Мемлекеттік қызмет – тұрақты дамудың локомотиві
Мемлекеттік қызмет – тұрақты дамудың локомотиві
832
оқылды

Тиімділігі жоғары мемлекеттік қызмет жүйесін құру – елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуының бұлжымас шар­ты және оның өркендеуінің кепілі. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ халық пен мем­лекетке қызмет етуді бәрінен биік қоятын осындай кәсіби мем­ле­кеттік аппарат құруды басты мақсат етіп келеді. Осы жыл­дар ­ішінде мемлекеттік қызмет жүйесін инсти­ту­цио­налдандыру бағытында үш кезеңмен үш реформа жүргі­зілді. Әуелі Стратегиялық ауқымда пайым­далған рефор­малар Конституциямен бекіп, Президент Жарлығымен нығая түсті. Осылайша, қалыптасқан мемлекеттік қызмет одан соң арнайы заң деңгейінде даму даңғылына түсті.

1992-1997 жылдар аралы­ғын­дағы бірінші кезеңде жүргізілген институционалдық реформалардың аясында Қазақстан ел алдындағы міндеттерді іске асыруға жоғары қабілетті мемлекеттік аппаратқа ай­рықша рөл тағайындады. 1992 жылы қарым-қатынастардың на­рықтық жүйесіне өту жағдайында мемлекеттіліктің қалыптасу мақса­ты мен міндеті белгіленген «Қазақ­станның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» қабылданды. Осыған байланысты мемлекеттік кадр саясатының не­гізгі бағыты мемлекеттік қызмет­шілердің мәртебесін, әлеуметтік имиджі мен біліктілігін арттыру болды. Ал 1995 жылы Конституция қабылдағаннан кейін, мерито­кра­тия қағидаттарын енгізу мақсатында мемлекеттік қызметке тең қабыл­дануды және кадрлық саясатты іске асыру кезінде кемсітуге жол бер­меуді реттейтін құқықтық-инсти­туционалдық негіздер белгіленді. Мемлекеттік қызметті саяси­лан­дыруды төмендету бойынша ша­ралар қабылданып, мемлекеттік органдарда саяси партиялар құруға тыйым салынды. Бұл шараларды осы жылы Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды күші бар Жарлыққа қол қойып, нығайта түсті. Бұл құжатпен мемлекеттік қызметтің қағидаттары, лауазымдар иерархиясы, қызметшілердің әлеу­меттік кепілдіктері белгіленіп, құ­қықтық мәртебесі анықталды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыру басқаруда жаңа тәсілдерді талап етті. Сондықтан үздік шет­елдік практикалар негізінде бас­қарушылық құрамның тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік менеджерлерді даярлауға арналған білім беру инфрақұрылымы құ­рылды. Жоғары партия мектебі базасында Президент жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Франция ұлттық әкімшілік ету мектебімен бірлесе Президент жа­нындағы Ұлттық жоғары мемлекет­тік басқару мектебі (қазір Прези­дент жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы) ашылды. Да­рынды жастарды әлемнің жетек­ші оқу орындарында оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипен­диясы ұйымдастырылды. Екінші кезең 2012 жылға дейінгі мерзімді қамтыды. 1997 жылы Қыз­меттік этика қағидалары бекітілді. Қызметшіге мемлекеттің мүдде­ле­рін қорғау және Президенттің сая­сатын ұстану міндеттілігі, азамат­тардың өтініштерін қарау бары­сында бюрократизм мен сарсаңға салушылықтарды болдырмау жүктелді. Қызметкерлердің заңна­ма, оның ішінде этика нормаларын сақтауын қамтамасыз ету мақса­тында Президент жанындағы Жо­ғары тәртіптік кеңес пен облыс әкім­дерінің жанындағы тәртіптік кеңес құрылды. Мемлекеттік ап­паратты кәсібилендіру үшін әлеу­меттік кепілдіктер белгіленді және этикалық талаптар енгізілді. Осы жылы Елбасы «Қазақ­стан-2030» стратегиясын жа­рия­лады. Оның басымдықтарының бірі – ісіне берілген және басымды мақсаттарға қол жеткізуде халықтың өкілдері ретінде шығуға қабілетті мемле­кеттік қызметшілердің тиімді және қазіргі заманғы корпусын құру болды. Мемлекеттік қызмет сала­сында бірыңғай саясатты іске асы­руды қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы осы салада орган ретінде тікелей ел Президентіне бағынысты және есеп беруге міндетті уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Оған мемлекеттік қызмет жүйесін же­тілдіру, қызметкерлердің еңбегін ұйымдастыру, олардың оқуын қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылау жүктелді. Агенттікті құру мемле­кет­тік қызметті реформалауды инс­титуционалдық рәсімдеуге ықпал етті. 1999 жылы оның одан әрі да­муын анықтайтын «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Осы кезеңде мемлекеттік аппа­рат­тың тұрақтылығы мен сабақтас­ты­ғын қамтамасыз ету және мемле­кеттік қызметті саясиландыруды одан әрі төмендету бойынша шара қабылданды. Мемлекеттік қыз­метшілер саяси және әкімшілік қызметшілер болып сараланды. Қызметтік этиканы бұзу деректерін азайту және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс кодексі» бекітілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар белгіленді, киім стиліне қойылатын талаптар бекітілді, қызметкерлердің діни және қоғамдық бірлестіктерге қатысушылық мәселелері реттелді. Саяси басшылықтың ауысуы ба­рысында мемлекеттік орган жұмы­сының тұрақтылығы мен біріз­ді­лігін қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы жауапты хатшы лауа­зымы енгізілді. Оған орталық атқа­рушы орган аппаратына басшылық ету міндеті бекітілді. Осылайша, мемлекеттік аппараттың дербес­тілігі мен кәсібилігін нығайтуға арналған құқықтық база құрылды. Меритократия қағидаттарына негізделген іріктеу жүйесі өзгер­тілді. Алғаш рет тестілеу мен сұхбат­тасудан тұратын, мемлекеттік қыз­метке қабылданудың конкурстық негізі енгізілді. Біліктілігін арттыру жүйесі жетілдіріліп, Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі, Үкі­мет жанындағы Қайта даярлау инс­ти­туты және Дипломатия ака­де­миясы Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы боп біріктірілді. Осылайша, ғылы­ми базаны шоғыр­ландыруға және мемлекеттік қыз­метшілерді бірың­ғай стандарттар бойынша даяр­лауды қамтамасыз етуге қол жетті. Қызметшілерді шет­елде даярлау мүмкіндігі нормативті түрде қа­растырылды. Үшінші кезең бастау алған 2012 жылы Елбасы халыққа арналған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары тұратын кәсіби мемлекеттік аппаратты құру мін­де­тін қойды. Соның аясында ЭЫДҰ елдерінің «жоғарғы қызметіне» ұқсас, «А» корпусы институты енгі­зілді. Бұл басқарушылық құрамның «кадрлық турбуленттілігін» төмен­детуге және мемлекеттік аппаратты тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2013 жылы мемлекеттік қызмет­шілердің мотивациясын арттыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін Мемлекет басшысының Жар­лығымен 23 маусым күні мемле­кеттік қызметші күні болып жария­ланды. Сондай-ақ Елбасының ак­тісімен 2013 жылы «Үздік мем­ле­кеттік қызметші» төсбелгісі енгі­зілді. Олар кемінде 15 жылдық мін­сіз еңбек өтілі бар және мем­лекеттік қызметтің дамуына үлкен үлес қосқан мемлекеттік қызмет­шілерге беріледі.  «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мақсатында «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданды. Соның шеңберінде 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік қызметі тура­лы» жаңа заңы қабылданды. Оның негізгі жаңашылдығы мемлекеттік қызмет жүйесінің аралас «пози­циялық мансаптық» модельден «мансаптық» модельге өтуі болды. Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, меритократия тек теория жүзінде емес, нақты ереже ретінде қалыптасты. Қызмет­кер­лер­дің лауазымға орналасу басым­дылығын қарастыратын, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді. Сондай-ақ бақылаушылар мен сарапшылар институтын енгізу іріктеу рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етті. 2016 жылы тәртіп­тік кеңестер Әдеп жөніндегі кеңес­ке өзгертілді. Осыған байланысты, озық елдердің – Канада, Ұлыбри­тания, Аустралия, Ирландияның тәжірибесі бойынша орталық және облыстық деңгейде әдеп жөніндегі уәкіл жаңа институты енгізілді. Бүгінде кең ауқымды автоматтан­дыру және ақпараттық жүйелерді біріктіру мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен жинақы болуын ­қам­тамасыз етеді. Осы орайда «Е-қызмет» интегралды ақпараттық жүйесі іске қосылған. Смарт техно­логиялар бизнес-үдерістерді авто­маттандырудың маңызды аспектісі болып табылады. Ол ішкі құжат айналымы жүйелеріне қашықтан қол жеткізуге, тәуекелді бағалауды жүзеге асыруға, үлкен көлемдегі ақпараттарды талдауға мүмкіндік береді. Қазір агенттік «Цифрлық агенттік» жобасын іске асыруда. Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің арасында мем­лекеттік қызмет саласын реформа­лау мәселелері бойынша көшбасшы болып танылады. Тіпті, жекелеген аспектілер бойынша дамыған мемлекеттерден озу байқалады. Осылайша, еліміз аз ғана тарихи уақытта әлемнің 30 дамыған елдің қатарына қосуға қабілетті, қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппа­ратты құра алды.

Нұрлан ҚОСАЙ