Абылай ханның немересі Исмайылды кім біледі?
Абылай ханның немересі Исмайылды кім біледі?
©А.Ахметқазы
663
оқылды

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ұлттық архив директоры С. Нұрланова шетелден әкелінген құжаттарды аударып жариялауды мақсат тұтып, іске кіріскеннен бері Мұстафа Шоқай, Кенесары Қасымұлы секілді тарихи тұлғалардың шағатай тіліндегі хаттары аударылды. Міне, сол үрдістің жалғасы ретінде осы жолы Өзбекстан мемлекетінен әкелінген, 1898 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Қарқаралы уезінде Исмайыл хан әйелінің жоқтауы» табылды. Қадым жазуы үлгісіндегі жазбаны этнограф, ғалым Әбубәкір Диваев жазып алып, «Қазақтың жоқтау өлеңдері» деп жариялаған екен.

          Қарқаралы уезінде Исмайыл хан қатынының жоқтауы

[caption id="attachment_171150" align="alignnone" width="1024"]абылай хан ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Бисмилла деп бастайын, Ғасылық* сөзді қоспайын. Құдай бір басқа салған соң, Жүрексініп саспайын. Жылайды деп сөкпеңіз, Ғалам білген ерімді, Жоқтаусыз қайтып тастайын. Мен жыламай қайтейін, Отыз жастың ішінде, Жесір қалдым жастайын. Кешегі менің көкжалым, Аруақ қонған жасынан. Мың сан кісі жау келсе, Жолдасын бермес қасынан. Қаһармандай хан еді, Ақылды туған асылдан. Асылдығының белгісі, Орын алған бабасы, Қазіреттің қасынан.  Арғымақ тұлпар жайлаған, Ақ сұңқар салып байлаған. Мың сан кісі жау келсе, Алдына салып айдаған.  Айтқаны қате болмаған, Атының басын бұрмаған. Айбынын оның көрген жау, Алдында қарсы тұрмаған.  Арманда өткен шырағым, Жеңіл де болсын сұрағың. Әулие-пірлер медет қып, Бейіште болсын тұрағың.  Толы бір топқа кіргенде, Шоқтығы шығып сөйлеген. Әділдігі сонша еді, Адамзаттың баласын, Өз ұлындай көздеген. Ер алдында даулы боп, Екі-ұдай болып ел сасса, Жақсы сөзбен жөндеген. Өз ақылы болмаса, Бөтен сөзге көнбеген. Науқастанып келгенде, Жұрт сарылып тіледі, Тілегін Жаппар бермеген, Көзінің жасын көрмеген.  Бізден бұрын өтіпті, Жүз жиырма төрт мың пайғампар. Отыз үш мың патсалар*, Олар да бар ма өлмеген? Уа, дариға, көнерміз, Құдіреттің ісіне Пендесі бар ма көнбеген.  Көһрдан* соққан ел-жұртым, Қанатым менің қайрылды. Жүрегіме дақ түсіп, Жасық пышақтай майрылды. Асыл зада сұңқарым, Өлгеніңді есітіп, Адамзат бәрі қайғырды. Тағдырды Құдай тез беріп, Отыз жасқа келгенде, Айбатымнан айырды. Қаһарына мінгенде, Шын ашуы келгенде. Тілмаш құрлы көрмеген, Дуан басы майорды.  Не қылса да еркі бар, Құдіреті үлкен жаратқан. Қадамың тайды шырағым, Сүйіп мінген қара аттан. Тағдырды Құдай тез беріп, Ел сорына кез келіп, Айрылдым жұртым, қарақтан. Мырзалығы сонша еді. Ғаріп пенен кәсірге*, Барлық малын таратқан. Енді мұндай жан тумас, Бөкей, Төке, Барақтан. Тумай сөзге ілініп, Ақ патшаға білініп, Жастайында шен алған, Озып келген санаттан.  Ақылменен ел алған, Қайратпенен шен алған. Ақыл, қайрат болған соң, Басшыға халқы сайлаған.  Ешкімге сөзін бермеген, Дұшпаннан қорлық көрмеген. Жасынан-ақ аруағы, Күннен-күнге өрлеген.  Замана жаман күнінде, Аз ғана күн жүрмеді. Рысы қайтқан жұртының, Көзінің жасын көрмеді.  Кешегі менің бекзатым, Бесінде мектеп оқыған, Алтыда ақыл тоқыған. Жетісіне келгенде, Жетпіс жерден дін сұрап, Құдықтай көзін шұқыған. Сегізіне келгенде, Серкедейін бас болған. Тоғызына келгенде, Толған айдай балқыған. Тоғыздан онға келген соң, Дәулеті көлдей шалқыған. Он біріне келгенде, Ақылы асты халқынан. Он екіге келгенде, Құрбы өтпеді нарқынан.  Жиырмадан өткен соң, Енді отызға жеткен соң, Салиқалы би болды. Мәуесі алтын шынарым, Шынардай ағаш түбінен, Құдіретсіз сынар ма? Халық иесі тұрмады, Жоқтамай көңілім тынар ма. Пайғамбар сынды түріңді, Көруге жұртың қамады. Жайнап жүрген бекзатым, Су сепкендей басылды.  Алдыңнан құдай жарылқап, Бейіштің есігі ашылғай. Періштелер жолдас боп, Қор қыздары қосылғай. Қоры  Ғылман қызмет қып, Түрлі нығмет шашылғай. Келбетіңді қайтейін, Гауһар-жақұт тасындай. Кінаңды кешсін деп, Асхат беріп оқыттым. Отыздағы жасыңды, Кімге тастап кеттіңіз, Қара Айтымбет еліңді. Дүниеден әркім өткен соң, Қусырды жаман білімді. Құдайдың өзі суалтты, Айдай шалқар көлімді. Бұл барғаннан келмессің, Бейіш барсаң орын ал. Қордың қызы жолықса, Бірін көр де бірін ал. Артыңда қалған ел-жұртың, Бала-шаға ойыңа ал. Ұмытбай ойға алсаңыз, Қияметте жолығар. Бисмилла деп сөз айтқан, Шырағымда иман бар. (Көне сөздерге түсінік: Ғасылық – артық сөз, Патсалар – Сахабалар, Көһр – дауыл, боран, Ғаріп,  кәсір – жоқ-жітік, кедей-кепшік) Қадым тілінен аударған Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің қызметкері Ахат Расулдың сөзінше, жоқтау жолдарынан Исмайыл ханның Абылай хан немересі екенін айтады.

Мұнда Исмайыл ханның қандай атақты хан болғаны, оның ел іші-сыртындағы атағы мен батырлығы, жомарттығы, тектілігі жете айтылған. Осы жырды аудару арқылы Исмайыл хан кім болған деген сауалға келдік, осыншама дәрежеде атағы бар Қарқаралы ханы неге тарих беттерінде аталмайды, Абылайдың қай баласынан тараған ұрпақ деген мәселелер шешімін таппай отыр. Сондықтан зерттеушілер Исмайыл хан туралы тарихқа үңіліп, тың жаңалықтар ашады деген сенімдеміз, дейді жеке тектік қормен жұмыс жасау бөлімінің қызметкері Ахат Расул.

[caption id="attachment_171152" align="alignnone" width="1024"]абылай хан ©Радмир Фахрутдинов[/caption]

Әбубәкір Диваев деген кім?

Осындай қолжазбаларды жинақтаған Әбубәкір Диваев башқұрт ұлтынан шыққан этнограф, ғалым, бар ғұмырын қазақ халқына арнаған екен. 1855 жылдың 3 желтоқсанында Орынбор қаласында дүниеге келген ол, 1876 жылы кадет корпусының Азия бөлімін бітірген. Өзі қазақ, парсы, өзбек тілдерін жетік меңгерген. Сол кезден ол қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты деректер мен ауыз әдебиетін жинаумен айналысты. Диваев 1896 жылы 22 қаңтарда Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесіне мүше болып қабылданды, осы барыста ол «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Бекет батыр», «Айман-Шолпан» жырларын, сонымен қатар қазақтың көптеген ертегілері, шешендік сөздері, мақал-мәтелдері, түрлі жанрдағы өлеңдерін жинап, кейбіреуін орыс тіліне аударды. Сырдария қазақтарының өмір-салтынан кең көлемдегі этнографиялық материалдар топтады, әсіресе ұлы мәдениеттің тарихи ескерткіші саналатын «Қорқыт ата» мазарының су шайып, жел мүжіп жоғалу қаупінің жақындап қалғанын жергілікті басқару орындарына ескертіп дабыл қақты. Тіпті, оның ғылымдағы сіңірген еңбегінің өте сүбелі екенін В.В. Бартольд, А.В. Гордлевский, П.М. Мелиоранский қатарлы әйгілі ғалымдар өте жоғары бағалаған. Қазақ даласынан жинаған тарихи-этнографиялық материалдарына сүйеніп 1917 жылға дейін 100-ден астам жазба жариялады. Тек мақал-мәтелдің өзінен 4000-ға жуығын қағаз бетіне түсірді.  Әбубәкірдің қазақ үшін атқарған еңбегі, сүйіспеншілігі мен адамгершілігі, жомарттығы, тағы басқа да толып жатқан қасиеттері туралы ұлт көсемі М. Шоқайдың «Қазақ газетінде» жариялаған мына мақаласынан да көруге болады:  
Мұстафа Шоқайдың Әбубәкір Диваев туралы мақаласы «Біздің қазақ халқын шын көңілмен жақсы көріп, қолынан келген қадірінше қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарында Әбубәкір Диваевтың аты айтылса керек. Әбубәкір мырза көп жылдар Түркістан генерал-губернаторына тілмаш болып тұрды. Қызмет үстінде қазақтармен таныс болып, тілі бай, сөзге шебер екендігін байқап, бұлардың құр арыздарын тәржімә ете бергенді былай қоя тұрып, ертегі, мақал, нешетүрлі өлеңдерін жинаумен болды. Әдейі бұл жұмыс үшін олай-бұлай шығып жүре алмаса да, өзінің таныс адамдары арқылы халық арасында айтылып жүрген белгілі сөздерді жаздырып алып, орыс тіліне тәржімә етумен болды. Әбубәкір мырзаның қолынан шығып таралған сөздер көп. Мысалы: Ерназар Бекет (Бекет батыр), Шора батыр, Алпамыс батыр... Бұлардан басқа нешетүрлі өлеңдер, жар-жар, беташар, бала жұбату, құдалық жайы, біздің кәдімгі аты шулы атқа мінеріміздің жайы, ертегілер, мақалдар...тағы, тағылары толып жатыр. Біраз жылдан бері Әбубәкір мырза денсаулығы нашар болып, бұрынғыдай жаза алмай жүр. Сонда да әлі қазақ өлеңдерін жинаудың соңында. «Құдай сәтін салған кезде тәржімә етермін» дейді. Қазақтың өзінен басқаларға түсінуге қиын бір сөздер кез келіп қиналыңқырамаса, Әбубәкір мырзаның тәржімә еткен тілі тым-ақ жатық. Бұл кісі қазақ халқына ғылым жолымен таныс орыс ғалымдарының бәріне көптен белгілі. Кітаптарының біразын Қазан университеті бастырып шығарған. Биыл Әбубәкір мырзаның бұл қызметіне 25 жыл толды. Газеттің қысқа жолында бұ кісінің бізге қанша пайда келтіргенін айтып шығып болмайды. Бұл жазып отырғанымыз жұртымыздың дос адамына орны келген жерде сәлем беріп өтейік деген. Және бір-екі сөз. Ташкентте оқып жүрген азын-аулақ қазақ балаларына Әбубәкір мырза қолынан келген жәрдемін тартынбай тигізіп жүреді. Әсіресе, Ташкент гимназиясында оқитын бір қазақ баласын өз үйіне, бір тиын пұл алмастан сақтап оқытып жүрді. Ол жігіт гимназияны бітіріп, студент болып жүрген кезінде де таршылықта Әбубәкір мырзадан көп жәрдем көріп тұрды. Әбубәкір ағайға шын көңілімізден рахмет оқып, барек-алла демекті міндетті борышымыз деп білеміз.

Мұстафа Шоқаев, «Қазақ» газеті 1915 ж., #156, 31 қазан»