Алматы облысында Жолбарыс би ескерткіші ашылды
Алматы облысында Жолбарыс би ескерткіші ашылды
Сурет: tinfo.kz
946
оқылды
Алматы облысында Жолбарыс бидің еңселі ескерткіші ашылды. Сондай-ақ, батырдың 350 жылдығына орай жаңа кітабының тұсауы кесілді. Басылымда Жалайыр ұрпағы жайында тың деректер жазылған. 90 жыл өмір сүрген Жолбарыс бидің ескерткіші Талдықорғанға кіреберістегі жаңа ықшамауданға қойылды. Ат үстіндегі батырдың бейнесіне үш автор атсалысқан. Демеушілердің қаражатына жасалған ескерткіш қоладан, ал тұғыры граниттен тұрғызылған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Осы екі жылдың шамасында Бауыржан скульптур бауырымыз, Жанұзақ Мүсәпір мен Марат Нүсіпов үшеуміз осы ескерткіштің мүсінін жасауға кірістік. Астана қаласында құйылды", – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жоба авторының бірі Марат Нүсіпов.
Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай ескерткіштің ашылуымен қатар, үлкен конференция өтіп, "Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде" атты кітабы жарық көрді. Туынды авторының бірі – тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Кітапта жалайыр ұрпағынан шыққан батыр, елші, көріпкел болған Жолбарыс бидің ұрпағы жайлы да қамтылған.
"Елдің арасындағы қатынастарды реттеп отырды. Елшілік міндеттер орындады. Біз осы шараға байланысты "Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде" деген кітап даярладық. Өмір Жолбарыс бидің қызметімен аяқталмайды. Оның өміріндегі мәселелер оның ұрпағында жалғасып жатыр. Оны көрсету тарихшылардың міндеті", – деді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев.
Жолбарыс би Алматы облысындағы Іле мен Қаратал өзендерінің аралығындағы жоңғарлармен болған шайқасқа қатысқан. Кейін қазақ жерін жаудан тазартқан соң, босқын елді атамекеніне қайтаруға да үлес қосқан. Елшілік қызметті де атқарған. Оның ақылы мен данагөйлігін де халық жоғары бағалаған дейді, тарихшылар.