Алматы облысындағы өндірісі экспортқа негізделген және отандық астықты тереңдете өңдеуге бейімделген аса ірі кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі – осыдан екі жыл бұрын «Қазақстанда жасалған: Индустрияландырудың екінші бесжылдығы» атты жалпыұлттық телекөпірі кезінде ашылған «Маревен Фуд Тянь Шань» ЖШС бүгінде нарықта, оның ішінде экспортта өз орнын тауып, алғашқы белестерін бағындыра бастады. Алға жылжыған жылдармен бірге өндіріс ауқымын да арттыруда.
Қазақстандық астықты тереңдете өңдеп, кеспелердің көптеген түрін шығаратын, қазір қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жанында элеватор, ұн тартатын комбинат, сусындар құятын цех, қосалқы қоймалар салынып жатыр. Трансұлттық компанияның өндірістік алаңы Қапшағай қаласының маңында, Алматы – Талдықорған автожолының бойында орналасқан. Теміржол да дәл қасынан өтеді. Алматы облысы өз тарапынан теміржол желілерінің зауытқа дейін тартылуын қамтамасыз етіп, бірқатар жеңілдік қарастырып, сыртқы инженерлік желілерді төсеуге көмектесіпті. Қазір де қажетті жағдайды мүмкіндігінше жасап отырған көрінеді. Компанияның өндіріс ауқымын одан ары кеңейтуге, өнім түрлерін барынша арттыруға бағытталған әр қадамы құпталып, тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Сапалы әрі сұранысқа ие өнімдерімен қуантып отырған серіктестік алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң ықпал ете бермек. «Маревен Фуд Тянь Шань» өндіріске бүгінге дейін 55 млн доллар инвестиция салып, 610 жұмыс орнын ашыпты. Қазіргі кезде мұнда өнімнің 65 түрі өндіріледі және негізінен алыс-жақын шетелдерге жөнелтіледі. «Роллтон», Big Bon және «Петра» сынды әлем мойындаған брендтер аясында дәстүрлі кеспе өнімдері мен сорпалар шығаратын зауыт қысқа мерзім ішінде толайым табыстарға қол жеткізген. Серіктестік директоры Бернарда Вавржинаның айтуынша, олардың жетістіктерге жетуіне мемлекет тарапынан жасалып отырған жан-жақты қолдау көп көмектескен. Өндірістік желілерді кеңейту арқасында жылына 40 мың тоннадан астам дайын өнім өндірілсе, алдағы кезде өндірістің қуаттылығын 85 мың тоннаға жеткізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы шығарылған өнімнің 80 пайызы экспортқа жөнелтіледі деп жоспарланған. Қазір зауыттың өнімдері Орталық Азия елдерінде кеңінен таралып қана қоймай, Ауғанстанға да шығарылады. Ал Қытайға алғашқы керуендер жөнелтіле бастапты.Болат АБАҒАН, Алматы облысы