Тоқаевтың кеңесшісі министрдің отставкаға кетуін талап етті
Тоқаевтың кеңесшісі министрдің отставкаға кетуін талап етті
© Sputnik / Владислав Воднев
464
оқылды
Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамынан шығып кетті. Экономист кей шенеуніктер отставкаға кетпейінше, жұмыс тобы зейнетақыға қатысты дұрыс шешім қабылдай алмайтынын мәлімдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға баспана алу үшін зейнетақы жинағын жұмсауға мүмкіндік беруді қарастыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін зейнетақы жүйесін реформалау жөнінде жұмыс тобы құрылды. Құдайбергеновтің айтуынша, жұмыс тобы әртүрлі құрамда – еңбек министрлігі деңгейінде және вице-премьер Бердібек Сапарбаев деңгейінде жиналған. «Еңбек министрлігі деңгейіндегі кездесулерде қазір ведомствоға қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығын» басқаратын экс-министр Тамара Дүйсенова төрағалық етті. Мен бұл кездесулерде министрді бірде бір рет көрген емеспін, сол себепті еңбек министрлігінің ішінде қос билік бар секілді сезіледі. Жалпы, бұрынғы министрлерді қазіргі министрлерге бағынышты ету дұрыс емес, әсіресе, егер қазіргісі бұған дейін бұрынғысының қарамағында болса», – деп жазды Құдайбергенов фейсбуктегі парақшасында. Ол Дүйсенова 2013-2018 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болғанда, зейнетақы саясатын құруға жауапты болғанын, сол себепті зейнетақы жүйесінің құрдымға кеткеніне моралдық жауапкершілік те толығымен сол кісінің мойнында екенін айтты. Ол министрлікті басқарған кезде жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмысшының пайдасына 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу ұсынылып, шешім қабылданған. Құдайбергенов Тамара Дүйсенова мен Біржан Нұрымбетовтың жұмыс тобы атынан ұсынған шешімін сауатсыз деп атады.  Біріншіден, зейнетақы жинағын пайдалануға тек салымшылардың 1 процентіне ғана рұқсат беру ұсынылған. Ал олардың басым бөлігінің меншігінде баспана онсызда бар, деп жалғастырды ол. «Оның үстіне, зейнетақы жүйесін реформалау көзделген жоқ. Яғни, шешімнің таяз екені көрініп тұр. Зейнетақы жүйесінің құрдымға кетуіне жол бергендер өз қызметінде отырған кезде, ешқандай реформа болмайды...Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, жұмыс тобының құрамынан шығатынымды мәлімдеймін. Жоғарыда сөз болған адамдар отставкаға кетпейінше, жұмыс тобы дұрыс шешім таба алмайды. Ескі жүйе сақталса, жаңа шешімді қалай табуға болады? Мемлекеттік басқару жүйесі кадрларды жаңартуды талап етеді. Соған қарағанда, оны еңбек министрлігінен бастау қажет», – деп жазды ол.