Жайылымдық жер тапшы
Жайылымдық жер тапшы
970
оқылды

Еліміздегі жайылымдық жерлер­дің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр. Бұл туралы 2021 жылы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Ол Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін іске жаратылмай жатқан жайылымдарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырды. 

 Жайылым неге жетіспейді?

Міне, парадокс! Ауылдағы ағайын ал­дындағы азын-аулақ қара-құрасын бағатын жайылым таппай жүргенде, мұншама жер­дің қаңырап бос жатқаны ақылға сыймайды. Ресми дерекке сүйенсек, республика бо­йынша 94,3 млн гектар жайылым қолда­нысқа берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, 22 пайызы – елді мекендердің қарамағында. Елдің еншісіндегі жер қара тақыры шық­қанша 100 пайыз пайдаланылады, өйткені оларда өлкенің оты түгесілсе де, мал бағымын ауыстыратындай басқа қоры жоқ. Кә­деге жаратылмай жатқаны – заңды тұл­ғаның үлесіндегі учаскелер. Ал жайылым­ның 78 пайызын иеленіп отырғандардың қаншасы нақты жермен жұмыс істейді, оның қаншасы латифундистердің иелігінде – мұны алдағы күндері Бас прокуратура анықтауы тиіс. – 2015 жылдан бастап ауыл шаруа­шылығы жерлерінің тиімді жұмсалуына бақылау жасау әкімдіктердің де құзырына берілген. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауы тиіс, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі оны ауыл шаруашылығы айна­лымына енгізуге немесе мемлекет мен­ші­гіне қайтарып алуға бағытталған заңнама­лық шараларды жетілдіреді. Жалпы, соңғы екі жылда республика бойынша ауыл шар­уа­шылығы жерлерін анықтау және қай­тарып алудың оң динамикасы байқалады,– деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов. Сондай-ақ комитет басшысы АШМ сот шешімі бойынша жер учаскелері қай­тарылып алынған тұлғалардың тізімін қалыптастыру жалғастырылып жатқанын атап өтті. Бүгінде «қара тізімде» 600-ден астам адамның аты-жөні, жер учаскелерінің кадастрлық нөмірі, ауданы және нақты орналасқан жері көрсетілген. Қазір ауылдық жерлерде 7 738,7 мың (41,5 %) адам өмір сүреді. Олардың қолында 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекеменшіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Осы деректен-ақ халықтың қолындағы мал қарасы ауылшаруашылық ұйым­дарын­дағылармен салыстырғанда 2 есе көп, сөйте тұра оларға бөлінген жайылым көлемі 3,5 есе аз. Оның үстіне, халықтың қолын­дағы төрт түліктің түгелі дерлік елді мекеннің маңайына жайылады. Сондықтан көпшілік қазақ ауылдарының айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Мұндай жағдай жылдан-жылға қайталанатындықтан, жайылымдар құлдырауға ұшыраған. Бүгінде республика аумағында азып-тозған жер көлемі 27 млн гектарға жетті! БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының есебінше, соның кесірінен Қазақстан жылына 1 млрд долларға дейін шығын шегеді. Сондай-ақ зооветеринарлық жағдай асқынып, мал басының ауру-сырқауы артып барады. Мұндай жағдайда мал басын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру деген мәселені қоз­ғаудың өзі орынсыз. Тағы бір маңызды мәселе – жайылым жерлердің 40 пайызы табиғи су көздері – өзенмен, көлмен, бұлақпен қамтамасыз етілген. Қалған өңірлерде жерасты суларын жоғарыға тартып шығару үшін инженерлік құрылғылар орнату қажет. Ал сусыз өл­келердің көпшілігінде су тартқыш құрылыстары жоқ немесе бұрынғы Кеңес заманында салынғандары пайдаланудан шыққан, ал оны өздігінен салуға ілудің бірінің ғана жағдайы жетеді. Сусыз жа­йылымдардың иесіз жатуының бір себебі – осы.

Қай өңірлерде жер тапшы?

Мемлекеттен жайылым ретінде бе­рілген жерлердің 73,4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер (АШТӨ) мен шаруа қожалықтарына тиесілі. Алайда қолданыстағы норма­тивтердің есебіне сүйенсек, олардың қолындағы 3,146 млн бас мал үшін тек 26,3 млн гектар жайылым жетеді. Қалған артық берілген 47,1 млн гектар аумақ іске жара­тылмай, бос жатыр. Керісінше, елді мекендердегі халықтың қолындағы 6,7 млн бас үшін 53,3 млн гектар жайылым тиесілі болғанымен, ауылдықтарға нақты 20,9 млн гектар телім тиген. Яғни, мал бағымы үшін елге әлі 32,4 млн гектар жайылым жетіс­пейді. Республиканың барлық өңірлерінде (Ақтөбе облысынан басқа) жайылымдық жер жетіспейді. Кей аймақтарда бұл мәселе тіпті күйіп тұр. Мәселен, халыққа жайылым үшін қажетті норманың Түркістан облы­сында – 7 пайызы, Жамбыл облысында – 10 пайызы, Алматы облысында – 12 пайызы, Қызылорда облысында 13 пайызы  пайдалануға берілген. АШМ мамандарының айтуынша, жергілікті халықтың мал жайылымы тапшылығы мемлекеттік жер қорының (75 млн гектар) және АШТӨ-нің бос жатқан учаскелерінің (47,1 млн гектар) есебінен шешілуі тиіс. Ол үшін, ең алдымен республикадағы барлық елді мекендердің мал бағымына қажетті жайылымдық жерлерінің ауданы анықталып, бекітілуі керек. Сондай-ақ ауылдық жерлердің нақ­ты шекаралары анықталуы қажет. жайылым Қазір Қазақстанда 2 480 ауыл болса, соның 1 611-інің шекарасы белгіленген, ал 869-ның шекарасы нақтылануда. Ауылдық округтерде геоботаникалық зерттеу негізін­де жайылымдарды басқару жоспарын және жайылымдардың айналымы схемасын бекіту жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл шара­ны 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. «Жайылымдық жерлерді белгілеу мақсатында космомониторинг жүргізіп, осы процесс барысында алынған ақпараттар негізінде өңірлердің электронды картасы жасалады. Мұнда жайылымдардың жүктел­меген учаскелері қызыл түспен бейне­ленеді», – деді АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов. Төрағаның айтуынша, ғарыштан түсірілген ақпараттар арқылы жайылым­дардың жағдайы ғана емес, егістік жерлерді пайдалану барысы да зерттеледі. Жер инспекторлары алқаптарды өңдеу барысын, дақылдардың түрлерін анықтайды, химия­лық өңдеу және басқа да процесті бақы­лайды. Космомониторингпен қатар жергілікті жерлердің фотобейнесі қамтылған цифр­лық ауыл шаруашылығы карталары жа­салуда. «Аталмыш карта жер учаскелерін нақты пайдалану, оның сипаттамасы және құрылымы бойынша саралауға мүмкіндік береді. Карталарда егістік, тыңайған жер­лер, бақтар, шабындықтар мен жайылымдар – бәрі көрсетілген», – дейді төраға.

Заман қандай, заң қандай?

Ықылым заманнан бері тіршілік-тұр­мысы мал шаруашылығымен біте қайнас­қан ауыл қазағы үшін жайылым мәселесі қашан да көкейкесті. Оның жетіспеушілігін шешу үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Заң мал ба­ғылатын алқаптарды тиімді реттеуге және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозу процестерінің алдын алуға ба­ғытталған. Заңда жайылым жерлерін пайдаланудың үш шарты бекітілді: Бірінші, елді мекендердің маңайындағы жер. Ол – мемлекеттің меншігінде. Бұл учаскелер жергілікті халықтың қажеттілігі үшін беріледі. Тек аталған алқапта жа­йылатын мал саны мемлекет белгілеген шек­тен аспауы керек. Егер жекеменшіктің малы шекті нормадан асып кетсе, басы артық қара-құра ауылдық округ әкімдігіне тиесілі басқа аумақтағы екінші деңгейлі жа­йылымдарға жіберіледі. Егер бұл жағ­дайда әкімдік жерлері жеткілікті болмаса, жетіспеген көлем заңды тұлғалардан мем­лекет меншігіне мәжбүрлі түрде алынып, тұрғындардың мал жаюына тегін беріледі. Екінші, акционерлік қоғамдар, жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары ауыл округі аумағынан 49 жыл­ға жалға алған учаскелер. Сондай-ақ жайылым санатынан басқа да телімдер бар: шабындық, орман шаруашылығы мақ­сатындағы және ерекше қорғалатын ау­мақтағы (табиғи қорықтар) жер. Өзен-көл алқаптары да осы санатқа жатады. Үшінші, ауылдардан шеткері жатқан сыртқы жайылымдар. Бұл жерлер толықтай мемлекет меншігінде. Алайда тұрғындар бұл учаскелерге өздігінен мал жая алмайды. Қолданыстағы заңға сәйкес, бұл телімдерді қауымдасып пайдалану қарастырылған, яғни ол жерлерде халық бір көше, әйтпесе тұтас ауыл болып ұжымдасып, келісіп, ортақ отар, табын шығарып, малын бірлесіп баға алады. Аталған заң қолданысқа енгеніне төрт жылға аяқ басты. Өкінішке қарай, «Nur Otan» партиясы бақылау комитеті тобы жүргізген мониторинг көрсеткендей, АШМ өкілетті органдары, жергілікті атқарушы органдар (аудан, ауыл әкімдіктері) «Жайы­лым туралы» заңы нормаларының орын­далуына күні бүгінге дейін жүрдім-бардым қарап келген. Соның кесірінен жергілікті тұрғындар өз ауылдық округ аумағындағы жайылымдарды толықтай пайдалана алмай отыр. Әлбетте, заңда бәрі айқын жазыл­ғанымен, оның орындалуына келгенде түрлі кілтипанның табылатыны белгілі. Әкімдердің жыл сайын халық алдында есеп беру кездесуінде бұл мәселе тұрақты түрде көтеріліп келе жатқанына қарамастан, ол әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушілік пен наразылық туындап, жер дауы «ұшынып» тұр. Ал бұл наразылық дер кезінде шешілмесе, соңынан өрши келе үлкен өртке айналып кету қаупі үлкен.

Жайылым жерлердің проблемасы депутаттардың назарында

Парламент Мәжілісінің депутаты Қай­нар Абасовтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешені саласында жайылым жерлердің жетіспеуі өте көкейкесті мәселеге айналып отыр. Мәселен, Түркістан облысында 8 476,9 мың гектар жайылым жетіспейді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Алматы облысында – 4 576,9 мың гектар, Қызылорда облысында – 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облысында 3 329,7 мың гектар жайылым тапшы. – Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын бастады. Оның құрамына Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет депутаттары кірді. Депутаттар комиссия жұмысы бойынша жайылымдық жерлердің проблемаларын шешуге қатысты өздерінің бірқатар ұсынысын енгізетін болады,– деді Қайнар Абасов. Сондай-ақ ол жайылым жерлердің проблемасы «Nur Otan»  пар­тиясының 2025 жылғы дейінгі сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқанын атап өтті. Түйін:

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша 19 наурыз күні  Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша комиссия құрылды. Ендігі бар үміт – сонда. Мүмкін жерге қатысты қордаланған проблемаларды шешіп беруге осы комиссияның пәрмені жетер.

Дәулет АСАУОВ