Соңғы жылдары дүкен сөрелері «халал» өнімге толы. Әрине, адал астың көбейгені қуантады. Сертификатталған «халал» өнімдер қалай тексеріледі? Ауызсудың адалын қайтіп ажыратуға болады? Сауалдарымызға ҚМДБ «Халал Даму» сертификаттау және стандарттау орталығының директоры Айбек Аташев жауап берді.– Айбек Асқарбекұлы, соңғы жылдары «халал» қызметін ұсынушылар да, «халал» өнімдер де көбейді. «Халал» сөзі өнім жарнамалайтын белгі секілді болып кеткен жоқ па?
– Алла Тағаланың құлына деген мейірімінің көрінісі – ризық-несібесін молынан беруінде. Алайда адамдар ризық-несібесіне аса мән бермейді. Алла бізге адал жолмен мал табуды, харамнан алыс болуды әмір етті. Нәпақаны түрлі жолдармен табуға болатындықтан, ислам діні мұсылмандарға тапқан табыстың тек қана адал болуын талап етеді. Алла Тағала Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» деп бұйырды. Сондықтан Алланың бекіткен «халал» таңбасын сауда құралына айналдырып, жарнама ретінде қолдану дұрыс емес. Мәселе таңбада ғана емес, ең бастысы өнімнің расымен шариғат шарттарына сай, халал болуы. Халал өнімнің көбейгенінен күдік іздемей, керісінше әрбір мұсылман тұтынушы адал ас артса, қуану керек.
– Әйтсе де, жұрттың барлығы жаппай шұжық өнімдерін шығарып, «халал сертификатын» алып жатқаны көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Шұжықтарға сертификат қалай беріледі?
– Бүгінде табиғи таза өнімге деген сұраныс күн өткен сайын артып келе жатыр. Танымал адамдардың шұжық, фаст-фуд, БАД секілді өнім түрлерін шығарып, өздерінің шағын кәсіптерін жаппай қолға алғаны рас. Бұл да күнкөрістің қамы. Ал өндірген өнімдері расымен де шариғат шарттары мен халал стандарты талаптарына толықтай сай келсе, неге «халал сертификатын» бермеске?! Қазір адамдар әлеуметтік желілерде отырып, блогерлер мен өнер адамдарының өмірін, тыныс-тіршілігін бақылауды әдетке айналдырған. Ал олар ұсынатын өнімді адамдар ойланбастан сатып алады. Ендеше халық қандай өнім тұтынып жатқанын білуі керек, не алса да адалын алғаны абзал.
– «Ауырған мал етін де шұжық жасайтын жерлерге өткізеді» деген әңгімелер желдей еседі. Өнімнің халал екенін қалай тексересіздер?
– Алла Тағаланың адам баласына арам еткен шектеулі нәрселері Құран Кәрімде толықтай баяндалған. Мейірімі шексіз Жаратушы иеміздің адал еткен нәрселері де шексіз. Сол тыйым салған нәрселердің бірі – арам өлген малдың еті. Қасиетті Құран Кәрімде: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған мал әрі оқтар арқылы талай сынауларың (бал ашуларың) да арам етілді» делінген. Сондықтан арам өлген мал етін шұжық цехтарына өткізу Алла алдында күнәлі әрі адамзат үшін зиянды іс. Мұндай лас тірліктен аулақ болған жөн. Біздің бақылауымыздағы шұжық цехтарына алынатын ет бізден сертификаттаудан өткен қасапханалардан ғана тасымалданады. Кей жағдайда шұжық цехтарының жеке қасапханасы және қасапшылары болады. Малдың сойылуын, тасымалдануын бақылап, әрбір партиясын тексеріп отырамыз. «Халал» сертификатын алуға ниет білдірген ет сатушылардың қасапшыларына оқыту семинарын өткіземіз. Сосын міндеттелген шарттарды толық білетінін тексереміз. Малды ұрмау, соқпау, жәбірлемеу, бір малды екінші мал көрмеу, шариғи тазалық жағынан қойылатын талаптарды түсіндіреміз.
Сертификатымыз бір жылға жарамды. Мамандарымыз кәсіпорын қызметі мен өнімдерін дұрыс деп таныса ғана сертификат беріледі. Компания жыл бойы бақыланады. Кейбір өндірісті ай сайын, кейбірін екі айда бір тексереміз. Бақылаушылар қоймалар мен өндіріс орындарын, сауда орталықтарын арнайы тексереді. Күмәнді жағдай болса, уақытылы шаралар қолданамыз. Келісімшартқа сәйкес кез келген уақытта маркеттерден олардың өнімдерін сатып алып, зертханаға жіберуге құқылымыз. Сонымен қатар біздің сертификатпен өнім өндіруші кәсіпорындарға кез келген уақытта жоспарлы және жоспарсыз, ескерту арқылы немесе ескертусіз тексереміз. Биыл елдегі «халал» белгісін алған кәсіпорындарды өзім және технолог мамандардың қатысуымен түгелдей тексеріп шықтық. Стандартқа сай болмаса ескерту береміз, оған көнбесе сертификатты қайтып аламыз. Сосын ол мекемелердің «халал» белгісімен жұмыс істемейтін, сертификатымызды қайтарып алғанымызды әлеуметтік желі, ресми сайтымыз арқылы көпшілікке хабарлаймыз. Заман ағымына қарай халықтың «халал» туралы дұрыс ақпарат алуы, жеп отырған асының адал екенін білуі үшін де әлеуметтік желілерде парақшаларымызды аштық. Қазір Instagram әлеуметтік парақшамызға жазылушылар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Мұның өзі халал өнімдерге қатысты оқырмандарды қызықтыратын сауалдар көп екенін көрсетеді.
– Сертификат алу ақылы ма?
– «Халал» сертификаты сатылмайды. Тек мамандардың кәсіпорында жүргізілген аудит шараларының жол-шығыны кәсіпорын тарапынан өтеледі, өйткені лабороториялық сынамалар ақылы негізде жүргізіледі.
– «Халал» сертификатын алудың талаптары қиындады ма?
– «Халал» сертификаты – күллі мұсылманның сенімін арқалайтын құжат. «Халал Дамудың» технолог мамандары мен шариғат ғұламаларының еңбектенуімен, халықаралық талап-тәжірибеге негізделген 6 стандарт бекітілді. Кәсіпкер бізге заңды құжаттары мен өнім үлгілерін көрсетіп, өтініш жасайды. Сосын тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасалады. Ары қарай сертификаттау тәсілін анықтап, комиссия кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен танысып, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды. Өнім үлгілерінің құрамын тексеру үшін Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлескен жұмыс жүргізіледі. Бұл – зертхана ең мықты деген заманауи технологияның бірі. Осы арқылы өнімнің құрамында өте аз мөлшерде кездескен доңыздың ДНҚ-сын анықтауға болады. Бұдан бөлек, фиқһ мәселесі бойынша кеңес беріледі. Содан кейін ғана сарапшы комиссия қорытынды шығарады. Мекеме өнімдері мен қызметін бағалайтын актілер бойынша шариғи қорытынды дайындалып, кәсіпорын қызметкерлеріне ҚМДБ «Халал Даму» ұйымы туралы, халал ережелері, стандарт жайында ақпараттар береміз. Ары қарай да оқу семинарлар, тренингтер өткізіліп, сол мекемеге тұрақты бақылаушы ретінде жауапты тұлға бекітіледі.
– Діни басқармадан бөлек «халал» сертификатын беретін «Адал» белгісі бар екенін білеміз. Оның қандай айырмашылығы бар? Кәсіпкерлер сертификатты кімнен алғаны жөн?
– Елімізде халал сертификаттаумен жүйелі түрде айналысып жатқан ҚМДБ ғана. Өйткені халал немесе харам сөздері шариғи термин болғандықтан бұл мәселемен ҚМДБ айналысқаны орынды. Бұл біздің негізгі жұмысымыз. Біздің сертификаттау жұмыстарына облыс, өңірлерде арнайы тағайындалған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі, білікті технолог, қадағалаушы мамандар атсалысады. Өнімдердің құрамында шариғатқа қайшы келетін заттардың бар-жоғын анықтау үшін заманауи технологиямен жабдықталған арнайы ғылыми зертханалар қолданылады. Қазір елімізде ҚМДБ-дан бөлек ерікті түрде кәсіпорындарды стандарттау және сертификаттаумен айналысатын 3-4 жекеменшік мекеме бар. Өйткені бұл қызметке мемлекет тарапынан заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған. Айта кететін дүние, мүфтият үшін халал сертификат беру – табыс көзі емес, шариғаттың талабын орындау. Құдай алдындағы жауапкершілікті түсінуге тиіспіз. Сол үшін біздің сертификатты алу біраз өндірушілер үшін қиындық тудырады. Талап көп, жеңілдік жоқ. Басқалардың «халал» сертификатына күмәнмен қарап, айыптай алмаймыз. Олар адал өнімді қалай тексеретінін не талап етіп жатқанын білмейміз. Оны тұтынушының өзі таңдау керек. Біз сертификат берген өндірушілердің өнімдеріне ғана жауап бере аламыз.
– Сіздердің сертификаттарыңызды алған өнімдер шет елге жарамды ма?
– «Халал Даму» 7 жылдан бері отандық және шетелдік 700-ге жуық мекемеге сертификат берген. Оның ішінде 200-ге жуығы тамақтану орындары. Мысалы, Ресей, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдердің кейбір кәсіпорындары «Халал Даму» белгісімен жұмыс істейді. Өйткені біздің сертификат 2018 жылы Малайзиялық JAKIM ұйымынан аккредиттеуден өткен. Нәтижесінде отандық халал өнімдер әлемнің 50-ге жуық алпауыт еліне «ҚМДБ халал» таңбасымен еш кедергісіз экспортқа шыға алады. Басқа елдегі әріптестермен де тәжірибе алмасып тұрамыз. Мысалы, жақында мамандарымыз Түркиялық SMIIC ұйымынан оқу-тәжірибеден өтті. Ресей мұсылмандары діни басқармасы жанындағы халал стандарттау және сертификаттау органы халал сертификаттау тақырыбында семинар жүргізді. Және де отандық Ұлттық аккредитеу орталығымен тәжірибе алмасып, жүйелі түрде оқу шаралары өткізіліп тұрады. Биыл Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінде болып, «халал» мәселесін халыққа насихаттау, екі елдің халал стандарттау және сертификаттау жүйесінде өзара тәжірибе алмастық.
– Жұмыртқа мен тауық еті, судың халалын қалай ажыратасыздар?
– Қазір халал өнімдердің сұранысқа ие екенін аңғарған көптеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлер «халал» сөзін тауар өткізудің тиімді жолына айналдырды. Судың да сыртына «адал су» деп жазатындар бар. Мүфтият мамандары «Ибн әл-Мунзир «Ғұламалардың ижмағы бойынша еті адал хайуандар ішкеннен қалған су – таза. Оны ішуге және тазалануға қолдануға болады» деп жеткізгенін айтады. Көлемі аз не көп болсын, су табиғи болмысы тұрғысынан таза саналады. Сондықтан суға нәжіс түскенін не тигенін көз көрмейінше, оның сипаттарының бірі өзгергені нақты сезілмейінше, құр бекер судың тазалығына қатысты сезіктенуге болмайды. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Расында, су – таза. Оны ешнәрсе арамдай алмайды» деп айтқан. Таза суға түскен нәжіс оның үш сипатының бірін өзгертсе, ластанған саналады. Ластанған суды тіршілікке пайдалануға, дәретсіздіктен тазару үшін, кір жуу үшін қолдануға болмайды. Бұл – барша ғұламалардың ижмағымен бекіген үкім. Өйткені бұл – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Расында, судың иісі, дәмі не түсі өзгермесе, суды ешнәрсе арамдай алмайды» деген хадисіне негізделген шешім. Ал жұмыртқа мен тауық еті халал не харам болуы орынды. Расында «халал» жұмыртқа дегенді естіген кісі таңғалады. Бірақ оның да халал, харамы болады. Мәселе оны тауық туғанында емес, мәселе сол тауықтың не жегенінде, күнделікті қорегінің рационына байланысты. Қазір көптеген құс фабрикалары күніне 10 мың, 20 мың бас, тіпті 100 мыңдап тауық сойып, етін өткізеді. Ал оның басы, аяғы мен сүйек-саяғы, ішкі органдарын кейбір құс фабрикаларында жемдік азық ретінде береді. Біз жануарлар мен құстарға мұндай жем түрін беруге тыйым саламыз. Ал осындай жеммен қоректенген тауық және оның жұмыртқасы халал емес.
– «Халал» ниетке байланысты да бола береді дегенді естиміз. Шынында солай ма?
– Алла Тағала Құранда астың адалын және тазасын жеуге бұйырды. Демек, алдыңа келген, көзіңе көрінген астың бәрін талғамай жұта беруге болмайды. Астың адалына, тазасына мән беру керек. Адал ас жанға дауа, тәнге шипа. Алла Тағала өлексенің етін, «Біссімілләсіз» бауыздалған малдың, доңыздың етін жеуге және қан ішуге тыйым салған. Сондықтан халал ниетке байланысты мәселе емес, діни мәселе. Соңғы 20-30 жылда әлем елдері халал мәселесіне көп көңіл аудара бастады. Өйткені күнделікті пайдаланып жүрген тағамдарымызға түрлі қоспалар қосылады. Сол үшін астың адалына мән беру құлшылығымыз бен тіршілігіміз үшін маңызды. «Халал» ұғымы ішіп-жеумен шектелмейді, ол әрбір мұсылманның күнделікті өмір сүру салтына айналуы тиіс дүние.