Тәуелсіздік еншісіндегі тарихи миссия
Тәуелсіздік еншісіндегі тарихи миссия
447
оқылды

Биыл – Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Осы жылдар бойы еліміз жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды таратпау және бас тарту бойынша бейбітшілік миссиясын паш етіп келеді. Ендеше атаулы дата аясында осынау тарихи шешімнің бүгінгі хал-ахуалы туралы бірқатар саясаттанушылардың пікірін білген едік. Респонденттерге келесідей сұрақтар қойылды:

Елбасымыз қабылдаған бұл шешімнің тарихи мәні қандай болды? Қазақстан ядролық сынақ жасауды жалғастырып, ядролық қаруды сақтап қалуы керек пе еді? Ядролық қарудан бас тарту жөніндегі Қазақстанның шешімін әлемнің ұлы державалары қолдап отыр. Бірақ өздері бас тартып отырғандары жоқ. Осы ретте еліміздің миссиясы қандай болуы тиіс? Будапешт ме­морандумындағы кепілдік қанша­лықты орындалып отыр?

ЕрланЕрлан САИРОВ, саясаттанушы: – Осыдан 30жыл бұрын Қазақстан өзі­нің ядролық по­тен­циалынан бас тарт­ты. Осылайша, Қазақстан дүние­жүзілік ядроға қарсы қозғалыстың лидері атанды. Сонысымен біздің еліміз өзін бейбітшілікті қалайтын және жер планетасының экологиялық жағдайына жаны ашитын мемлекет ретінде көрсетіп отыр. Бұл бүгінде Қазақстанның халықаралық аренадағы өзінің дұрыс орнын қалыптастыруға әсер етті. Сон­дықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі шешімі өте дұрыс шешім болды деп бағалаймын. Расында да, ядролық қаруды сақтап қалудың жоқ еді. Өйткені қазіргі дүние­жүзіндегі ядролық потенциалдың кез келген мемлекетті жер бетінен жойып жіберу қабілеті бар. Ал одан бас тартқан тарихи батыл қадамның арқасында Қазақстанның тәуелсіздігіне ұлы дер­жавалардың барлығы өзінің кепілдігін берген болатын. Сондықтан осы ұлы державалардың кепілдігін алу – ол біздің еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, еліміздің кедергісіз дамуына өзінің үлесін қосуда. Қазақстанның миссиясы – ядролық қаруға ие мемлекеттерді бейбіт өмірге шақырып, оларды өздерінің ядролық потенциалын азайтуға әрқашан да шақы­рып отыру. Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының әртүрлі құрылымдары арқылы осы дүниежүзілік ядролық қарудан бас тартудың идеясын  әрдайым қолдап, соны ілгері жүргізіп отыру. Бұл – үлкен тарихи миссия. Қазақстан мемлекеті ядролық қарудан өз еркімен бас тарт­қандықтан, осындай миссияны атқаруға моральдық құқы бар деп ойлаймын. ҚазбекҚазбек МАЙГЕЛЬДИНОВ, саясаттанушы: – Ядролық қару­дан бас тарту шеші­мі­не бүгінгі сарап­шылық көзбен қа­рай­тын болсақ, оның бірнеше себе­бін көруге болады. Біріншіден, Кеңес үкіметінен бөлініп, жаңа тәуелсіз мемлекет болғаннан-ақ  Қазақстанның алдында экономикалық құрылым, мемлекеттік құрылым және тағы да басқа бағыттар бойынша жаңа қадам бастап, қайта құру мәселесі тұрды. Бұл тұрғыдан алғанда экономикалық қажетсіз­дік себебі басым болды. Неге десеңіздер, ядролық қаруды ұстап тұру үшін қыруар қаржы қажет. Екіншіден, бұл стратегиялық шешім болды. Өйткені ядролық қаруы бар ел ретінде бізді әлемдік державалар 30 жыл бойы қарап отырғызбас еді. Әлем елдеріне қауіп тудыратын ел ретінде алдыңғы қатарда аталып, мысалы қазіргі Солтүстік Корея немесе Иран секілді болар едік. АҚШ пен әлемдік қауымдастық тарапынан эмбарго мәселесіне тап болар едік. Бұл, әрине жаңадан құрылған тәуелсіз Қазақ­стан үшін өте ауыр соққы болатын еді. Халықаралық аренада өзімізді мойындату да қиынға айналмақ. Үшіншіден, бұл – қауіп­сіздік мәселесі. Семей полигоны 2 миллионнан астам адам зардап шеккен аймақ. Ғалымдардың болжауынша, ол 2-3 ұрпаққа жалғасатындай із қалдырды. Ал оны сақтап қалып, ұстар болсақ, Белару­сьтегі Чернобыль, Жапо­ния­дағы Фукусима атом стансаларындағы жарылыс зардабы секілді апаттарға ұрынар едік. Қазіргі жоғары дамыған елдердің өзінде ядролық технологияларға бай­ланысты қаншама қауіпсіздік шараларын ұстанғанның өзінде оның төндірер қаупі жоғары. Міне, осы барлық негіздемелер мен қағидаларды басшылыққа ала отырып, сол кездегі қабылданған шешім, шын мәнінде  Қазақстанды ядролық жаппай қыру қаруына қарсы қозғалыстың көшбасшысы етті. Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның Қауіп­сіздік кеңесі аясында ядролық қарудан бас тарту, жою, таратпау және тыйым салу сияқты бастамалардың басында жүр. Өзінің нақты үлгісінде Қазақстан – тарихи еншісіне түскен ауыр жүкті трагедияға айналдырмай, ізгілікке шақырушы ретінде қазір халықаралық әлемде мойындалған мемлекет. 90-жылдары Қазақстан барлық ядро­лық қаруы бар мемлекеттер мен державалар атынан осы ядролық қарудан бас тартуға байланысты кепілдік алған болатын. Нәтижесінде, Қазақстан халық­аралық аренада өзінің бірегей саясатын жүргізу арқылы мойындалды. Елімізде ядролық қаруды сақтап қалу керек еді деген пайымдар 90-жылдың басында көп болды. Әйтсе де, одан кейін бұл шешімнің дұрыс екенін уақыт көрсетті. Қазір Солтүстік Кореядағы ахуал әлі күнге дейін әлем қауымдастығын алаңдатып отырғаны секілді, Қазақстанда мұндай қару сақталар болса, экономикалық тұрғыдан өте үлкен тежеу болатын еді. Соның ішінде шетелден капиталдардың келуі, инвестицияның құйылуы болмас еді. Нәтижесінде, Қазақ­станның даму үрдісі 10 есе төмендеп кету қаупі бар. Жалпы, ядролық қарудан бас тарту жөнінде Қазақстанның шешімі – еліміздің негізгі миссиясына айналды. Ядролық клубтағы мемлекеттер мен әлем қауымдас­тығы алдындағы БҰҰ трибунасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемдік ХХІ ғасыр манифесін» ұсынған болатын. Бүгін осы айтылған халықаралық атом жобасы аясында әлем бойынша арнайы көрмелер, арнайы кездесулер өткізіп, Қазақстан ядролық қаруларды таратуды тоқтату, жаппай қырып-жою қару-жара­ғынан бас тарту мәселесін  күн тәртібінен түсірмей келе жатыр. Көптеген мемле­кеттер, оның ішінде Пәкістан, Үндістан, Ресей, АҚШ, Франция, Ұлы­британия, Қытай сияқты мемле­кеттердің әлі де болса да ядролық қарудың ұстаушы мемлекеттері болып табылады. Әлемдегі геосаяси ауыт­қулар мен қақтығыстар жиілеген уақытта ядролық қаруды сынау, био­логиялық басқа да түрдегі қаруларды зертханада шығару, оларды арнайы поли­гондарда пайдалану мәселелері күн тәр­тібінен түспей тұр. Сондықтан да ядролық қарудан бас тарту мәселесі бойынша жалпыадамзатқа ортақ бір қарардың болуын қажет етеді. Өйткені қандай да бір мемлекеттің қолында жалпыадамзатқа қауіп төндіретін қарудың болуы, бұл кез келген уақытта қандай да бір режимнің ауысуына орай пайдаланып кету қаупіне алып келеді. Ал оның арты орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан да жалпы қазір әлемдік даму процестерінің басты тежеуіші осы ядролық қарудың таралу қаупі болып тұр. Егер, Қазақстанның бастамасын қолдап, басқа да мемлекеттер бас тартар болса, бұл біздің жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесіміз болар еді. Міне, осы жолдағы Қазақстанның бастамасын басқа да мемлекеттер толықтай қолдап, ортақ келісімге келіп, нақты шешім қабылдаса, бұл барлық адамзаттың жеңісі деп санауға болады. СерікСерік НҰРМҰРАТОВ, саясаттанушы: – Ядролық по­ли­гонды жабу және ядролық қарудан бас тарту деген қа­дам гуманистік, адам­гершілік тұрғы­дан алғанда жөнді әрекет екені анық. Бірақ барлық өркениетті деген елдер күштің қисынына сүйенетін жолмен кетіп бара жатыр. Ешқандай дамыған елдің ядролық қарудан бас тартатын ойы жоқ. Тіпті, реті келсе қырып-жоюға алып келетін жаңа қаруды жасауға ұмтылады. Бұл дегеніңіз – әлемдік деңгейдегі дүниетанымдық дағдарыстың көрінісі. Қазақстан өзінің ұлттық қауіпсіздігін нық ұстауы үшін ядролық қаруды қалдыру керек еді, немесе атом электр стансаларын жасауға бейімделу керек еді деген ұстаным­дар бар екенін жоққа шығармаймыз. Әрине, әркімнің өз көзқарасы, өз позициясы болады. Мәселеге тереңірек бойлайтын болсақ, онда Тәуелсіздіктің 30 жылында барлығын жоғары деңгейде реттеп, әділеттілікпен алға жылжыдық деп айту қиын. Себебі өзіміз аграрлы ел бола отырып, ауылдың жағдайы сын көтермейді. Өзімізді толық азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзі өзекті мәселе болып отыр. Әскери базалардағы жарылыстар да салғырттың салдары. Жаппай жауапкер­шілік тұғыры ұлттық идеяға айналмай, алға қарай пәрменді дами алмаймыз. Сондық­тан ядролық қаруы бар Пәкістан немесе Үндістан сияқты кедей өмір сүру де жол емес. Мәселе хақымыздың бойындағы рухани әлеуетті тиімді пайдалануда. Ол үшін әрбір азаматтың бойындағы сенім мен дарынды ашу керек. Мемлекеттің негізгі парызы – осында.  

Дайындаған Нұрлан ҚОСАЙ