1990 жылдардың бел ортасында дүниеге келген балаларды Z ұрпақ деп атаймыз. Олар жастайынан жаңа технологиямен дос болып, инноватор болуға бейімделген. Әлеуметтанушылар Z ұрпақтың кейбір ерекшелігіне қарап, Generation-MeMeMe деген арнайы атау ойлап тапқан. Яғни, олар ішкі әлемінде де, сыртқы ортада да мен-мендеп тұрады. Мұны кейде ата-аналар түсінбей жатады. Ал мамандар балаларды түсінетін әлеуметтік орта жоқ дейді.
Generation-MeMeMe
Иә, «зеттердің» ойлау жүйесі бөлек. Олар ата-аналары сияқты «не киемін, не ішемін» деп ойланып өскен жоқ. Аға-әпкелері ұқсап ала таңнан кешке дейін далада асыр салып ойнап, түнде шамның жарығымен сабақ оқымады. Сондықтан психологияның бөлек болуы заңдылық. Мысалы, сіз бен біз бала болсақ та, ата-анамыздың жағдайын түсініп, көп нәрсе талап етпедік. «Зеттер», керісінше тікелей талап етуге бейім. Олардың ортасы сондай. Сыныптағы беделі қолындағы смартфонның маркасына тәуелді болуы әбден мүмкін. Бұл қарама-қайшылықты бізге психолог-суицидолог Михаил Смецкой түсіндіріп берді. Маманның айтуынша, «зеттер» биологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерін толық қанағаттандырғысы келеді. Мысалы, Михаил Смецкой мектепке ағаларынан қалған киімді киіп барғанын немесе ескі киімді жамап кигенін айтады. Бұл сол кезең үшін қалыпты жағдай еді. Қазір «зеттердің» бірі мектепке ескі киіммен келетін болса, оған «атаңның киімін үстіңе іліп алғансың ба?», – дейді. Ал балалардың талап-тілегін ата-аналары мен ұстаздары түсінбей жатады. Өйткені олар жаңа ұрпақ тәрізді тоқшылықта өмір сүрген жоқ. Осылайша, Z ұрпақ психологиясын жіктеп көрсек болады. Біріншіден, «зеттер» шынайы өмір мен виртуалды өмірдің айырмашылығын жете түсінбейді. Мысалы, ол үшін виртуалды дос пен күнделікті өмірде көріп жүрген досының қарым-қатынасы бірдей көрінуі мүмкін. Екіншіден, бұлар нақты шешім қабылдауға бейім. Өзіне ұнамайтын заттан бірден бас тарта алады. Яғни, оны қинап бір іске жегіп қою – қиынның қиыны. Үшіншіден, «зеттердің» өздеріне ыңғайлы атмосферасы бар. Байқасаңыз, стиль де соларға қарай икемделіп жатыр. Қазір тойға, мерекелік кештерге біз өкшелі тақамен емес, ыңғайлы кроссовка киіп барады. Киім таңдарда да оверсайз стильді жөн көреді. Білім-ғылымға келгенде де, ата-аналары таңдап берген мамандыққа оқығысы келмейді. Тіпті, жоғары оқуға түспей-ақ әртүрлі мамандандырылған курс оқып, бизнес ашуға құмар. Төртіншіден, олар арман-қиялға ерік бермей, реализммен өмір сүреді. Армандап қана қоймай, мақсатты жүзеге асыру керегін жете түсінеді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай ұрпақ ғылым, робототехника мен өнерге қызығады. Өзіндегі басым бағытты айқындап, соны шыңдауға әрекет етеді. Экология мен медицинадағы мәселелер де маңызды. Мысалы, «зеттердің» әлеуметтік желіде құндыз ішіктердің сәннен қалғанын, бұл жан-жануарларға зиян келтіретінін жарыса жазады. Байқасаңыз, олар тек жазып қана қоймай, ұстанымын соңына дейін дәлелдейді.Қандай мәселе бар?
Жоғарыда артықшылықтарын жаздық. Енді смартфон дәуірі өкілдері кездесетін бірқатар проблемаға тоқталайық. «Зеттер» сұраған қажеттілікті өтеуі үшін ата-аналары күні-түні жұмыс істейді. Яғни, көпшілігінің бала көңіліндегі түйінді тарқатуға уақыты жоқ. «Қазір урбанизацияның үлесі басым екенін ескерейік. Мынадай ұғым бар: «қалада халық саны көбейіп, жаңа мүмкіндіктер ашылған сайын адам жалғыз қалады». Оның көкейіндегі ойын, сауалын естір жан азаяды. Егер ол ауылда тұрғанда оқиға басқаша өрбитін еді. Мысалы, буллингті алып қарастырайық. Қазір әлеуметтік желі арқылы, шеттету арқылы буллинг жасайды. Сіз жұмыс істейтін тұлға болсаңыз, қысым көрген жеріңізде қалмай, жұмыстан шығып кетесіз. Ал бала мектепте буллингке тап болса да, сонда қайта баруға мәжбүр. Жасөспірім шарасыз күйде қалады. Тәжірибе көрсеткендей, отбасында баланы тыңдап, жол көрсетпейді. Себебі бәрінің жұмысы, істейтін ісі бар. Кейбірі екі жұмысты қатар алып жүреді. Ата-анасының жүріс-тұрысы да «саған бөлер уақытым жоқ» деуі мүмкін. Сол үшін жасөспірімдер ата-анасына мұңын шағып, сырымен бөліспейді. Елімізде әлеуметтік орта қалыптаспаған. Мысалы, бір баланы әкесі күнде ұрып жүр делік. Ол сабаққа көгала қойдай болып келеді. Мұны байқаған мұғалімі мектеп инспекторына хабарласады. Инспектор болса, баланың әкесіне айыппұл салумен шектеледі. Ары қарай баланың үйінде не болып жатқаны ешкімді қызықтырмайды. Жасөспірімдер көмек сұрап баратын орын дейміз-ау, ДЦП, аутист балаларға жағдай жасайтын әлеуметтік, мамандандырылған мектеп жоқ. Сенім телефоны деп жатамыз, онда да бір ғана линия жұмыс істейді. Мүмкін, бірінші қоңырау шалған жасөспірімге қарағанда, екіншісінің жағдайы ауыр болар», – дейді балалар мен жасөспірімдер суицидологы Михаил Смецкой. Сымбат Талғатқызының айтуынша, жасөспірімдердің, оның ішінде балалардың смартфонды жиі пайдаланатынын ескеріп, оларды психологтің қабылдауына апарған жөн. Әртүрлі терапия курстары бала психологиясына жақсы әсер етеді. Ал кішкентай кезінде зорлық көрген, жасөспірім шағында қатты стреске түскендерді психотерапевтің қабылдауына жазған дұрыс. Жалпы, баланың көңіл күйі, мінез-құлқы өзгеріп, ұйқысы бұзылып, айналадағылармен қарым-қатынасы нашарласа, маман көмегіне жүгіну керек. Психолог баланың психологиясын бұзбау үшін ата-ананың өз психологиясына көңіл бөлу керегін атап өтті. Одан кейін балалардың интернет кеңістіктегі әрекетін бақылауда ұстаған абзал. Өйткені жасөспірімдер арасында әлеуметтік желіде психологиялық тест тапсырып, жауабын көріп, одан сайын стреске түсетіндер бар. Сымбат Талғатқызы баланы қадағалау оны үнемі тексеру емес, оған етене жақын болу екенін қосты. Деректерге сүйенсек, қоғамда жасөспірімдердің жиі суицид жасайтыны айтылады. Алайда суицидолог бұл пікірді жоққа шығарды. Керісінше, үлкендер арасында өзіне-өзі қол салатындар көп екен. Маманның айтуынша, мұны мемлекеттің саясаты деп түсінсек болады. Жасөспірімдерді маманға барып көрінуге, бейімдеуге болады. Ал үлкен кісі суицид жасаса, оны ем қабылдауға шақыру қиын. Осы тұрғыдан алғанда, жастарды тәрбиелеу арқылы болашақты тәрбиелейміз. Бірақ білікті маман суицидке себеп болар фактор бірден тумайтынын ескертті. Мұндай ой келе-келе, жағдайға байланысты туады. Осы тұста, Михаил Смецкой елімізде колледждің өзінде жастарға кеңес беріп, жол сілтейтін әлеуметтік орын жоғын атап өтті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ