ресейлік дума депутаттарының әңгімесі осы мақалдың мәніне бойлауға мәжбүрлейді. Әсіресе, Грузия мен Украинадағы жағдайлардан кейін етек-жеңімізді қымтай түсуге тиіспіз. Жалпы, 2013 жылдан бері күнгейден теріскейге 20 мыңнан астам адам қоныс аударыпты. Далиып жатқан бес облысқа 20 мың түгіл 200 мыңның өзі аздық ететіні ақиқат. Сондықтан көштің қарқынын қатайту қажет. Ол облыстарда қазақтардың үлес салмағы өссе, бірқатар саладағы саяси ұстанымдарды қайта қарауға болар еді. Қалың қазақ қара ормандай иін тіресіп отырса, Петропавл мен Павлодардың атын өзгерту де қиынға соқпас еді. Ешкімнің «құқығын» таптамай, ешкімнің қас-қабағына жалтақтамай, маңызды мәселелер өз-өзінен табиғи жолмен шешілер еді.Айдар ДӘУІТҰЛЫ