Жағдайы ауыр екі айлық қазақстандық Омбыдағы облыстық балалар клиникалық ауруханасынан Нұр-Сұлтанға санавиация бортымен жеткізілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің сайты жариялады. Омбыдағы Қазақстан Республикасының консулдығы көмегімен Новомск учаскелік ауруханасынан жағдайы ауыр екі айлық Қазақстан азаматы Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Рейсті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.
«Қазір пациенттің жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер толық емдеуді бастап кетті. Мамандар сәбиді елордаға жеткізерден бұрын оның диагнозын алдын ала қарап шығып, Омбыға ұшып келісімен қарқынды ем-дом жүргізуді қолға алды» делінген хабарламада.