Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында соққан қатты дауыл Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымын қиратып кетті. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай былтыр абаттандырылған нысан осылайша бір рет соққан желге шыдас бермеді. Бұл жайында azattyq-ruhy хабарлады.
«Музей тарапынан ауданға хабарладық. Дүйсенбі күні акт жасатамыз. Негізі тапсырыс беруші біз емес. Абай Мәдениет үйі мекемесінен қабылдап алғанбыз. Осы нысан құрылысын жасаған мердігердің кепілдігі бар болса, сол қайтадан жасап береді», – деді Қайрат Сабырбай.
Абай ауданы әкімдігі 2020 жылдың 23 мамырында фейсбук әлеуметтік желісінде Ақшоқы қорымы туралы мынадай қысқаша ақпарат берген болатын:
Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымына 2019 жылдың 1 қазан мен 15 қараша аралығында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қайта қоршалып, көркейту жұмыстары жасалды. Қорым орналасқан жердің жалпы аумағы 0,8 гектар. Ақшоқы мекені – жол бойынан 21 шақырым жерде орналасқан. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің және ұрпақтары жерленген қорым 2019 жылдың 19 наурызынан бастап, Абай ауданының Мәдениет үйінің балансына берілді. Қорым республикалық тарихи маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді.