Қайрат Жолдыбай: Ішкі мақсат-мүддесіне сенімді адам ешқандай сыннан қорықпайды
Қайрат Жолдыбай:  Ішкі мақсат-мүддесіне сенімді адам  ешқандай сыннан қорықпайды
1,600
оқылды

Жалпы,  қоғамда адам болып қа­лыптасу үшін не керек? Абай айтқан «ақыл мен қайрат»  адамды адам ретінде қалыптасуы үшін жеткілікті ме? Кемелдіктің шыңы не? Белгілі дінтанушы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мү­шесі Қайрат Жолдыбаймен бүгінгі сұх­батымыз осы сауалдар төңіре­гінде өрбімек. 

– Қайреке, алғашқы сауалымызды жақында  ғана жарық көрген «Кемел адам» еңбегіңізден бастасақ. Бұл туындыны жазуға не түрткі болды? – Жалпы, біздер дәл қазір жаһандану­дың ең күрделі кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Себебі құндылықтар алмасып, ақ пен қараны ажырату күннен-күнге қиын­дап бара жатыр. Тіпті, бүгін үйренген білім ертең қажетке жарамай қалатын жылдап өзгеріп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз.   Осындай кезде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Ақыл да, ұсталық та оқумен,  істеумен жүре  ұлғая­ды. Дүниедегі жер билігі ұста да ақылды  жұрт қолына ауып барады», – деп ұлт болашағына алаңдайтыны бар. Соңғы кезде түрлі тренинг өткізгіштер мен мотивация бергіштер көбейіп кетті. Олар ақшаға құныққаны соншалық дінге, ділге, дәстүрге қарсы сөздер айта бастады. Адам­дар соларға кәдімгідей еріп, кімге сенерін білмей қалған сәт болды. Қоғамдағы осындай келеңсіздіктерді ой елегінен өткізе келе осындай бір дүние жазылуы керек деген ойға келдім. Бұл еңбегімде негізгі үш нәрсені басшылыққа алдым. Біріншісі – ислам діні қағидалары, екіншісі –  қазақтан шыққан ғұламалардың ойлары,   үшінші – әлемдік негізде мойын­далған ғылыми тұжырымдар. Кітап негізінен өзекті  алты тақырыпты қамти­ды. Олар – кемелдену кедергілері, одан кейін денсаулық, тайм менеджмент, қаржылық сауаттылық, эмоциялық зерде және қарым-қатынас қағидалары. – Осы еңбегіңізде «Жан дүниесі бай, ішкі құндылығы берік  жандар өздерін өзгелерден биік көрсетуге ұмтылмайды», – деген тұжырым айтыпсыз. Қазіргідей бір-бірімен ашық жарысқа түсіп, бәсеке­лестікті даму құралы емес бақталастыққа айналдырып жіберген қоғамда мұндай типтегі адам болу мүмкін?  – Жалпы,  кемел адам дегенге ішкі құндылығы бай адамды айтамын. Ішкі жан дүниесі толық байымаған адам қоғамда қандай да бір жетістікке жете алмайды. «Әсілінде  мына өмірдегі жалт-жұлт еткен жетістіктер адамды бақытты ете ала ма?» деген сұрақ тұрғысынан келу керек. Бұл бір боямалы алдамшы ғана нәрсе. Оны биіктік, тұлғалық деп қарау­дың қажеті жоқ. Сондықтан да сіз айтып отырған бәсекелестік  пен бақталастыққа  ұмтылса, яғни ол адам  жан дүниесі бай, ішкі құндылығы берік  жандардың қата­рынан емес. Ондай жандар жоғарыда айт­қанымдай,  өздерін өзгелерде биік көр­сетуге тіпті ұмтылмайды да. Осыны айтқым келді. –  Одан кейін осы еңбегіңізде қамтылған алты тақырыптың бірі ретінде  эмоциялық зерде деген тұжырымға арнайы тоқталасыз? Әрбір адам тұлға ретінде дамып қалыптасуы үшін интеллектуалдық зердесі мықты болса, жеткілікті деп жүрген пікірмен келіспейсіз бе?  – Бұл сауалыңа әйгілі Гарвард универ­ситетінің бір зерттеуін мысал ретінде алып жауап берейін. Аталған оқу орны ең білім­ді түлектерінің университеттен кейінгі 10 жыл өміріне қадағалау жасайды. Нәти­жесінде, университетте үздік оқыған талапкерлердің барлығы бірдей өмірде жетістікке жете алмағанын байқайды. Олардың кемшілігі эмоциясын дұрыс басқаруды білмейді екен. Өздерінің әлсіз тұстарын танымағандықтан қате шешімге барады. Ең бастысы, адамдардың көңіл күйін бағамдап, олармен дұрыс қарым-қатынас құруды меңгермеген. Болмашы нәрселер үшін дауласқыш келеді. Соның салдарынан мектеп пен университетте алған тамаша білімін өмірде тиімді пайдалана алмай жатады екен. Осы зерттеуден кейін ғалымдар IQ, яғни интеллектуалды зерденің мықты болуы жетістік кепілі емес деген. Адам түрлі жағдайда бас­қалармен қарым-қатынас орната білуі маңызды деген шешімге келеді. Бүгінде батыста көптеген оқу орны талапкердің біліміне емес, эмоциялық зердесіне аса мән беруде. Олардың көз жеткізуі бойынша жетіс­тіктің 20 пайызы ғана білімге қатысты болса, қалған 80 пайызы EQ, яғни эмоциялық зердеге қатысты деген пікірде. Кітапта эмоцияны басқара білудің тетіктері мен жолдары көрсетілген. Сондай-ақ арнайы эмоциялық тесті де қарастырыл­ған. Тестен өту арқылы оқырман өзінің кемшіл тұстарын байқап, соны түзетуге тырысады. – Ал қазіргі ғылыми тілмен SQ деп ата­лып жүрген «Рухани интеллект» дегенге не айтасыз? – Жоғарыда жауабымда айттым ғой, осы еңбекті жазарда  басшылыққа алған үш негізімді.  Олар: біріншісі – Ислам діні қағидалары, екіншісі – қазақтан шыққан ғұламалардың ойларын,  үшінші әлемдік негізде мойындалған ғылыми тұжырым­дарды деп. Сенің осы сұрағыңа ұлы Абайдың танымымен жауап берейін. Абайдың ХIX ғасырда айтқан ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау үштік формуласы бүгінгі XXI ғасырдағы  ғылымда кеңінен таныла бастаған EQ, яғни жоғарыда тоқталған змоциялық зердемен  қатар  SQ рухани интеллектіні толық қамтып отыр. Осы жерде Абай ақылды «суық» және «нұрлы» ақыл деп екіге бөледі. Ал  ақыл неліктен суық мұз? Өйткені махаббаттан, әділет пен  ынсаптан жұрдай жалаң ақыл эгоизмнің жетегінде кетіп, қара бастың қамынан аса алмайтын өзімшіл, ақты қара, жалғанды шындай етіп көрсететін алпыс айлалы қуға айналуы мүмкін. Сондықтан жүректен қолдау таппаған ақыл көбіне қорғанысты таңдайды. Ондай адам қорғанысты таңдағандықтан, үйреншікті әдеттердің артына тығылады. Тәуекелден қашады. Ал ақылды жылытатын жүрек қасиеті қандай? Бұл – өте ауқымды мәселе. Абай  «жүрек» деп денедегі қан айдайтын бір жұдырық етті айтпайды.  Рухтың тірегі болатын «Рухани жүректі» айтып тұр. – Келесі сауалды мына мәселеге бұрғым келіп тұр. Әңгімеміздің басында соңғы кезде түрлі тренинг өткізгіштер мен мотивация бергіштер көбейіп кеткенін айтып қалдыңыз ғой. Осының бәрі айналып келіп, адамның қаржылық сауаттылығы деген мәселеге ке­ліп тірелетін сияқты. Бұл жерде де адам­нық толық кемелдену жолындағы қателігінің бірі ме, қалай ойлайсыз? – Бұл тақырыпты ұзақ айтуға болар еді. Газеттің мүмкіндігіне қарай қысқаша тоқтала кетейін. Еңбексіз құр арман мен бос  қиял жетістікке жеткізе алмайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Өкініштісі, соңғы уақытта көп адамдар «аз еңбектеніп, көп пайдаға кенелу» дейтін психологиялық дертке шалдыққан. Бұл күнде түрлі қаржылық пирамида мен лотерея ойындарына ақшасын судай шашып жүргендер жетерлік. Көрінбейтінді қуалап, құмар ойынға ұтылып жатқандар арамызда қаншама. Бұл құбылысты «рухани ауру» деуге болады немесе «санадағы кедейлік». Бұдан құтылмайынша адам бойында еш нәрсе оңалмайды. Осындайларға Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Көрінбеген нәрсені аламын деп, Айырылма қолыңдағы бар малыңнан», – деп  ескертіп кеткен. Тіпті,  «Түнімен менің энергиям қуат­таған «құтты әмиянды» сатып алса­ңыз, материалдық жағдайыңыз жақсарып кетеді»  деп жарнама жасаған кейбір «моти­ваторлардың» сөзіне сеніп, әлгі әмиянды сатып алған мыңдаған адам бар екенін білгенде таңғалдым. Елге мұндай оңай олжа уәде еткендердің бұл ісі, әрине алаяқ­тық. Олар әртүрлі әдемі әңгіме­лерімен елдің сеніміне кіреді де, сосын оңай олжаны уәде ету арқылы адамдардың әлсіз тұсын пайдаланып кетеді. Сондай-ақ адамның көбі «ақ әулие, сары әулие» секілді алаяқ емші, бақсы-балгерлер мен түрлі теріс сектаның құры­ғына ілінуде. Алданғандардың көбінде фактілерді тексеріп, ақ-қарасын ажырататын сыни ойлау қабілеті мүлдем қалып­таспаған. «Анау айтты, мынау айттыға» сеніп, ақшасынан айырылып, опық жеп жатқандар қаншама?! Сыни ойлай алма­ған адамды кез келген көлденең көк атты алдап кете береді. Осы жерде тағы да Абай­дың мына сөзіне зер салу керек деп ойлаймын: Ақыл-мизан өлшеу қыл. Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе Ойлай-ойлай құлаққа іл. Екінші айта кететін мәселе «мен тынымсыз көп еңбек еттім енді міндетті түрде байып кетемін», –  деген түсініктің қате екені. Егер барлық еңбек еткен адам міндетті түрде байитын болса, кәсібі дағдарысқа ұшырап, қарызға белшесінен батып жүрген  кәсіпкерлер болмас еді. Яғни, бұл жерде адам еткен еңбегінің жемісін Алладан  күту керек деген тұжырым шығады. – Айтпақшы, жақын күндерде Республика сарайында рухани кеш өткізгелі отыр екенсіз. Мұндағы негізгі мақсатыңыз не? Жалпы, кеш  келген көрерменге не береді? Кезінде Мұхаметжан Тазабеков те  осындай жиын өткізіп қоғамда біраз екіұдай пікірлер мен сынның астында қалғаны бар еді? – Біріншіден, кешті өткізудегі мақсат дегенге тоқталар болсақ. «Кемел адам» кітабымдағы құндылықтарды  көрермен­нің санасына басқаша формада да жеткізуге талпыну. Ол  жерде осындағы айтылған дүниелердің біразы сахна тілімен айтылады. Келген көрермен өзін рухани азық алатын спектакль көріп кеткендей сезінсе деген ой. Сын пікірлер мәселесіне келсек, ең бірінші мынаны айтар едім. Ішкі мақсат-мүддесіне сенімді адам кез келген сыннан қорықпайды. Сондықтан мақсат айқын, көздеген жоспар анық. Екінші айта кетер мәселе, ол жерде мен көсіліп екі сағат бойы  уағыз айтпаймын. Барлық тақырып, адами даму жайлы кітапта айтқан тұжырымдарымның төңірегінде болады. –  Осы кештің билеттерінен түскен қаржы ДЦП-мен ауырып жатқан балалар­дың еміне  жұмсалады екен. Біраз уақыт бұрын осындай науқас балаларға  арналған төрт қабатты оңалту орталығының құры­лысын бастап жатырмын деп едіңіз. Оның шаруасы не болып жатыр? – Иә, кештің билеттерінен түскен қаржы өзіңіз айтып кеткен ДЦП дертімен ауыратын балаларды оңалту орталығының құрылысына жұмсалатын  болады.   Ол орталық құрылысын осы көктемде бастағанбыз. Жыл аяғына дейін бітіреміз деп отырмыз. – Сіз тек дінтанушы ғалым ғана емес, қоғамдық-саяси қызметке де қызу араласып жүресіз. Мәселен, Президент жанын­дағы «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» мүшесісіз. Жалпы,  осы аталған кеңесте кө­терілген мәселелер қаншалықты жүзеге асып жатыр? – Жауап бермес бұрын өзімнің осы кеңеске не үшін барғанымды айта  кетсем. Бұл қоғамдық кеңес билік пен халық арасында бір көпір іспеттес болады деп құрылды. Сол кезде қоғамдағы көптеген нәрсені жауапты орындарға, Мемлекет басшысына тікелей жеткізуге мүмкіндік болады ғой деген оймен  мүше болуға келісімімді берген едім. Ал онда көтерілген мәселелер қаншалықты жүзеге асып жатыр дегенге келер болсақ,  айтылған ұсыныстың барлығы бірден жүзеге асып кетуі мүмкін емес. Немесе 30 жылдық тәжірибеде болған  кейбір қателіктерді кеше ғана құрылған бір қоғамдық  кеңес келіп өзгерте салады деу ақылға сыя қоймас. Дегенмен осы Қоғамдық сенім кеңесі­нің отырыстарында айтылған мәселелер қоғамдағы саяси, рухани кейбір өзге­рістерге әсер етіп жатқанын айта кету керек. Мысалы, алғашқы отырыстардың бірінде әкімдерді сайлау арқылы тағайындау мәселесі көтерілді. Бұл барлық демократиялық тұрғыдан дамыған елдерде бар тәжірибе екені баса айтылды. Артынша Президент  еліміздегі сайлау туралы заңдарға өзгеріс енгізуді тапсырды. Нәтижесінде, биыл бірінші рет ауыл әкімдерін сайлау жүзеге асты. Енді 2024 жылдан бастап аудан мен аудандық маңызы бар қалалардың әкімін сайлау жоспарланып отыр. Одан кейінгі кезекте облыс әкімдерін сайлау тұр. Өзім ең алғашқы отырыста еліміздегі балалар әдебиетінің мүшкіл халін көтердім. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы осы жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады. Бұл да кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Одан кейін сол кеңестегі біраз әріптестерім жер туралы, Мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы ұсынысын айтты. Ол мәселелер де түбегейлі шешілмесе де  белгілі бір дәрежеде жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. – Біраз уақыт бұрын Президенттің жеке қабылдауында болдыңыз. Сол кездесуде Мемлекет басшысына  «Тұлғалық  даму» бағ­дарламасын мектептерге пән ретінде ендіру туралы ұсыныс айттыңыз. Оны ол кісі қолдады. Соның арты не болды? Білім министрлігі сияқты жауапты орындар қан­дай да бір іс-шараны қолға алып бастады ма? – Иә, осы биыл көктемде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға келген іссапары кезінде Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде жеке қабыл­дауында болдым. Біраз ұсынысымды айттым. Соның бірі – өзіңіз   айтып отырған  «Тұлғалық даму» бағдарламасын мектептерге пән ретінде  ендіру мәселесі. Осы ұсынысым негізінде  Білім және ғылым министрлігінен жауапты мамандар хабарласты. Олардың айтуынша, дәл осындай мақсаттағы оқулық мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні ретінде оқытылуда екен. «Ол пәнді сіз айтқан пәнмен алмастыра алмаймыз», – деген жауап алдым. Сонымен, бұл мәселе жабулы қазан, жабулы күйінде қалып қойды.  Бірақ екеуінің оқытылу методикасы мен мазмұны екі түрлі деп ойлаймын. –  Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Нұрболат АДЫРБЕК