Базалық мөлшерлеме - 9,5%: банктен несие алу қиындай ма?
Базалық мөлшерлеме - 9,5%: банктен несие алу қиындай ма?
Фото: Радмир Фахрутдинов
479
оқылды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25%-дан 9,5%-ға дейін көтерді. Бұл кейінгі бір жарым ай ішіндегі екінші өсім. Ұлттық банктің ақша-несие саясатын қатаңдатуы ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді? Aikyn.kz-ке экономистер жауап берді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, базалық мөлшерлемені көтеруге бірнеше себеп бар.

"Біріншіден, әлемде азық-түлік пен шикізат бағасының өсуі экономикаға проинфляциялық қысым жасап отыр. Оның электр энергиясы, газ бен жанар-жағармай бағасының өсуі де күшейтіп отыр. Содан жылдық инфляция 8,7%-ға жетті", - делінген ресми хабарламада.

Экономист Мақсат Сералының пікірінше, Ұлттық банк инфляциямен қанша күрессе де, ол бәрібір көтеріледі. Оның тиімділігінен гөрі, ел экономикасына зияны көп.

"Алда маусымдық баға көтерілетін уақыт жақындады. Сондықтан инфляция бәрібір көтеріледі, одан қашып құтыла алмаймыз. Оның кесірі қарапайым халыққа тиеді. Базалық мөлшерлеме өссе, екінші деңгейлі банктер де халыққа берілетін несиенің пайызын өсіреді. Екіншіден, тағы бір кесірі мемлекеттің өзіне тиеді. Мемлекеттің шағын және орта бизнес үшін 4-6%-дық несие беретін бағдарламасы бар. Ондағы пайыз сақталатыны түсінікті. Яғни кәсіпкерлерге несиені төмен пайызбен беруі үшін мемлекеттің екінші деңгейлі банктерге беретін субсидия көлемі артады. Мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түседі, тағы да қосымша шығынға батады," - дейді экономист.

Экономика ғылымдарының кандидаты Жангелді Шымшықовтың айтуынша, Ұлттық банктің бұл әдісі ел экономикасын тежейді.

"Ұлттық банктің пайымдауынша, базалық мөлшерлеме өссе, екінші деңгейлі банктердің несие пайызы өседі, сәйкесінше, халық та несие алуды азайтады. Ақша айналысы тарылып, инфляция да ауыздықталады. Бірақ бұл - қате. Ұлттық банктің саясаты экономиканы көтеруге бағытталмаған. Олардың бар мақсаты - резервін ұлғайту, есеп бергенде "Ұлттық алтын-валюта қорын осыншаға көбейттік" деп мақтану. Ал өзге елдерде Ұлттық банктер өз резервін немесе ұлттық резервті ұлғайтуды ғана емес, экономикалық өсуді ойлайды. Ал Қазақстанның Ұлттық банкі үшін экономикалық өсу бар ма, жоқ па, бәрібір. Себебі олар үкіметке тікелей бағынбайды. Ұлттық банктің өз саясаты болады. Әрине, бірігіп көтерген жүк жеңіл болады. Бірақ үкіметтің де өз мүддесі бар. Сонда екі мүдде де бір арнаға тоғыспай отыр", - дейді экономист.

Жангелді Шымшықовтың айтуынша, инфляциямен күрескен сайын өршиді, ал ол қымбатшылыққа алып келеді.

"Мысалы, АҚШ-тың Федерал резерв жүйесінің мөлшерлемесі өмірі 1%-ға дейін барған емес, әрі кетсе 0,25% жетеді. Мұндай пайызбен екінші деңгейлі банк қарыз алса, халыққа несие 1-2%-бен ғана беріледі. Ол жақта базалық мөлшерлеме сәл көтерілсе, үлкен шу болады. Ал бізде 10 жыл бұрын 17% болған, әрең дегенде оны төмендеттік. Кейін 9%-ға түсіріп еді, оны тағы да көтеріп жатыр. Ал оны көтергеннен пайда жоқ, халыққа зияны көп",- дейді экономист.