Қазақстандықтар келесі 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағындағы қаржыға емделе алатын болды. Тиісті заң жобасын Парламент қабылдады. Денсаулық сақтау министрлігі «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының» жобасын жариялады. Ел енді оның тезірек іске қосылуын күтуде.
Президент Қ.Тоқаевтың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат ету туралы бастамасын халық қызу қолдады. Бұл миллионға жуық азамат үшін жаңа мүмкіндік ашпақ: олар қаражатын баспана алуға және емделуге бағыттай алады. Осы мақсатта уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкі» құрылды.Жинақ денсаулықты қазір қорғауға керек
Тек баспана емес, БЖЗҚ-дағы жинақтарды емделуге жұмсау бағыты да қазақстандықтар арасында кең сұранысқа ие болатыны байқалады. Жұртшылық шетелдік клиникалардың қымбат әрі сапалы медициналық қызметін пайдалануға құлшынып отыр. Соған қарағанда пандемия аяқталып, шекаралар ашылса, медициналық туризм соны серпін алатын түрі бар. Атырау тұрғыны Людмила Товкач жұбайы екеуі Қ.Тоқаевтың осы бастамасының жүзеге аса бастайтын күнін асыға күтіп жүр. Себебі күйеуі Михаил Товкач өз жинағын денсаулығын жақсарту үшін пайдалануға ынтық. «Ол ІІ топтағы мерзімсіз мүгедек деп танылды. 64 жаста. 8 жыл бұрын Атырау облыстық ауруханасында жүрегіне аса күрделі ота – аортокоронарлық шунтирлеу операциясы жасалды. Операция кезінде клиникалық өлім тіркелді. Кең көлемді ишемиялық инсульт болды, миының бір бөлігі өліп қалған. Бұл жадын жоғалтуына әкеліп соқтырды. Жүйкесі жұқарып кетті. Тосыннан долданып шыға келеді, агрессия танытады», – дейді Людмила Владимировна. Оның күйеуі өз бетімен қозғала алмайды екен. Өзгенің, әйелінің көмегінсіз тіршілігі қиын. Науқас ауруханадан шығарылғаннан кейін ұзақ жылдар емделуге, неврологиялық тексеруге мұқтаж болған. «Өкінішке қарай, оның барлығы бірдей Қазақстанда жасала бермейді. Мысалы, дәрігердің ақыл-кеңесі бойынша Ресейдің Петерборында, РФ ғылым академиясының «Н.П.Бехтерева атындағы Адам миы институтында» зерттеуден өтіп, емделді. Михаил – мамандығы бойынша геолог. Бүкіл өмірін даладағы экспедицияларда өткізді. Мемлекетіміз табиғи қазба байлықтарды ел игілігіне жаратуы үшін қызмет етті. Бұл кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, денсаулығынан айырылды. Тәуелсіздік жылдары, 1995 жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеді. Өз ісінің білгірі деп танылып, 2005 жылы «Үздік қызметкер» атанды. Өмір бойы дала кезген адам қазір үйден сыртқа аттап баса алмай, қамалуға мәжбүр», – дейді оның жұбайы. Михаил Товкач үйінде емделуде. Бұл сауығуға ықпал етпейтін көрінеді. Сондықтан әйелі оны Неврология орталығына жатқызып, миының функцияларын қалпына келтіріп, невропатологиялық, кардиологиялық ұзақ сауықтырудан өткізгісі келеді. Бірақ оған қаражаты тапшы. «Ақша ештеңеге жетпейді. Ешкімнен қаражат сұрағымыз келмейді. Оны емдеуге күйеуімнің зейнетақы жинағы жетер еді. Үкімет соны алуға жәрдемдессе дейміз. Заң бойынша зейнетақы жинағын бірреттік төлем түрінде алуға болады деп жатыр», – дейді Людмила Владимировна. Үкімет мүшелеріне өзге де ауыр сырқаттарға ұшыраған жандардан осындай өтініштер көптеп түсуде. Мысалы, Қазақстанда 180 мыңға жуық онкологиялық ауруға ұшыраған адам есепке алынды. Жыл сайын шамамен 35 мыңдай адамнан қатерлі ісік табылады. Яғни, әрбір жүзінші қазақстандық осы дертпен күресуде. Жыл сайын бұл аурудан 15 мың адам көз жұмады. Егер зейнетақы жинағы жетсе, олар оны қосымша сауықтыру шараларына жұмсай алар еді.Қандай аурудан емделуге мүмкіндік бар?
Сонымен, Денсаулық сақтау министрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану тәртібін айқындады. Ол бойынша біріншіден, БЖЗҚ-да жеткілікті сомасы бар азаматтар оны өзінің ғана емес, сондай-ақ ата-анасының, туған және асырап алған балаларының, ата-анасы бір немесе бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), сондай-ақ ата-әжесі, немерелері денсаулығын жақсартуға қолдана алады. Ал бөгде адамдарға пайызбен қарызға беру немесе сыйлау қарастырылмаған. Екіншіден, жинақ алушының қолына ақша түрінде берілмейді: қызмет көрсеткен клиникаға қолма-қолсыз аударылады. Үшіншіден, БЖЗҚ-дан аударылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) осы қағидаларға 1-қосымшада бекітілген медициналық қызметтер түрлерінің тізбесіндегі медқызметтерге ғана жұмсауға рұқсат етіледі. Сонда ол тізбеге қандай аурулар жатады? БЗТ есебінен ақысы төленетін медқызмет түрлерінің тізбесіне бірінші кезекте орфандық ауруларды емдеу (дәрі-дәрмекпен қамтуды, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындауға арналған диагностикалық зерттеулерді қоса алғанда) енгізілген. Екіншіден, зейнетақы жинағы арқылы Қазақстан аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер алуға болады. Үшіншіден, пластикалық операцияларға да зейнетақы жинағының қаржысын пайдалануға болады. Соның ішінде операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, организмнің жұмсақ тіндеріне косметологиялық, түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары да әлгі есепке кіреді. Төртінші, радионуклидті және радиойодты терапияны талап ететін аурулар. Бесінші болып радиохирургиялық емдеуді қажет ететін аурулар (гамма-пышақ, кибер-пышақ) медқызмет тізбесіне енгізілді. Алтыншы, протонды терапияны қажет ететін аурулар. Жетінші, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту үшін зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануға болады. Осы қағида күшіне енбес бұрын 2021 жылдың 6 қаңтарына дейін қоғамдық талқылауда болады. Соның барысында халықтан ұсыныс-тілектер түссе, бұл тізімге енетін қызметтер саны артуы мүмкін. Сырқат адам жинағын осы тізімдегі бірнеше аурудан емделуге жарата алады, медқызметтер түрлері бойынша шектеу жоқ, тізбеде болса болғаны. Бірақ 2 ай ішінде талап етілмесе, есепшоттағы ақша БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.БЖЗҚ-дан қаражат алу қадамдары
ДСМ ұсынып отырған қағидалар жобасында алушы азаматтың, БЖЗҚ-ның және уәкілетті оператордың өзара іс-қимыл алгоритмі көрсетілген. Осыны қадам-қадам бойынша түсіндіріп өтсек. 1-қадам. Зейнетақы жинағына емделгісі келетін адам (алушы) өзі тіркелген медициналық ұйымға – емхана-клиникаға жүгініп, тиісті формада толтырылған анықтаманы беруге өтініш жазуы керек. Ол құжат «жеке тұлғаны біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге бағыттау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысы» деп аталады. 2-қадам. Өтініштер бойынша осындай қорытынды беру үшін медұйымның басшысы өз бұйрығымен дәрігерлік комиссия құрады. Оның құрамына емхананың құрылымдық бөлімшелерінің меңгерушілері, кем дегенде 3 дәрігер-маман кіреді. Сондай-ақ оған басқа да медұйымдардың мамандарын, ЖОО, ҒЗИ, зерттеу орталықтары кафедраларының қызметкерлерін тартуға жол ашық. Комиссия отырысына мүшелер көзбе-көз немесе онлайн қатыса алады. Азаматқа өз жинағына емделуіне келісім беру немесе одан бас тарту жиналғандардың көпшілік дауысымен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, комиссия төрағасының дауысы шешуші деп танылады. Комиссияның шешімі отырыс өткен күннен бастап 3 күн ішінде өтініш иесіне табысталуы тиіс. 3-қадам. Оң қорытынды берілсе, алушы электронды цифрлы қолтаңбасымен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Сонда емделуге БЗТ алу туралы өтінішті толтырып, оны ЭЦҚ-сымен растайды. Комиссия қорытындысын қоса тіркейді. 4-қадам. Электронды өтініш БЖЗҚ-ға келіп түседі. Уәкілетті оператор мен БЖЗҚ арасында ақпарат алмасу олардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Яғни, азамат солардың арасында өзі жүгірмейді. БЖЗҚ өтінішті алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде БЗТ-ның сұратылған сомасын уәкілетті операторға аударады. Оператор ол соманы алушының арнайы шотына жолдайды. 5-қадам. Тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады. Алушы адам артынан ол қаражаттың нысаналы жеріне, яғни емделуге жұмсалғанын құжат жүзінде растауы тиіс. Егер растай алмаса, жинақты БЖЗҚ-ға кері қайтаруға тура келеді.