Осыдан сегіз жыл бұрын Жамбыл ауданына қарасты Қызыл-Абад елді мекені бір түнде Тараз қаласының құрамына кіріп, ауылдағы ағайын қалалық болып шыға келген. Олардың көбі жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз түзеледі деп үміттенген. Алайда бүгінде №11 округке қарасты аумақта шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Тұрғындар «қала құрамына кіргенімізді қайтейік, күніміз бұрынғыдан да нашарлап кетті» деп зар жылап отыр.
Тұрғындар құдықтан су ішіп отыр
Бүгінде Қызыл-Абад шағынауданында 163 түтін түтеп, 612 халық қоныс тепкен. Тәуелсіздік жылдарынан бері мұнда медициналық амбулаторияның салынғаны болмаса, басқа ауыз толтырып айтарлық тірлік жасалған емес. Аумақ қала статусын алғаннан бері мұнда жер алып, үй салушылар қатары артқан. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде жаңадан он шақты көше құрылғанымен, тасжол мәселесі табанды тіліп тұр. Осы күнге дейін бір ғана көше асфальтталған. Оның өзі кеңестік кезеңнің кескіні ретінде қалған тоз-тозы шыққан жол. Қалған көшелерге аспаннан бір тамшы жауын түссе, «үйрек ұшып, қаз қонатын» күйге жеткен. Жазда ауылдықтар шаңға көмілсе, қалған мезгілде лай кешіп жүр. Тұрғындар әлі күнге ауызсуды жер құдықтан тұтынады. «Жамбыл-Су» мекемесінің ұңғымасы алқаптан 100 метр жерде орналасқанымен, орталықтандырылған таза ауызсу халыққа жетпей отыр. – Тараз қаласына қосылғаннан кейін Қызыл-Абад шағынауданының даму жоспарын билік өкілдерінен сұрағанбыз. Алайда олар осы күнге дейін оны бізге көрсетпеді. Алқап маңында бір қаланы сумен қамтуға қауқарлы «Жамбыл-Су» мекемесі орналасса да, әлі күнге суды құдықтан ішіп отырмыз. Тәуелсіздік таңынан бері ішіп отырған суымызды тексеріп келген биліктен бір адам болмады. Кейінгі кездері ауданның жоғары жағына үйлер көптеп салынғандықтан, қазір ауызсудан үрейленіп отырмыз. Себебі олардың сарқынды суы небәрі 8-9 метр жерден қазып ішіп жатқан суымызбен араласып жатқан жоқ па деген күдік басым. Айналамыздағы шағынаудандардың барлығы орталықтандырылған таза ауызсуға қол жеткізіп қойғанда біздің құдықтан су ішіп отырғанымыз жанға батады. Ертең сол судан ел ішін індет жайласа қайтеміз? Сондықтан басқа-басқа биліктегілер ауызсу мәселесін шешіп берсе болады ғой,– дейді ашынған алқап тұрғыны Құрманбек Беспаев.Қоғамдық көлік те, жарық та жоқ
Қызыл-Абад шағынауданына қатынау қиямет-қайым. Тараз қаласына дейінгі қашықтық бірнеше ғана шақырымды құраса да, мұнда қоғамдық көліктер қатынамайды. Қара халық жұмысқа такси жалдап баруға мәжбүр. Оған қоса балабақшаны ескі ғимарат орнынан ашып бергенімен, ол да санитарлық талапқа сай емес. Ол ғимарат тіпті Кеңес кезеңінде түрлі сынама жүргізілген зертхана болған көрінеді. Алқаптағы ағайынның жанайқайына айналып отырған тағы бір мәселе – ауданда жарық мәселесі толықтай шешімін таппаған. Салынып жатқан жаңа үйлерді қосқанда, орта есеппен 250 үйге қуаттылығы 170-180 кВт-тық жалғыз трансформатор қызмет көрсетуде. Бұл аз десеңіз, соңғы жылдары салынып жатқан үй иелері токты бір-бірінен тартып алып жатқандықтан, жұртқа жарық жетпей, тұрғындардың тас қараңғыда күнелтетін күні көбейген. – Қызыл-Абад шағынауданына 2011 жылы көшіп келдік. Сол жылы тұрғындарға берілген жер учаскесіне алғашқылардың бірі болып баспана салдық. Сол уақыттан бері 5-6 көшеде үйлер бой көтерді. Осы тоғыз жылдың бедерінде жарыққа бір жарыған емеспіз. Бағаналарды өзіміз тұрғызып алғанымызбен жылдар өте сыр беріп, электр тогы салбырап қалды. Мұны қарап, тексеріп жатқан бір пенде жоқ. Жел тұрған күндері токтың астына балаларымыз түсіп қалмаса екен деп жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Сондықтан ауданға тағы бір трансформатор салып беріп, токтың барлығын құзырлы мекемелер тексеріп шықса деген өтінішіміз бар, – дейді тұрғын Шолпанай Егембердиева.Биліктегілер не дейді?
Бұл мәселемен №11 округтің бас инспекторы Мұрат Аққұлиевке қайырылып едік, ол шағынауданға электр бағаналары салынып жатқанын жеткізді. – №11 округке қарасты 6 шағынаудан мен 28 саяжайдың электр бағаналарын жаңарту үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінді. Қазір мердігер компания анықталып, Қызыл-Абад шағынауданының да электр бағаналарын жаңарту жоспарға еніп отыр. Жақын арада ескі бағананың барлығы алынып, жаңасы орнатылады. Ал ауызсу мәселесіне келсек, бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін Тараз қаласының әкімдігі тиісті құжатты әзірлеуде. Жыл соңына дейін алқапқа таза ауызсу кіргізіледі деп күтілу- де, – дейді округтің бас инспекторы. P.S.Әрине, бұқараның базынасын айтып, билік өкілдеріне тілшілер барғанда жаттанды жауапты жатқа соғатыны бесенеден белгілі нәрсе. Алайда округтің бас инспекторы айтқандай, бар мәселе жыл соңына дейін шешімін тауып жатса, құба-құп. Алайда 2019 жылы шағынауданға көгілдір отынды «Байзақ газ» ЖШС тартқанымен, әлі күнде бұқара газ қызығын көре алмай келеді. Тұрғындар мердігерге 400 мың теңгеден жинап берсе де, серіктестік үйлерді газға қосуды сағызша созып жүр. Жуырда дәл сол мердігер Жуалы ауданындағы бірқатар елді мекенді де газбен қамтимын деп соңы айқай-шуға ұласып жатқанын құлағымыз шалды. Демек, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан, «Байзақ газ» ЖШС білгенін істеп жатыр деген сөз. Ертең жоғарыда аталған ауызсу мен жарық мәселесі де жауапсыз мердігердің қолына тиіп, күнде ертеңмен күнелтпесімізге кім кепіл? Сондықтан Қызыл-Абадтағы ағайынның жағдайын сансыз жиындарта талқылағаннан гөрі, қала әкімі бастаған топ бір барып нақтылағаны жөн-ау...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы