ЖЫЛ ҚАТЕРІ – КОРОНАВИРУС
2020 жыл Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін де коронавирус пандемиясының таралуымен есте қалды. 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталған COVID-19 вирусы Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызында тіркелді. 2020 жылдың 29 желтоқсанындағы мәліметтерге қарағанда, елімізде коронавируспен 152 460 адам ауырған.ЖЫЛДЫҢ «ТУРИСТІК НЫСАНЫ» – БОЗЖЫРА
Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақүй салу жобасына байланысты аталған аймақтың танымалдығы артты. 7 қарашада әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат құралдарында Бозжырада құрылыс техникасы тұрғаны жөнінде ақпарат тарады. Көп ұзамай Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі әлі ешқандай құрылыс басталмағанын, алайда Бозжыра шатқалына қонақүй салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасына қатысты пікір білдірді. Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді.ЖЫЛ ҚАҺАРМАНДАРЫ − ДӘРІГЕРЛЕР
COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде дәрігерлер айрықша қажыр-қайрат көрсетті. Күндіз-түні жұмыс істеген медқызметкерлер арасынан 13 172 адам вирус жұқтырып алды. 182 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясынан қайтыс болады. Бүгінгі күні вирус жұқтырған 9 300 медицина қызметкері мемлекеттен өтемақы алды.ЖЫЛ ЖАҢАЛЫҒЫ – ҚАШЫҚТАН ОҚУ
Пандемия кезінде қазақстандық оқушылар жаппай қашықтан оқуға көшті. Онлайн оқу 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында басталды. Қашықтан оқу барысында Zoom, Microsoft team қатарлы бейнебайланыс бағдарламалары мен BilimLand, DarynOnline қатарлы отандық білім беру платформаларының танымалдығы күрт артты. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс үшін «Білім» тарифін енгізді.ЖЫЛ ЖӘРДЕМАҚЫСЫ – 42 500 ТЕҢГЕ
Төтенше жағдай мен карантинге байланысты кезінде кіріс көзінсіз қалған азаматтарға 42 500 теңге жәрдемақы төленді. Жәрдемақы үш рет тағайындалды. Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Екінші рет 3,8 млн адам алды. Үшінші рет ресми мәлімет бойынша 2,4 млн азамат 42 500 теңгеден жәрдемақы алған.ЖЫЛ ЖЕТІСТІГІ – QAZCOVID-IN
2020 жылы Қазақстанда коронавирусқа қарсы бірнеше вакция-на әзірлене бастады. QazCovid-in вакцинасын сынаудың екі кезеңі аяқталып, үшіншісі басталды. Желтоқсанда ерікті түрде вакцина егу қолға алынды. Отандық вакцинаның тиімділігі 96 пайызға жетті. Сынақтар 2021 жылдың наурыз айында аяқталады.ЖЫЛ ҚУАНЫШЫ – БАЛКОНҒА ТУ ІЛУГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛДІ
2020 жылы мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы тәртіп өзгерді. Сөйтіп, азаматтар балконына мемлекеттік Туды үй сыртына ілуге мүмкіндік алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажетін атап өтті. Сөйтіп, Үкімет 2007 жылы 2 қазанда шығарылған №873 қаулыға өзгерістер енгізді. 4-тармақтың 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізетін орындарда ілуіне болады.ЖЫЛ БЕЛСЕНДІЛЕРІ – ЕРІКТІЛЕР
Еріктілер жылы деп жарияланған 2020 жылы 123 мың адам ерікті болып қызмет көрсетті. Олар Мақтаарал ауданы су тасқынында қалғанда 16 мың тонна гуманитарлық көмекті халыққа үлестірді. Пандемия кезінде 5 мыңнан астам мониторинг жасап, 1 млн-нан астам адамға көмек көрсетті. Олар қазір 1 010 жоба бойынша жұмыс істеуде.